- 21 қыр. 2019 00:00
- 344
Жағалбайлы
(І нұсқа)
Алау батырға Құдаһияр деген бір жігіт бала: «Құддыс шаһарынан келдім, Пайғамбар (араб) әулетіненмін», — деп келіп, бала болыпты. Алау батыр бұл баланы «Таза тұқымынан екен» деп, бала етіп, қамқорына алып, әйел алып беріп, отау тігіп, бір шаңырақ етіп қойыпты.
Сол Құдаһиярдан Керейт туыпты. Алау батырға тағы бір бала, ат-есімі Сәду: «Тайм деген елден келдім», — деп, бала болыпты. Сәду жігіт болып өскен соң, масаты шұлғанып мәсі-етік киіп, мол қаракөл елтірілі жағасы бар мәуіті шапан киіп, ел аралап балгерлік жасап, адам емдеп, жаурыншы-балгер атанып, сал-сері жігіт болып жүріпті.
Сөйтіп жүріп елден алған малын жинап, байыған еді дейді. Осыған орай ол «Жағалы бай» атанып, кейін ел оны «Жағалбайлы» атап кетіпті. Алау батыр осы киімді ұлына да әйел алып беріп, бір шаңырақ етіп қойыпты.
Сәду [ден] — Шербұға, [одан] — Мелде би туған, ал оның ұрпақтары кейін «Жағалбайлы руы» атанған дейді.
(ІІ нұсқа)
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызекі шежіремізде Жетіру бірлестігіне енетін рулардың шығу тегі де Бекарыс ұрпақтары — ағалы-інілі Арғымақ пен Алау есімдерінен бастау алып жатады.
Әуелі Арғымақтан Телеу туған екен дейді. Ол Рамаданды өзіне еншілес қылып алады. Жаугершілік, шапқыншылық көп сол заманда Алау батырға да әр жылдарда басқа жақтардан Сәдір, Нәдір, Қылуар, Сәбдан деген балалар келіп паналап, оның баласы Алшынмен еншілес атанады. Кейін Сәдірден — Тама, Табын; Нәдірден — Кердері, Қылуардан — Керейт туады. Сәбданнан — Қарақатыс (Жауырыншы), одан—Мелде, одан Елеу мырза туады. Осы Елеуден он екі ата Жағалбайлы тарайды.