
- 18 нау. 2025 23:09
- 18
Жаңа жылға миллиондар, Наурызға – ештеңе: ұлттық мерекеге неге қаржы бөлінбеді?
Қазақстанда мемлекеттік мерекелерге бөлінетін қаражат көлемі қоғамда үлкен сұрақ тудырып отыр. Жаңа жылға жүздеген миллион теңге жұмсалғанымен, Наурыз мейрамына мүлде қаржы қарастырылмаған. Бұл туралы белгілі журналист Диас Нұрақын өз зерттеулерінде мәлімдеді.
Жаңа жылға қаржы бар, Наурызға жоқ
Журналистің айтуынша, 2023 жылы әкімдіктер жаңа жылдық безендіруге және мерекелік іс-шараларға қыруар қаражат жұмсаған:
- Астана – 836 миллион теңге;
- Алматы – 800 миллион теңге;
- Шымкент – 80 миллион теңге.
Басқа өңірлер де жаңа жылдық мерекеге айтарлықтай қаржы бөлген. Ал Наурыз мейрамына республикалық бюджеттен бірде-бір теңге қарастырылмаған.
Бұл ақпаратты Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің өзі растаған, яғни, мемлекет үшін Наурызға арнайы қаржы бөлу күн тәртібінде жоқ.
Наурыз неге елеусіз қалып отыр?
Журналистің пікірінше, Наурыз ұлтты ұйыстыратын мереке болғанымен, оған биліктің ықыласы төмен. Алматы әкімдігі тек 71 миллион теңге көлемінде баннерлерді әзірлеуге тендер өткізген, бірақ бұл қаражат толыққанды іс-шаралар ұйымдастыруға жетпейді.
"Жаңа жыл қарсаңында көшелер түрлі-түсті шамдармен безендіріліп, әкімдіктер жарыса қаржы бөледі. Ал қазақтың төл жаңа жылы – Наурыз келгенде бұл ықылас су сепкендей басылады. Қала орталығына киіз үй тігіліп, ұлттық киім киіп, фотоға түсу ғана дәстүрге айналып барады" – дейді журналист.
Қоғам белсенділері мен журналистер Наурызға мемлекеттік деңгейде лайықты мән беруді, оған тиісті қаражат бөлуді талап етуде. Егер ұлттық мейрамға әділетті қаржылық қолдау көрсетілсе, халық арасында да оған деген құрмет пен қызығушылық арта түсер еді.