Жан жарасы жанартау боп атылған...
Жан жарасы жанартау боп атылған...
(Шәкірттер үшін жазылған. 1996 жылы Желтоқсанның 10 жылдығына байланысты жазылған).
Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы...
Осы бір ән жолдарын сан мәрте естіген сайын, жып-жылы көңіл шуағын бір ызғар қаритыны несі?! Әлде бұл ақын дарындылығы мен сазгер таланттылығының астасқан құдіреттілігінде ғана жатыр ма?! Тек онда ғана емес секілді. Әйтеуір, қайткенде де өзге түгілі өзіңе де беймәлім бір сезімнің кеуде сарайыңа келіп орнығып алары сөзсіз.
Желтоқсан. Осы бір жалғыз ауыз қазақ сөзі сол бір дүрбелең оқиғадан бері ауыздан түспес қасиетті сөзге айналып жүре бергені рас. Жасып, жасқана отырып, сыбырлай айттық, екіленіп, буырқанып жан сарайымызды ашқан сәттеріміз де болды. Бұл күнде шарықтап, шаттанып, мақтанып та айта аламыз. Қалай десек те, ұлт тағдырын таразы басына бір-ақ жеткізген желтоқсан ол.
Біз Желтоқсанды көрген жоқпыз. Көрмек түгілі, ең әуелі, біздің бала көңіліміз сонау астана төрінде ұлт тағдырының безбенге салынып жатқандығын сезді ме екен десеңізші?! Біз бірақ Желтоқсан жырын жаттап өскен ұрпақпыз. Біз Желтоқсан әнін айта отырып, сол аланда қаны төгілген ағаларымыз бен апаларымыздың бойындағы қасиетті рухты жан-дүниемізге сіңіріп өскен ұрпақпыз. Біз шындық пен аярлықтың, ұлтжандылық пен мансапқорлықтың, әділдік пен әділетсіздіктің текетіресер сәттері аз болмайтынын сезіп өскен ұрпақпыз. Біз ұлттық рухани өсу мен азаттықтың дәмін таттық және осынау бостандық үшін тұщы етке ащы таяқтың сан мәрте тигенін, империялық озбыр қол ұстаған дырау қамшының ұлтымыздың жон арқасында қаншама рет ойнап, осқылағанын да жақсы білеміз. Сондықтан да біз тәуелсіздік деп аталатын ұлы да киелі ұғымның қадірін терең сезіммен түсіне отырып, осы қастерлі ұғымға жету жолындағы ұлт ғұмырында ерекше із қалдырған оқиғалардың бірі ретінде, дәл 10 жыл толып отырған сәтінде Желтоқсан оқиғасын да еске алмай отыра алмаймыз.
Қысқа ғана оқиғадан басталған еді. Дәл осыған дейін қазақ елін басқарып келген белгілі адамды санаулы минуттардың ішінде орнынан түсіріп, қазақ еліне мүлде жат, белгісіз жанды басшы қылуы себепші болды. Ал, шындығына келгенде, бұл оқиғаның өзі әбден пісіп-жетілген ұлт жарасының бір-ақ күнде жанартау боп атылуына себепші болған еді. Үнемі тапталған ұлт намысы қазақ жастарын алаңға алып барды.
Бәлкім, оларды кешегі Махамбет, Кенесары рухтары жебеді ме, әлде енді ғана оянып келе жатқан демократия рухы демеді ме, қайткен күнде де қазақ ұлтының жауқазындай көк өрім жастары алаңға барып ақиқатты айтқаны анық.
Қай заманда да ақиқатты айту жеңіл болмақ емес. Шырылдаған шындықтың бетіне тура қараудан жасқанған империя ежелден қолданар ескі әдісі - білек күшін тағы да көрсетті. Жауқазын жастардың бейбіт жиыны осылай қара күш арқылы тапталды. Соңғы сәттері таянып келе жатқан азулы империя ешкімді де аяған жоқ. Дәл сол күні жер бетіндегі барлық адамға аямай нұрын төгер алтын Күн-ана сұмдық көріністердің куәсі болды. Арман көгіне енді ғана үміт артып келе жатқан балауса бойжеткен мен көк өрім бозбаланың өз жерінде, өз елінде таяққа жығылып, ары тапталып жатуын көріп тұрған мейірімді Анамыздың өзі сұмдық көрініске шыдамай бетін бұлтпен жасырған болар? Сабау, қорқыту, қуғындау, жазықсыз сотталу... Онсыз да "мың өліп, мың тірілген" жоқ па едік?!
Жоқ, тәубе, ұлттың да көрер жарығы таусылмаған екен. Арада 5 жыл уақыт өткен соң, Қазақ елі әлемге өз тәуелсіздігін паш етті. Тағы да желтоқсан айында. Осы емес пе кешегі Желтоқсан қарлығаштарының да аңсағаны.
Енді биыл ғана азаттық алғанымызға 5 жыл, ал қасіретті де қасиетті Желтоқсан оқиғасына 10 жыл толып отыр. Мұның өзі - біз үшін айтулы күн. Ұлтымыздың жан жарасы жанартау боп атылған сол күн қазақ жастарының мәңгі есінде қалмақ. Есінде ғана қалып қоймай, жандарында мәңгілік ерлік рухын жағады.
Лаула, лаула
Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Ақын қиялы осылай деді. Желтоқсан алауының мәңгі лауларына біз де сенеміз. Жүрекке түскен Желтоқсан жарасын уақыт-емші емдеп жазып келеді. Тек әрбір жылдың Желтоқсан айында уақыт салған жараның орны сыздайтыны болмаса. Сыздаған жара бұрқасын күнді тағы да бір еске түсірер, еске түсірер де жүректерге сенім отын жағар.
Шүкір, тәуелсіздік таңы атты. Ел болып, ес жидық. Өткенімізге үңіліп, болашаққа байлам жасадық. Кешегі алаң төрінде жастарымыздың аузынан жалындап шыққан өршіл ән бұл күнде кең байтақ Қазақстан аспанында қалықтап жүр.
Менің елім,
Менің елім,
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім...
Ал Желтоқсан оқиғасының 10 жылдығы жақындаған сайын, бұл ән бұрынғыдан да күшейіп, әлем аспанын шарлап келе жатқан сияқты.