Photo: Aleksandar Andreev (https://www.pexels.com/@andreevaleksandar) / Pexels
- 18 мам. 2026 03:31
- 18
«Интимдік видеолар – махаббаттың дәлелі емес, қауіпті құрал»: Ләйлә Сұлтанқызы жастарға ескертті
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желіде интимдік сипаттағы фото мен видеолардың таралуына қатысты алаңдаушылық білдіріп, жастарға маңызды ескерту жасады. Ол мұндай материалдардың ешқашан махаббаттың дәлелі бола алмайтынын, керісінше, болашақта өздеріне қарсы қолданылуы мүмкін қауіпті құралға айналуы ықтимал екенін айтты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жеке мәліметтердің қаупі
Сұлтанқызының айтуынша, қазіргі қоғамда адам туралы жеке мәліметтердің телефонда сақталуы және оның тарап кетуі үлкен қауіп төндіреді. «Қазіргі таңда ең қауіпті нәрсе – қару емес, адам туралы «компроматтың» телефонда сақталуы мен оның таратылуы. Жеке шекара, рұқсат, этика деген ұғымдар жойылып барады. Бұрын «жаным» деген адам, кейін ашуымен, хайп үшін немесе абайсызда сіздің ең әлсіз жеріңізге соққы бере алады», – дейді ол.
Махаббат пен манипуляция
Тележүргізуші махаббатқа сенуге болатынын, бірақ өз қауіпсіздікті ешқашан ұмытпау керектігін баса айтты. «Интимдік фото, видео, пароль, жеке хаттар – бұлардың ешқайсысы да біреуге дәлелдейтін махаббат емес. Бұл – ертеңгі күні сіздің өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін құрал. «Маған сенбейсің бе?», «Мен ешкімге көрсетпеймін», «Біз отбасы боламыз ғой» деген сөздерге сеніп, манипуляция мен шантаждың құрбаны болмаңыздар. Махаббат дәлелдеуді сұрамайды. Өзіңізді қорғаңыз, өзіңізді сыйлаңыз. Себебі интернетке кеткен кез келген ақпарат ешқашан толық өшпейді», – деп кеңес берді Ләйлә Сұлтанқызы.
Заңды жауапкершілік
Сонымен қатар, ол заң талаптарын да еске салды. «Біреудің интимдік фото немесе видеосын рұқсатсыз тарату – қылмыс. Мұндай әрекеттер үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылған», – деп қорытындылады ол.