- 03 там. 2016 00:00
- 257
ҚР БҒМ барлық мектептерді оқулықтармен 25 тамызға дейін қамтамасыз етпек
Барлық мектептер оқулықтармен 25 тамызға дейін қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, биыл бірінші сыныптың барлық оқушылары 5 күндік оқыту жүйесіне көшіріліп, жаңа бағдарламаның негізінде білім ала бастайды. Қалған сыныптар бес күндік оқу бағдарламасына 2019 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіріледі.
Елдегі мектептерде білім берудің жаңартылған бағдарламасына кезең-кезеңмен көшу процесі аясында 1-сынып үшін жаңа оқулықтар жасалды. Оқулықтар бес баспада шығарылды:
«Алматы кітап баспасы» ЖШС - «Обучение грамоте», «Қазақ тілі» (орыс тілді мектептер үшін), «Русский язык» (қазақ тілді мектептер үшін), «Музыка»;
«Атамұра» Корпорациясы» ЖШС - «Сауат ашу», «Көркем еңбек»/«Художественный труд»;
«Мектеп» баспасы - «Математика», «Жаратылыстану»/«Естествознание», «Дүниетану»/»Познание мира»;
«Бөбек» орталығы - «Өзін өзі тану»/«Самопознание»;
«Express Publishing» ЖШС - «Английский язык».
Жалпы, биыл қыркүйекте мектепке 380 265 бала бірінші сыныпқа барады.
Оқу жылының ұзақтығы мектепалды сыныптарда 32 аптаға, 1-сыныптарда - 33 аптаға, 2-11 сыныптарға - 34 аптаға созылады.
Сонымен қатар мектептегі демалыс мерзімдері де бекітілді. Күзі демалыс 7 күнге (31 қазан мен 6 қараша аралығында), қысқы 10 күнге (30 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін), көктемгі демалыс 13 күнге (21 наурыздан 2 сәуірге дейін) созылады.
Сонымен қатар мектепалды сыныптың және 1-сынып оқушылары 2017 жылдың 1 мен 7 ақпан аралығында 7 күн демалады.
Жазғы демалыстың мерзімі мен оның ұзақтығы ҚР БҒМ-нің 2016/2017 оқу жылының аяқталуы туралы бұйрығында көрсетілетін болады.