Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жаңа оқу жылы: қандай өзгерістер бар?

Жаңа оқу жылының басталуына да бір ай қалды, деп жазады «Айқын» газеті.

Тамыз - қарбалас айы. Ата-ананың балаларын мектепке дайындап әбігерге түсетін де кезі осы. Алайда білім беру жүйесінің соңғы кездері көп сынға ұшырап жатқаны жасырын емес. Білім және ғылым министрлігі биылғы жылы жаңа реформаларды жүзеге асырамыз деп жоспарлаған еді. Тіпті осы жылдың наурызында Қазақстанда «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген. Онда бес күндік оқу аптасының енгізілуі, білім берудің үштілді жүйесіне көшу және оқу жылының ұзартылуы сияқты өзгерістер енгізілді. Бірақ бұл бағдарлама жұртшылық тарапынан сынға ұшырап, алуан пікірдің тууына алып келді. Тіпті ата-аналар арасында жаңа министрге петиция жолдағандары да бар. Ал жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Министрлік ұсынған бағдарламаның мән-жайы не болды? Үштілді білім беру жүйесі жаңа оқу жылында жүзеге аса ма? Бес күндік оқыту аптасы ше? 

Осы мәселелер бойынша Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің басшысы Әйгерім Әлібековаға сауал тастаған едік. 

- Әйгерім, жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныптарға арналған жаңартылған бағдарла­маның жүзеге асатынын естіген едік. Рас па?

- Биылғы 2016-2017 жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жаңар­тылған білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. Бірақ бұл бағдарлама тек бірінші сыныпқа баратын балаларға ғана қатысты. Жаңартылған бағдарла­маның негізінде бес күндік оқу аптасы да бар. Яғни биылдан бастап бірінші сыныптар бес күндік оқу аптасына көшеді. Бұған дейін оқу жылында 34 апта болса, биыл ол 33 аптаға ауысып отыр. Демек, бір апта үнемделеді деген сөз. Бірінші сынып оқушылары мен мектепалды даярлық балалары қысқы демалыста қосымша жеті күн демалатын болады. Сонымен қатар, бес күн оқитын балалардың сенбі күні демалуына мүмкіндік бар. Жаңа бағ­дарлама бойынша, бірінші сыныптардың сабағы 31 мамырға дейін созылады.

- Бұл бағдарламаның бұрынғы оқу жүйесінен өзгешелігі неде? Мектеп оқушылары қанша сағат қазақ тілінде, қанша сағат ағылшын тілінде дәріс алатын болады?

- Үштілділік оқу жүйесі әлі енгізілген жоқ. Ағылшын тілі сағаттары бұрынғы жүйе бойынша өзгеріссіз қалдырылады. Үш тілде оқыту жүйесі жоғары сыныптан басталады деген жоспар бар. Мұның өзі 2019 жылы жүзеге асырылатын жоба.

- Бірінші сыныпқа арналған оқулықтар да өзгеріссіз қала ма?

- Бірінші сыныпқа бара­тын балаларға арналған оқулықтар да өзгерістер бар. Ол оқулықтардың бәрі баспалардан шы­ғып, дайын тұр. Оқу­лықтардың дені ми­нистрлік бекіткен бас­­па­лардан, яғни «Ал­ма­тыкітап», «Атамұра», «Мектеп» және тағы бас­қа оншақты баспадан шықты. 1-16 тамыз аралы­ғында оқулықтардың бәрі өңірлерге жеткізілетін болады. Облыстық білім беру басқармалары мен баспалардың арасында арнайы келісімшарт жасалған. Сол келісімшарттың негізінде баспалар 16 тамызға дейін аймақтарға оқулықты жеткізуге міндетті. Ары қарай басқармалар 25 тамызға дейін барлық мектептерді оқулықпен қамтамасыз етуі тиіс.

- Жыл сайын оқулық жетпей, ата-аналар дүкендерді іздеп сабылып кетеді. Биыл бұл мәселе қалай шешілмек?

- Тек бірінші сынып оқу­шылары ғана жаңартылған бағдарламамен басылған оқулықтармен оқитын болады. Биыл 1-сыныпқа 380 мыңнан астам оқушы қабылданатын болса, олардың барлығы оқу­лықтан таршылық көр­мейді.

Сондай-ақ, білім берудің үштілді жүйесі мен бастауыш сыныпқа жаңа стандартты енгізудің қиындығы туралы КИМЭП профессоры Жұлдыз Смағұлова алаңдаушылық білдірген еді. Профес­сордың ойынша:

- Бұған дейін де үштілділікке қатысты бірнеше рет пікір білдірген едім. Жалпы, үштілділік концепциясы идея ретінде жақсы. Өйткені адамның бірнеше тіл білгені дұрыс нәрсе, көп тіл білгеннің тигізер пайдасы да көп. Түрлі әдебиет­термен таныса алады, рухани тұрғыдан өзін дамытады. Бірақ мектептерде үш тілде білім беруге келгенде, кадр мәселесі төтесінен шығады. Оған қоса, балалардың барлығына бірдей тілдік ресурстар қолжетімді бола бермейді. Қазір мектептерде «жаппай үш тілді қатар үйретуді бастаймыз» делік, бірақ кейбір балалардың тілдік ресурстарға қол жеткізу мүм­кін­дігі бас­қа­ла­рына қарағанда ар­тығырақ болуы мүмкін. Демек, бұл еліміздегі әлеу­меттік тең­сіз­дікті одан әрі ушық­тырып жібереді. Мысалы, шалғайдағы ауылдарда үш тілде жақсы білім берілетініне күмәнім бар.

Ал бастауыш сыныпқа енгі­зілетін жаңа стандарт жөнінде айтар болсақ, алдымен сауаттылықты қа­лыптастыруды бір ізге түсіріп алайық дер едім. Ол балалардың жақсы оқуы үшін, оқығандарын түсініп, оны талдай алуы, содан ой түйіп, ойын жеткізе алуы үшін керек. Өйткені балалардың көбі мұны істей алмайды, оқып шыққан мәтіндерін түсінбей жатады.

Екіншіден, көптілділік пен сауат­тылықты дамыту үшін қазақ тіліндегі балалар әдебиетін дамыту қажет. Өйткені орыс тіліндегі әдебиеттер жеткілікті, Ресейде де қаншамасы басылады, олар біздің нарыққа да жетіп жатыр. Ағылшын тіліндегі әдебиеттер де көп, тегін онлайн кітаптар да қаншама. Ал қазақ тіліндегі әдебиеттер бұрынғысынша әлі де жеткіліксіз. Егер балаға оқу қызықты болсын, тілін дамытсын десек, кітаптың түр-түрі болуы керек. Ол жай ғана энциклопедия, анықтамалық емес, балаға қызықты болатындай қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер болуы тиіс. Оны қазақ авторлары жазуы қажет, сондай-ақ,ол әдебиеттер қазақ балалары туралы болғаны дұрыс.

Министрлік бірінші сыныптың оқулықтары жаңа бағдарламамен түзілетінін айтқан. Оқулықты әзірлеп отырған баспалардың бірі - «Алматыкітап» баспасы. Баспа өкілі Альмира Сужикова біздің сауалымызға: «Биыл оқулықтарды арнайы сараптамадан өткіздік. Бірінші сыныптың оқулықтары республи­камыздың 30 мектебінде апробациядан өтті. Сараптаманың нәтижесінде әр баспаға әртүрлі оқулықтар берілді. Бұл оқулықтарды республикадағы бүкіл мектептер пайдаланатын болады. Біздің баспа бірінші сыныптың оқушыларына орыс сыныбына арналған қазақ тілі, қазақ мектептеріне арналған орыс тілі, дене шынықтыру пәндері бойынша оқулықтар дайындайды. Министрлікте 12 жылдыққа арналып жаңа бағдарлама жасалды, оқу­лықтарды сол бағдарламаға сәйкес дайындадық. Мектептердегі апроба­циядан, яғни сыннан өткендері ғана баспаларға жіберіледі. Екінші сыныпқа да солай болады. Алдымен оқулық сарап­тамадан өтеді, содан кейін Қазақстанның 30 мектебінде апробациядан өтеді. Апробация талабы бойынша жаңа оқулық бір жыл бойы 30 мектепте ғана оқытылады. Оның қандай нәтиже беретіндігі анықталады. Биылғы 12 жылдық оқу бағдарламасына 2016-2017 оқу жылына арналған бірінші сыныптың оқулықтары ғана енгізіледі. Бұл бала мектепте 12 жыл оқиды деген сөз емес, 5-6 жастағы балалар мектепалды бағдар­ламасы бойынша дайындалған оқулықтармен даярлық тобын оқиды. 12 жылдықтың бағдар­ламасы осылай жасалған. Келесі жылдардан бастап барлық сыныптарға біртіндеп енгізіле бастайды. Биыл екінші сынып апробациядан өтеді. Тиісті оқулықтар таңдалып, солай жыл сайын жаңа оқу­лықтар енгізіліп оты­рады. Бағдарлама бойынша 2019 жылға дейін бірінші сы­ныптан 11-сыныпқа дейінгі оқулықтар жаса­лады.

- Оқулық қалай дайындалады? Белгілі - бір авторлар бар ма?

- Әр баспаның автор­лары әртүрлі. Мысалы, бізде ағылшын тілін дайындап жатқандар -  С.Рахымжанова,   А.Волкова. Олар - педагогтар. Негізі бізде оқулық жасауға бір ғалым, бір әдіскер және бір тәжірибесі бар педагог қатысады. Авторларымыз Қазақстанның әрбір аймағынан таңдалып алынған. Қазір оқулықтар мектептерге таратылып беруде.

Ал «Аспандау» ғылыми білім беру қорының президенті Қанат Нұров жаңа бағдарламаға алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтады. «Он екі жылдық білім беруге көшуді проблемаға жатқыза алмаймын. Өйткені біз оған дайынбыз. Бұл бүгінде іске асқан нәрсені көпшілік арасында кеңінен насихаттап жатқан ресми шара ғана. Мысалы, бізде мектепке дейінгі даярлық тобы бар, бұл сол 12 жылдық стандартқа кіретін сынып. Ендеше, біз сол даярлық тобын бірінші сынып деп санасақ, сонымен 12 жылдық болады. Бұдан шошитын түгі жоқ, қайта іске кірісе берген жөн деп ойлаймын. Тек даярлық тобын енді бірінші сынып ретінде қабылдауға үйрене беруіміз керек» дейді ол.
Бірінші сынып оқушыларының жаңа стан­дартпен оқытылуына қатысты мамандардың пікірі қалай?

Жаңа бағдарлама сенбі күні демалуға мүмкіндік береді. Оқушылар бірінші сыныптан бастап сенбі есебінен 34 күн қосымша демалыс алады. Бастауыш сыныптар тек 30 мамырға дейін оқып, толық үш ай демалады. 

Мұғалімдерге әдістемелік материалдың толық ресурсы дайындалды. Оқу бағдарламасы, күнделікті сабақ жоспарлары, оқулықтар, мұғалімдерге арналған нұсқаулықтар, бағалау жөніндегі ұсынымдар. Бұл материалдардың барлығы әр жаздағы біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдерге берілетін болады. 

Жаңартылған мазмұн бойынша сынақтан өткізілген мектептерде және Назарбаев зияткерлік мектептерінде біраз жылдар ауқымды жұмыстар істелді. Білім берудің жаңартылған мазмұнын сынақтан өткізуге арнайы мониторинг жасалды. Сондықтан мұндай оқу жүйесі еліміздің барлық аймақтарындағы 7500 мектепке енгізілмек. 

Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА,  педагогика ғылымының докторы:

- Білімді азамат боламын деген адамға үш тілді меңгерген жақсы. Бірақ оны қай кезден бастап оқыту керек? Мұны әлі ақылдасып шешуіміз керек. Елбасымыз бұл турасында «Тамыз мәслихатында бәріміз ақылдасайық» деді. Ата-аналар бірінші сыныпқа барған баласын үш тілде оқытқысы келе ме, соны білу қажет. Себебі, білім туралы заңда «кім қай тілде, қай жерде оқығысы келеді, ол әр адамның өзінің құқығы» деп жазылған. Сондықтан жақындап қалған Тамыз мәслихатында осы мәселені талқылап, содан кейін барып жалпы халыққа шешімін айтқан дұрыс деп ойлаймын. Әрі жаңа бағдарламаларға талдау жасалуы тиіс. Оған атүсті қарауға болмайды. Менің байқауымша, «бірінші сыныптан бастап шет тілін меңгеруге балам дайын емес» дейтін ата-аналар көп. Ойлап қарасақ, ол бала әлі 12 жыл оқиды. Бастауышта таза ана тілінде білім алып, бесінші сыныптан бастап бірнеше шет тілін үйрететін болса, алдында әлі 8 жыл уақыты болмақ. Сол арада талай тілді меңгеруіне болады. Бұл қоғамда кереғар пікір туғызып отырған, ақылдасып шешетін мәселе. Әркім өз ісіне жауап беретіндей жағдай қалыптасуы керек. 

Бұл мәселеге орай ҚР Пар­ламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнованың да пікірін білген едік.

- Бірінші сыныптан бастап үш тілде оқитын балалар белгілі пәндерді ағылшын тілінде оқымайды, олар тек ағылшын тілін пән ретінде меңгереді. Қателеспесем, 2012 жылдан бері ағылшын тілі 1-сыныптан бастап үйретіліп келеді. Ағылшын тілінде өтетін пәндер жоғары сыныптарда енгізіледі. Оның өзі 2019 жылдан басталады деген жоспар бар. Биылғы өзгеріс - бірінші сыныпқа арналған бағдарламаның мазмұны басқа болмақ. Егер бұрын белгілі дәлелдерді, жаңа тақырыптарды оқушыға мұғалім жеткізген болса, енді жаңа тақырыптарды түсіну үшін бала өзі ізденеді. Бұл қызық әрі оқушы үшін жемісті болады деп ойлаймын. Бұрын мұғалім жалғыз ақпарат көзі деп есептелсе, қазір балалардың көп ақпарат алуына мүмкіндік бар. Тіпті, кейде кейбір тақырыптар бойынша оқушының білетіні мұғалімнен асып түсіп жатады. Мұғалім оқу процесін қадағалап отырушы болмақ, ол да оқушымен қатар ізденіс жұмыстарымен айналысады. Мұғалімдердің білімін жетілдіру үшін үш жылдан бері оқытылып келеді. Әр мектептің 30-40 пайыз мұғалімдері «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында үш айлық курстардан өтті. Қазір шыны керек, жаңа реформаға қатысты айтылып жатқан пікірлер аз емес, жаңа нәрсеге қатысты күмәннің болуы да, сынның айтылуы да заңды. Бірақ біз алға қарай жылжуымыз қажет, мектептер өзгеруі тиіс, жаңа жүйеге көшу керек. Жақсы өзгерістердің болғаны дұрыс. Бұл мектептерді реформалау үшін де қажет.

Түйін:

Сонымен, 1 қыркүйектен бастап, еліміздің білім беру мекемелері жаңартылған жүйеге көшпек. Министр Сағадиевтің осыдан бірнеше ай бұрын баспасөзге берген сұхбатында: «80-жылдардың ортасында көптеген дамыған елдер білім, берудің жаңа түріне көшу туралы қорытындыға келді. Ол білімнің санына ғана емес, функционалдық сауаттылығына негізделуі тиіс болды. Яғни адамның қаншалықты білімділігі емес, қаншалықты біліп істей алатындығы және алған білімін қалай қолдана алатындығы маңыздылыққа айналып отыр. 1988 жылдан бастап ЭЫДҰ елдері бірінен соң бірі мектептерде жаңартылған білім беруге көше бастады. Бұл үдеріс 90-жылдардың ортасына қарай аяқталды. 1997 жылы жоғарыда айтылған елдер жаңартылған мазмұнды өлшеудің бірыңғай стандарты туралы шешім қабылдады, ол - PISA деп аталады. Осылайша, Қазақстан аталмыш стандартпен 2009, 2012 және 2015 жылдары еліміздегі кейбір мектептерде білім сапасын анықтауға кіріскен болатын. Ал биылғы жылы Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде 1-сыныптан осы стандарт жүйесі енгізіле бастайды. Оған толық көшуге төрт жыл жобаланып отыр» деген еді. Министр айтса айтқандай, биылғы жылы барлық мектептерде 1-сынып оқушылары жаңа стандартқа көшеді. Жаңа бағдарламаның «жаңартылған» нұсқасында не бар, не жоқ екенін білу үшін танысып шығуға мүмкіндік болмады. Бағдарламаның мәтінін еш жерден таба алмадық. Білім және ғылым министрлігінің білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын таптық. Онда 1-сыныпқа арналған жаңа стандартқа қатысты нақты ештеңе айтылмаған. Бір білеріміз, 1-сынып оқушыларының жаңа бағдарлама негізінде білім алатындығы ғана. Бұл реформа қаншалықты сәтті болатынын, болмайтынын уақыт таразылай жатар. Бастысы, бірінші сынып оқушыларының білім көкжиегін кеңейтеміз деп, санасына ауырлық түсіріп алмасақ болғаны...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама