Гүл – Санобар
Ертеде араб елінде бір араб бай өтіпті. Аты Рашид екен. Рашид байдың үш ұлы болыпты. Үлкен ұлының аты Спандияр, ортаншы ұлының аты Алдияр, ең кіші ұлының аты Махамбет болыпты.
Бір күні Рашид бай үш ұлын шақырып алып: «Менің жасым болса келіп қалды, қартайған шағымда сендердің үйленіп, әйел алғандарыңды көрейін. Сендер үйленіңдер», — депті. Бұған екі үлкен ұлы Спандияр мен Алдияр келіседі. Ал, ең кіші ұлы Махамбет келісім бермейді. «Мен әлі жаспын, әйел алмаймын», — деп уәж айтады.
Оған әкесі көнбейді. Ақыры зорлап үйлендіретін болады. Әкесінің көнбейтініне көзі жеткен Махамбет «мейлі, сіздің айтқаныңыз болсын» дейді. Сонда әкесі: «қай байдың қызын аласың?» — дейді. Ал Махамбет әкесіне айтады: «Мен садақ тартамын, садақтың оғы кімнің үйінің есігінің алдында, иә болмаса, төбесінде жатса, сол үйдің ішінде қыз болса да, кемпір болса да, ең арғысы маймыл болса да аламын», — деп, шарт қояды. Бұған әкесі келіседі. Махамбет аспанға қаратып садақты тартып қалады. Сонымен садақтың оғы аспанға зырқырап ұшып кетеді.
Енді Рашидтың екі үлкен ұлы, екі байдың қызына үйленетін болады. Тойға әрекет жасайды. Махамбеттің садағының оғын үш күн іздеп, өздері отырған қаладан таба алмайды. Әкей Махамбетке «Садақтың оғы табылмады, сен Юсуп байдың қызын ал. Екі ағаң мен сенің тойыңды қосып жасаймын», — дейді. Бұған Махамбет көнбейді. Бұдан соң әкесі Махамбетке ашуланып: «Сен менің айтқанымды істемедің, мен сені балам демеймін, қайда кетсең сонда бар!» — деп қуып жібереді. Бұл сөзге өкпелеп, Махамбет беті ауған жағына кете береді. Қалада қалған әкесі үлкен екі ұлының тойы пәлен уақытта болады деп, бүкіл қалаға хабарлап қояды. Махамбет сол кеткеннен кете береді. Бірнеше күн жүргеннен кейін, алдынан бір қалың орман кез болады. Орманның ішінде жалғыз аяқ жолмен келе жатса, алдынан бір жер үй шығады. Сол жер үйдің мандайшасына қадалып, баяғы өзінің садағының оғы тұр екен. Бұны көріп Махамбет қатты қуанады. Жер үйдің ішіне кірсе, бір маймыл отыр екен. Махамбет өзі айтқан сертінен қайтпайды, Маймылды алатын болады.
Бұл жөнінде Махамбет келіп әкесіне хабарлайды. Әкесі Махамбетті ел-жұрттың алдында масқараламақ болып, «ертең той болады, алған маймылыңмен сен де тойға кел», — дейді. Махамбет маймылға қайтып келеді. Маймылға ертең тойға баратынын айтады. Сонда маймыл Махамбетке: «Мен маймылмын, сен менімен тойға ұялмай қалай барасың?» — дейді. Сонда Махамбет болған оқиғаның бірін қалдырмай айтып береді, маймылға. Өзінің оған үйленетінін айтады. Маймылдың «мен хайуанмын, қалай ұялмай үйленесің» дегеніне Махамбет: «Құдайдың маған жазғаны — сенсің. Сондықтан мен сені аламын және ертең тойға барамыз»,—дейді.
Сонымен ертесіне Махамбет маймылға: «Тойға жүр», — дейді. Маймыл: «Егер сен шынымен мені алатын болсаң, маған серт бер», — дейді. Махамбет серт береді. Содан соң маймыл сыртындағы кебін шешіп тастайды. Маймылдың терісін киген бір ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, бір өте сұлу қыз екен.
Қыз Махамбетке айтады: «Біз тойға барған соң шарап ішкізеді. Сен шарап ішпе. Егер шарап ішсең, мен саған жоқпын»,—дейді. Сонымен Махамбет шарап ішпеуге келіседі.
Қаланың халқы тегіс «Махамбет маймылмен қалай тойға келер екен» деп, күтіп тұрады. Олардың ойы «Махамбет маймылмен келетін болды» дейді. Ал қалаға Махамбет маймылмен емес, керемет бір сұлу қызбен келе жатқанын көріп, тегіс таң қалады. Қыздың сұлулығына бүкіл ел болып, таң қалысады. Махамбетті еркектердің ішіне, оның қызын келіншектердің ішіне кіргізеді. Той думан бола береді. Алғашқы екі күн Махамбет қалай зорласа да, ешқандай шарап ішпейді. Үшінші күн болғанда әкесі Рашид: «Егер сен менің ұлым болсаң, осы шарапты іш»,—деп Махамбетке шарап ұсынады. Махамбет әкесінің сөзін қимай ішіп жібереді.
Шарапты ішіп, кесені әкесіне берген заматта есіктен бір қыз келіп, Махамбеттің келіншегі терезені сындырып, көгершін болып, ұшып кеткенін хабарлайды. Бұған Махамбет өте қатты қапаланып, үйден шығып, басының ауған жағына кете береді.
Арада қанша жүргені белгісіз, Махамбет бірнеше күн жүріп, қалың бір тоғайға, орманға кездесіп, орманды аралап кете береді, кете береді. Орманның орта шеніне барған кезде, айқайласып, дауласқан адамзаттың дауысын есітті. «Бұл не дауыс» деп жақындап келсе, үш дәу өзара төбелесіп жатады. Махамбет дәулерден қорқып жасырынып, ағаш-ағаштың тасасымен қаша жөнеледі. Сол кезде дәудің біреуі көріп қалып: «Ей, адамзат, бері кел, біз сені өлтірмейміз. Біздің арамызда аздап дауымыз бар еді. Соған сен билік айт»,—деп шақырады. Бұны естіген Махамбет «не де болса барайын, егер менің айтқаныма көнсе дауларын шешіп берейін» деп ойлайды да, дәулерге барады. Дәудің біреуі Махамбетке былай дейді:
Біз ағайынды үш жігітпіз. Ең үлкені — мен. Мына екеуі менің інім. Әкеміз өлді. Әкеден мирас болып үш нәрсе қалды. Бірінші нәрсе кілем деп, жерде жатқан кілемді көрсетті, екіншісі — дастарқан, үшіншісі — қалпақ. Осы үш нәрсені өзара бөлісе алмай таласып жатқанымызда сені көрдік. «Көлденең кездескен көк атты Қыдыр» деген, осы нәрсені сен бізге бөліп бер. Сенің билігіңе көнеміз, — дейді. Бұлардың айтқанын тыңдап болып, Махамбет «бұл үш нәрсені бөлісе алмайтұғын, бұлардың қандай қасиеті бар» деп сұрайды. Сонда жаңағы ең үлкені мен деген дәу былай деді:
Бұлардың қасиеті: кілемге мініп, «мені пәлен жерге апар» десең болғаны, кілем ұшып қалаған жеріңе жеткізеді. Қалпақты кисең ешкімге көрінбейсің, дастарқанды жайсаң әртүрлі тағам дайын бола қалады. Қандай тамақты қалауыңыз біледі.
Бұдан кейін Махамбет біраз ойланып тұрып: «Жарайды, егер маған көнсеңдер, мен бөліп берейін» — дейді. Махамбет былай деді:
— Мен мына садақты атамын, кімде-кім бұрын барып, садақтың оғын әкелсе, оған кілем берейін. Екінші келгенің калпақты, ал үшіншіңе дастарқанды беремін. Осыған келісесіңдер ме? — деп сұрады. Бәрі бір ауыздан «дұрыс, келістік» деді. «Олай болса, сендер қатар тұрыңдар, мен садақты тартқанымда үшеуің бірден жүгіріңдер», — деді Махамбет.
Сөйтіп, Махамбет садақты аспанға қарай атып жібереді. Үшеуі бірдей садақтың оғының соңынан жүгіріп кеткенде, Махамбет қалпақты басына киіп, дастарқанды қалтасына салып, кілемге мінеді де, «мені Шам қаласына апар» деп, ұшты да кетті. Үш дәу садақтың, оғына жетіп, бір-бірімен төбелесіп, ақыры ең үлкені екі інісін жеңіп, өлдім-талдым деп, Махамбетке келсе, ол кетіп қалған, орнын сипап қалады. Әлден уақытта екі інісі келеді. Олар да Махамбеттің кетіп қалғанын көріп, сандарын ұрып алданғанын біледі.
Махамбет сол ұшқаннан ұшып отырып Шам қаласына келеді. Қаланың шет жағына орманның арасына келіп, дастарқанды жайып жіберіп, әртүрлі тамақтардың атын атап тұрып, «дайын бол» дейді. Тамақ әп-сәтте дайын бола қалады. Тамаққа әбден тойып, қалаға келеді. Қалада бір саудагерден «Ахмед деген кісінің үйі қайда» деп сұрайды. «Менің әкемнің аты Ахмед» деп, Махамбеттің қызы—аты Жамила бір сөзінде айтқан болатын. Әлгі саудагер жігіт Махамбетке айтты: «Ахмедтің үйі осы қаладан жиырма шақырым жерде, күннің батысына қарай жүрсең, алдыңнан үлкен бау кездеседі. Сол бау Ахмедтің бауы»,—дейді.
Махамбет бұл қалаға сәске түсте келген болатын. Саудагерге рақмет айтып, Махамбет ормандағы тығып қойған кілемге мініп, Ахмедтің бауына келіп қонады. Махамбет «енді қалпақтың кереметін көрейін, кілем мен дастарқанның қасиетін көрдім ғой» деп, қалпақты басына киіп, бауды аралап келе жатып, хауыздың жанында суға шомылып жатқан үш көгершінді көреді. Көгершіндер суға шомылып болып сілкініп, сілкініп жіберіп, үш қыздың бейнесіне түсіп үйлеріне қарай кетеді. Сол жерде Махамбет өзінің қызы Жамиланы тани кетеді. Бірақ дыбыс шығармай, қыздардың артынан жүре береді. Махамбет Жамиланың кірген бөлмесіне қоса кіреді. Енді Махамбеттің қызға көрінбейтініне көзі жетті. Жамилаға күтуші әйел тамақ әкеліп береді, Тамақты Махамбет қосыла жейді. Тамаққа Жамила тоймай қалады. Бірақ Жәмила ойлайды: «Бұл қалай, күнде тап осындай тамаққа тоятын да едім және қалып қоятын еді. Ал бүгін тоймай қалдым, себебі қалай»,—деп ойға кетеді. Бірақ сыр бермейді. Сол күні Махамбет Жамиланың қасында қонып шығады. Ертесіне Жамила әкелген тамаққа тағы да тоймай қалады. Жамила ойланды «бұл қалай, кеше де тамаққа тоймай қалдым, бүгін де солай. Осы маған не болды? Қайтадан тамақ сұрағаным ұят та» деп тамақ сұрамайды. Ал күтуші әйел де өзінше сезіктенеді. Күнде Жамила тамақтың жартысын жемей қайтарып беруші еді, екі күннен бері еш тамақ қайтпайды. Бұған не болды деп ойлайды. Сөйтіп, Махамбет үш күн Жамиламен бірге тамақтас болады. Үш күнде де тамаққа тоймайды. «Бұл қалай, бұнда бір сыр бар, тегін емес» дейді ішінен Жамила. Төртінші күн болғанда Жамила дауыстап: «Менің қасымда біреу барсың, кім де болсаң көрін маған, мен саған еш нәрсе істемеймін»,—дейді.
Осы сөзден кейін Махамбет басындағы қалпағын алып, Жамилаға көрінеді. Жамила Махамбетті көріп, аң-таң қалады. Сол жерде екеуі табысып, бірнеше күн бірге болады. Сонан бір күн Жамила әкесіне барып айтады. «Егер менің бұрынғы күйеуім Махамбет келсе, сіз қосылуға рұқсат етесіз бе?» — дейді. Әкесі айтады:
— Егер сені іздеп келсе, мен ұрықсат етемін, — дейді. Бұл сөзді Жамила келіп Махамбетке айтады. Махамбет қалпақты орманға жасырып қойған кілемнің қасына қояды да, өзі келіп Жамиланың әкесі Ахмедтің бөлмесіне есігін қағып кіріп келеді.
Есіктен келген жігітті Ахмед танымайды. Жөн сұрасады. Махамбет өзін Жамиланың күйеуі екені, оны егер рұқсат етсе, алуға келгенін айтады. Сонда Жамиланың әкесі Ахмед: «Менің қарсылығым жоқ, шын алғың келсе, күн батыста Македони дейтін қалада Санобар деген хан бар. Сол ханның құпия әңгімесі бар. Сол әңгімені естіп келіп маған айтсаң, қызымды беремін, болмаса бермеймін»,—дейді. Бұған Махамбет көнеді. Бірақ Жамила қапа болып жылайды. Себебі Санобар барған адамға әңгімесін айтады екен де, басын кесіп өлтіреді екен.
Махамбет кілеміне мініп, Македони қаласына келеді. Хан Санобардың қақпасына келіп, қақпада «мен қонақты жақсы қарсы алып күтемін. Қонақ менен ешқандай әңгіме сұрамасын. Егер әңгімесін сұраса айтамын. Әңгіме аяқталғасын басын аламын. Осыған көнген адам ғана менен әңгіме сұрасын» деген жазуды Махамбет оқып, кілемін, дастарқанын бір-біріне орап, орманға тығады. Қалпақты әжетханаға тығып қояды.
Сөйтіп, Махамбет хан Санобардың есігін қағады. Есікті жасауылдар ашып, келген кісіге не керек екенін сұрайды. Махамбет Санобарға келгенін айтады. Жасауылдар Махамбеттен «есіктегі жазуды оқыдың ба» деп сұрайды. Ол оқығанын айтады. Бұдан кейін Махамбетті
Санобарға алып келеді.
Санобар Махамбеттен неге келгенін сұрайды. Махамбет оған «әңгімеңді есітейін деп келіп едім» дейді.
Сонда Санобар: «Мен әңгімемді айтамын, әңгімені айтып болған соң басыңды аламын. Осыған келісесің бе?»—дейді. Махамбет «келісемін» дейді. Әңгімеден бұрын Санобар мен Махамбет тамақ жейді. Өздері жеп болған соң, Санобар қалған тамақты алдымен итке береді. Сонан соң торға салып қойған көгершінге береді. Көгершін тамақты жемейді. Санобар бір адамның бас сүйегін бас салып ұра береді. Сонан соң көгершін тамақты жейді. Мұны Махамбет көріп отырады.
Осыдан кейін Махамбет шартқа қол қояды. Санобар әңгімесін бастайды.
Санобардың әңгімесі
«Мен осы қалаға ханмын. Атым — Санобар. Әйелімнің аты — Гүл. Сондықтан менің әңгімем Гүл — Санобар деп басталады.
Мен жорықта алты айдай жүріп келдім. Үйге келгеннен кейін ойымда еш нәрсе жоқ әйеліммен бірге тұра бердім. Бір күні ұйықтап кеткен екенмін, ояна кетсем касымда әйелім жоқ. Далаға шығып кеткен шығар деп жата бердім. Бірақ таң атқанша әйелім келген жоқ. Таң атып келе жатқанда есікті жай ғана ашып, әйелім келді. Мен өтірік ұйықтаған болып жатырмын. Әйелім жаймен келіп шешініп, маған сездірмеген болып, келіп қасыма жатты. Мен де еш нәрсе сезбеген кісіге ұқсап жата бердім. Таң атқан соң күндегіше тұрып, тамақ ішіп, әркім өз жұмысымен болып кетті. Кешке тамақ ішіп, күнделікті жататын уақытта төсекке жатып ұйқыға кеттім. Түн ортасы болды-ау деген кезде әйелім, шамасы, мені ұйықтап қалды деген болуы керек, жаймен төсектен тұрды. Менің жорыққа киетін сауытымды киіп, кару-жарақтарымды асынып, жай басып үйден шықты. Оның артынан білдірмей мен де шықтым. Әйелім ат қораға барып, менің атымды ерттеп мінді де кете барды.
Мен қайтып келіп төсегіме жатып ұйықтадым. Таңертең әйелім қасымда жатыр екен. Ол да, мен де баяғыдай еш нәрсе білмегенсіп жүре бердік. Сөйтіп, бір жеті уақыт өтті. Күнде әйелім менің сауытымды киіп, қару-жарығымды асынып, атты мініп кетіп қалады да, таңертең қайтып келеді.
Бір жеті өткеннен кейін әйелімнің қайда баратынын білгім келді. Сөйтіп, әйелімнің артынан бір мінезі шәлгездеу атқа мініп аңдып жүрдім де отырдым. Менімен бірге мынау итім де бірге жүрді деп, әлгі тамақ әкелген итті нұсқап бір қояды.
Әйелім қаладан шығып күншығыс жақтан тауға қарай кетіп бара жатты. Тауға жетіп әйелім ысқырып жіберіп еді, он шақты атты адам алдынан шығып, әйелімді қарсы алды. Аттан түсіріп алып, бір үңгірге кіргізді. Біраздан соң әлгі әйелім кірген үңгірге мен де кірдім. Үңгірдің ішінде қырық шақты ат байлаулы тұр екен. Сол аттардың арасына атымды мен де байладым. Үңгірдің екінші жағындағы көрінген шамның жарығына қарай барып, жарық көрінген саңылаудан қарасам, іші толған дәулер. Нақ төрде менің әйелім, қасында бір дәу, шарап ішіп сүйісіп отыр екен. Көргеннен ашуым келіп кіріп барғым келді. Бірақ олар көп, мен бір өзім және итім бар, күшім жетпейді ғой деп, өзімді тоқтаттым. Мен әңгіменің басында айттым, мінген атым мінезі шәлгездеу еді деп. Біраздан соң атым қасындағы аттармен тебісе бастады. Мен үйден шығарда айбалтамды ала шыққан болатынмын, мен тесіктен қарап тұрмын, ат тебіскен соң төрде отырған дәудің өзі бір кісі жұмсады. «Неге ат тебісіп жатыр. Барып біліп кел» деп. Ол кісі есіктен шығысымен мен айбалтамен басын шауып тастадым.
Әлден уақытта ат тағы тебісті. Әлгі дәу тағы бір кісіні жұмсады. «Сен барып білші. Жаңағыдан хабар жоқ. Ол неғып жатыр екен». Бұны да айбалтамен басын шауып тастадым. Сонымен не керек, шарапқа әбден тойған дәу адамның азайғанын елең қылар емес. Өйткені қасында сылаңдап менің қатыным отыр, мойнына асылып, назданып.
Сөйтіп, адам азайып, дәудің қасында тағы бір адам және менің әйелім үшеуі ғана қалды. Адамының далаға шығып келмей қалғанына дәу ашуланып: «Әй, сен барып білші, жаңағыларды біреу байлап қойды ма, не болды»,—деп қасындағы адамды жұмсағанда, онсыз да екі адамға, мен итім екеуміздің де күшіміз жететін шығар деп, кірейін деп тұр едім, «Мен оларды байлап қойған» деп, айғайлап кіріп келдім де, айбалтамен әйелімнің қасында отырған дәуді қақ бастан періп қалдым. Бірақ дәу солға қарай жалт ете қалғанда, айбалтам басқа тимей, оң иығын шауып түсті. Ал итім екінші кісіні алқымынан алып, кеңірдегін суырып алды. Дәу бір қолмен менімен алыса кетті. Бір қолымен де маған әл беретін емес, егер итім келіп шаптан алмаса, сонан итім дереу шаптан алып, шабын жарған соң, әлсіреп барып құлады. Құлаған кезде мен оның басын кесіп, қанжығама байлап үйге келдім. Атты қораға байлап, дәудің басын алып үйге келсем, әйелім ашулы отыр екен. Мені көре сала бетіме бір уыс топырақты шашып жіберіп, «қызғыш бол» деп, шыбықпен тартып жіберіп еді, мен қызғыш құс болдым да шықтым. Ал әйелім дәудің басын құшақтап жылай берді.
Бұл жерде бір айта кететін әңгіме — мен дәумен алысып жүргенде әйелім үңгірден сытылып шығып кетіпті. Мен қызғыш құс болып далаға шығып кеттім. Әйелімнің не халде екенінде хабарым жоқ. Көшеде мені балалар ұстап алып ойнап, әбден зықымды шығарды. Көп баланың ішінен бір ересектеуі кешке қарай үйіне алып барды. Торға салып су, тары берді. Бұрын жеп көрмеген тарыны аздап қарным ашқан соң, шоқып қорек еттім. Ертесіне әлгі бала мені ойнау үшін көшеге алып шықты. Кешке шейін балалардың ойыншығы болып, бірқанша жыл жүрдім. Әбден өлер болдым. Арықтадым. Бойдан қуат, білектен күш кетті. Жыл артынан жыл өтті. Күндердің күнінде есебін тауып, бір түнде әлгі мені бағып жүрген баланың үйінен қашып шықтым. Сол кеткеннен айдалада тау-тастың арасында өзіммен-өзім болып жайылып жүрген кезімде бір қырғидың жанымды көзіме көрсетіп қумасы бар ма? Өлдім-талдым деп, әрең дегенде құтылдым-ау, әйтеуір. Есімді жиып отырып, әйеліме барғым келді. Еңірей отырып үйіме келдім. Келсем әйелімнің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, мені ойлайтын ол жоқ, ойлайтыны ашына дәуі екен. Дәудің басын масатыға орап қойған. Сағынғанда қарап дауыс қылып жылап алады екен. Менің келгенімді алғашқыда байқамай қалды. Біраздан соң ол көзі түсіп кетіп: «Ей, сен әлі тірімісің?» — деп бір қарады да, «бишара, әбден жүдеген екенсің, енді сені» деп, ішінен бір нәрсе оқыды да, шыбықпен салып қалып, «әңгі есек бол» деді.
Мен лезде қызғыш құстан әңгі есекке айналдым да кеттім. Әйелім «бишара, әбден жүдеген екенсің» дегенде, мен ойлаған едім, «маған жаны ашып, енді мені адам қалпына келтірер» деп. Есек болғаныма өте қатты қуандым. Себебі, қызғыш құстан гөрі әлдірек болдым ғой деп. Бірақ көп ұзамай ол ойым бекер болды. Себебі, қысы-жазы бірдей үстімнен жүк түспейтін болды. Жейтінім аттардан, сиырлардан қалған шөптер. Жаз болса соқаға қосып, жер де жыртады. Әрнемені бір сылтауратып басымнан таяқ кетірмейді. Сөйтіп, есек болып, тағы бірнеше жыл жүрдім. Әбден арықтап, еттен ажырап, қу сүйек пен тері қалдым. Арқама, жоныма ұрған таяқ, тасқа тигендей дың ете қалатын болды. Әбден көтерем болдым. Сонан бір күні бұрынғы әдісі бойынша үшкіріп жіберіп, «ит бол» деп, шыбықпен салып қалды, әп-сәтте сары төбет болдым да шықтым.
Сары төбет болған соң, айдап отырып базарға бардым. Базарда бір ет сатқан қасапшының дүкенінің қасында жаттым да қойдым. Қасапшы маған сүйек-саяқ, еттің бөлек-салағын берді. Ертесіне тағы сол қасапшының дүкеніне келдім. Мен келе жатқанда басқа иттер жылысып кете беретін болды. Мен әбден әлгі қасапшыға үйреніп алдым. Бір-екі жыл өткен соң, әбден күштеніп алып, бір күні мал базарға бардым. Мен адамның сөзіне түсінемін. Бірақ сөйлей алмаймын. Базар тарағанша сонда болдым. Менің мал базарға бару себебім, менің Мысыр қаласында Аббаз деген жолдасым болатын. Соның Ләйла дейтін қарындасы сиқыр оқуын оқыған. Соған жетсем, ол мені адам қалпыма келтірер деген ойым еді. Сөйтіп, базар тарқағанда бірнеше саудагерлер көптеген қой сатып алып, қаланың шетіне қарай айдап жүрді.
Мен осы саудагерлердің соңынан қалмадым. Қаланың шетінде тіккен шатыры бар екен. Қойларды сол шатырдың жанына айдап келді. Кешке қарай бір қой сойып тамақ жеді. Саудагердің біреуі, есіктің алдында жатқан мені нұсқап: «Мына ит мана базардан шыққаннан біздің соңымыздан қалмады. Өзі бір қасиетті ит болу керек. Ұрмаңдар, қайта сорпа-су беріп үйрете беріңдер. Түбі керек болар»,—деді. Саудагерлердің сөз тұрпатына қарағанда Мысыр қаласына баратын көрінеді.
Сонымен саудагермен ілесіп кете бердім. Түнде қойды күзетемін. Ешқандай қасқыр жолатпаймын қойларға. Менің түнімен қой күзеткенім саудагерлерге өте қатты ұнап, маған тамақты жақсы беретін болды.
Арада бірнеше ай жүріп, ақыры Мысыр қаласына да келдім. Қаладан іздеп жүріп, Аббаздың үйін де таптым. Үйіне барып, есігінің алдында Аббазға қарап жатып алдым. Аббаз маған қарап, қарындасы Ләйланы шақырып алып: «Мына иттің көзі адамның көзіне ұқсайды. Кітабыңды ашып көрші. Біздің Санобар емес пе екен? Оның қатыны сиқыр оқуын оқыған еді. Сол қатын оған бір қастық істеген болар»,—деді. Ләйла дереу кітабын ашып жіберіп еді, «Бұл ит емес, адам»,—деді. Дереу өзінше бірдемелерді оқып, маған «түфу» деп, дем салып еді «адам бол» деп, мен баяғы Санобар қалпыма келдім де қалдым. Сол жерде көрісіп табыстық. Мен бастан кешкен оқиғамды тегіс айтып бердім. Мен Аббаздың үйінде бір-екі жыл жүріп, әбден өзіме-өзім келген соң, ауылға қайтуға Аббаз бен Ләйладан рұқсат сұрадым. Олар маған ризалығымен ұрықсат берді. Кетерде Ләйла айтты:
— Сен еліңе барсаң, сенің әйелің саған тағы қастандық істейді. Сондықтан сен мына аятты жаттап ал. Осы аятты айтсаң, сен адам түрінен өзгеріп, қалауың бойынша не болам десең боласың. Сөйтіп, тағы бір сиқыр оқуын үйретті: «Мұны айтып қатыныңды қандай айуан етемін десең де еркің, бірақ, — деді Ләйла маған, — сенің қатының сиқыр оқуын оқыған адам, егер есек, ат істесең, аузын шөпке, ернін суға тигізбе. Тигізсең болғаны, ол дереу өзгеріп, суға тисе, балық болып кетеді. Сонан кейін сені тағы айуан етіп жібереді», — деді.
Бұл айтқанның бәрін мен көңіліме түйіп алдым. Бірнеше күн жүріп елге келдім. Адам күйімде әйеліме көрінуге қорықтым да, әйелімнің жатқан бөлмесінің тұсынан өзім тышқан болып тестім. Сөйтіп, әйелімнің жатқан төс ағашының астынан шықтым. Әйелім ұйықтап жатыр екен. Баяғы Ләйланың үйреткен сиқыр оқуын айтып, өзім адам қалпыма келіп, бір уыс топырақты шашып жіберіп, «көк байтал бол» деп, шыбықпен тартып жібердім. Әп-сәтте әйелім көк байтал бола қалды. Мен оны ұстап алып ерттеп, бәйге, көкпар шауып жүрдім. Бірақ баяғы Ләйланың айтқаны есімде бар, аузын шөпке, ернін суға тигізбей, басын қаңтарып байлап қоямын.
Бір күндері көк байтал арықтап өлуге келді. Сонан соң сиқыр оқуын оқып, «көк көгершін бол» деп, шыбықпен салып қалдым. Анау тордың ішінде тұрған көгершін, сол менің әйелім — Гүл.
Әлгінде тамақ жегенде алдымен итке беруімнің себебі — мені өлімнен құтқарған итім болған соң, оған бірінші бердім тамақты, иттен қалғанын тордың ішіндегі көгершінге берген себебім болса, ол маған қастық ойлаған әйелім болған соң, ол маған иттен жақын емес.
Көгершін тамақты жемеген соң, мен адамның қу басын ұрдым, ол баяғы өзім кесіп алған әйелімнің көңіл жақыны дәудің басы. Мен бас салып басты ұрсам, әйелім ызаланып тамақ жейді. Міне, менің әңгімем осымен аяқталды.
Енді уәде бойынша мен сенің басыңды аламын», — деді Санобар Махамбетке.
— Менің өлер алдында сізден бір өтінішім бар, — деді Махамбет Санобарға. Санобар: «Ол қандай өтініш, айт», — деді. Махамбет айтты: «Өлер алдымда мен әжетжанаға дәретке отырып алайын. Сонан кейін не істесең де еркіңіз», — деді. Бұған Санобар келісті. Махамбет әжетханаға барып, баяғы өзі тығып қойған, кисе көрінбейтін қалпағын киіп, Санобарға көрінбей қашып кетіпті.
Сөйтіп, Жамиланың әкесіне келіп, Санобардың әңгімесін айтып, уәде бойынша Жамилаға үйленеді. Әкесі отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, Жамиланы Махамбетке қосады.
Ең бірінші рет Санобардың әңгімесін елге жайған Махамбет екен. Егер Махамбет болмаса, Санобардың әңгімесі осы кезге дейін ел аузына таралмас екен.