Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Гипноз туралы ақиқат пен аңыз

Сананың ерекше күйі – гипноз туралы адамдар ежелден-ақ білген. Сол кездің өзінде-ақ осы құбылыс туралы аңыздар көп айтылатын, өйткені гипноз техникасын таңдаулылар ғана меңгерген.

Ал сырын білмейтін адамдарға ол құпияға толы, сиқыр болып көрінетін. Әйтсе де, қазірдің өзінде бұл феномен солай қабылданып келеді.

Хайуанаттар әлеміндегі гипноз

Гипноз адамнан бұрын пайда болған деп айтуға толық негіз бар. Оған дәлел – кейбір жануарлардың гипноз жасау қабілеті:

- Жыландардың кейбір түрлері дарынды гипнозшы деп қабылданады. Олар құрбандығын арбап, бір орнынан тапжылмайтын етіп шегелеп тастай алады;

- Каркатица кесірткесі де гипноз жасай алады. Олар әдетте түсін өзгертетін қабілетке ие. Осы тәсілді кесіртке қоршаған ортамен тұтасып кету үшін ғана емес, құрбандығын алдап, жаңылдыру үшін де қолданады.

Кей жануарлар (бақа, тауық, теңіз шошқалары, тышқандар) қатты үрейден транс сияқты катаплексияға түсіп қалуы мүмкін. Бұлар сол тапжылмаған күйінде бірнеше сағат бола алады. Алайда, катаплексия гипнозға ұқсағанымен, оған мүлде қатысы жоқ.

Гипноздың түп-тамыры

Гипноз алғаш рет біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда аталады. Ежелгі Египет пен Грекияда ұйқы ғибадатханалары болған. Ғалымдардың пайымдауынша, ол жерде адамдарды гипноздық транс күйіне түсіретін. Гипноз көмегімен болатын транс күйі туралы Ибн-Сина да жазып кеткен.

Гипноздың емдеу практикасындағы алғаш қолданылуы

Ғалымдар гипнозды шындап тек XVIII ғасырдың аяғында ғана қарастыра бастады. Ғылымдағы осы құбылыстың атасы деп Венадан шыққан дәрігер Франц Антон Месмер аталады. Ол жас кезінде магнитпен емдеу техникасын үйреніп, кейіннен, адамды емдейтін магниттердің өзі емес, табиғи магнетизм құбылысы («месмеризм») деген байламға келеді. Осы терминмен Месмер пациенттерінің гипноздан ұйқыға кету құбылысын атады. Дәрігер бекзадалар ортасындағы емделушілері арасында жылдам танымал болып кетті. Алайда, теорияға қарсы шыққандар «месмеризмді» алаяқтық, Месмердің өзін алаяқ деп жариялады. 

Франц Антон Месмер

Ал «гипноз» терминінің өзіне келер болсақ, оны 1843 жылы Шотланд хирургі Джейсмс Брейд енгізген. Бұл сөзді ол грек тілінен алған, қазақша «ұйқы» деген мағынаны білдіреді. Бұл феномен атауы кездейсоқ емес, өйткені гипноздан кейінгі транс күйінде адам ұйқылы-ояу екі күйдің арасында болады.

Бұл феноменді зерттеуде орыс ғалымдары Иван Петрович Павлов пен ВладимирМихайлович Бехтеревтің де еңбегі бар. Гипноз Зигмунд Фрейдтің де сүйікті емдеу тәсілдерінің бірі болған: соның көмегімен ол пациенттерінің санасының терең қатпарында жатқан, психикасына жара салған оқиғаларды шығарып отырған.

Бұл техниканы америкалық психиатр Милтон Эриксон да көп қолданған. Соның арқасында қазіргі психиатрияда «эриксон гипнозы» аталатын техника лайықты орын алды: ондай гипноз кезінде науқас транс күйіне енгізіледі де, содан кейін терапевтпен ерекше бейнелі тілді сөйлесе бастайды.

Гипноздың анықтамасы

Ғылымда әлі гипнозға нақты анықтама берілген жоқ. Бірнеше болжам ғана бар. Ең көп таралғандарын ғана атап өтейік:

- Бұл – адамның зейіні төмендеп, оны кез келген нәрсеге сендіруге болатын сананың ерекше күйі.

- Бұл – адамның психикасына да, физиологиясына да ешқандай әсер болмайтын құбылыс, ал гипноздық транс – адам өз еркімен, гипноздың бар екеніне сенетіні себепті түсетін күй.

Гипноздың сатылары

Гипнозда бір-бірінен тереңдігімен ерекшеленетін бірнеше негізгі фаза бар:

Теңестіретін — пациенттің кез келген тітіркендіргіштерге әлсіз реакция танытуымен сипатталады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, гипноздың алғашқы сатысында адам бәріне немқұрайды қарайды, оны ұрып жатсаң да, жай ғана түртсең де –оған бәрібір болады.

Парадокс — әлсіз тітіркендіргіштерге күшті реакция, күшті тітіркендіргіштерге – керісінше – әлсіз реакция болады. Бұл сатыда пациент гипноз жасаушының (ол – әлсіз тітіркендіргіш) сөздерін бәрінен жақсы қабылдап, оны даусыз ақиқат деп есептейді.

Сомнамбулалық — бұл сатыда пациентті ештеңемен таңқалдыру мүмкін емес. Ол кез келген нәрсеге айналып, жоқ ауру сезімін сезініп, тіпті суық заттан күйіп қалуы (сол жерде күйген із де қалады) мүмкін.

Гипноз сатыларының ішіндегі үшінші саты –өте сирек кездеседі, тек 20% жағдайда ғана болады.

Гипноз туралы кең тараған мифтер

№1миф — гипноз қауіпті және зұлым күштермен байланысты. Шын мәнінде, ол еш зияны жоқ күй, сиқырға да, зұлым күштерге де еш қатысы жоқ. Бұл әлі толық зерттеліп болмаған физиологиялық күй ғана және кәсіби маманның қолында ешқандай қаупі жоқ.

№2 миф— жақсы гипнозшы бір сеанстан-ақ бар ауруды жаза алады. Мәселеден құтқару үшін бір сеанс аздық етеді, көбінесе 6-10 сеанс гипнотерапия жасау керек.

№3 миф— маған гипноз жасау мүмкін емес. Әр адам бір рет болса да, гипноздалған күйге түсіп көрген. Ол – табиғи гипноз, физиологиялық транс – ойшылдық, аулақтау, тұнжырау. Психика артық салмақтан осылайша арылады. Мұндай күй адамды ұйқыға кетер алдында және оянғаннан кейін меңдейді.

№4 миф— гипноз тек интеллекті төмен, психикасы әлсіз адамдарға ғана әсер етеді. Шын мәнінде, гипноздық транс күйіне түсі үшін адам зейінін шоғырландыруға қабілетті болуы керек, ал бұл тек психикасы тұрақты адамдардың ғана қолынан келеді. Ал интеллект деңгейі гипнозда ешқандай маңызы жоқ, ақылды адамдарды да сендіруге болады.

№5 миф— гипноз жасаушылардың бәрі – сырт келбеті ерекше жандар. Кәсіби гипноз жасаушылардың сырт келбетінде ешқандай өзгешелік болмайды, өзге адамдардан ерекшеленбейді, ал құшынаштанып жүретіндер – алаяқтар.

 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама