Photo: Luis del Río (https://www.pexels.com/@luisdelrio) / Pexels
- 25 нау. 2026 09:30
- 28
«Жан керек екен»: Далада 5 күн жатқан малшының оқиғасы
Абай облысында жоғалып кеткен малшы 5 күннен кейін аман-есен табылды. Ол осы уақыт ішінде тек қар жеп жан сақтаған. Оқыс жағдайға тап болған 57 жастағы Қымбат Семейбаев оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісіне баяндап берді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 17 наурызда болған. Малшы үйірінен адасқан биені іздеп шыққанда, аяғы астында қалып, аяғы сынған. «Бір бие үйелеп қалыпты. Мінген атымды қолыма байлап, ана биені итеріп тұрғызып жіберейін деп едім, бие тұрып барып қайта жатып қалды. Сол кезде бір аяғым астында қалып қойды. Сүйегім бытыр ете қалды, жаным көзіме көрінді. Аяғымның сынғанын білдім», - дейді Қымбат аға.
Аяғын сындырып, далада қалды
Аяғын сындырған малшы атына міне алмаған. Телефонмен хабарласу мүмкін болмағандықтан, ол көмек шақыра алмаған. «Қанша әрекет етсем де міне алмадым, мына сынған аяғым түк икемге келтірмеді. Сау аяғымды көтеріп көріп едім, сынған аяғым бұраң ете қалды, жаным көзіме көрінді. Қолымда телефоным болды, бірақ байланыс жоқ, ешкімге хабарласа алмадым. Жатқан жерім су болды, әбден тоңдым», - деп еске алды ол.
Туған күнін далада қарсы алды
Қымбат Семейбаев 19 наурызда, туған күнінде далада, ақ қардың үстінде жатқан. Ол 57 жасқа толған. Малшының айтуынша, ол тек қар жеп жан сақтаған. «Не ұйқы жоқ, дала суық, жан керек екен, қар жей бердім. Қазір ауруханадамын, аяғым үш жерден сынып кетіпті. Мені құтқарған полицейге, құтқарушыларға рахмет», - деді ол.
Полиция іздеу жұмыстарын бастады
Малшының жұбайы мен баласы полицияға хабар бергеннен кейін, Абай ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Абылайхан Ақатаев бастаған топ іздеу жұмыстарын бастады. Олар 100 шақырым жерді 7 сағатта жүріп өтіп, малшыны тапқан. «Біз сол жерге қарай келе жатқанда жарқылдаған бір нәрсе көрінді. Сөйтсек ағамыз телефонын күнге шағылыстырып, жарық түсірген екен. Сондай әлсіреп қалған. Келе салып шәй бердік, тілге келе бастады», - дейді полиция инспекторы.
Қымбат Семейбаев 17 наурызда жоғалып кетіп, 22 наурыз күні табылған. Полиция мен құтқарушылар оны үш күн бойы тынбай іздеген.