Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жапандағы жол

Жолдар, жолдар барасың
болашақтарға жаңылмай,
Жетелеп армандарымды
Үмітпен күткен таңымдай
Құба жон қалай жатты екен,
ғасырлар, сені сағынбай?
Шартараптардан тоғыстық
адамның тағдырларындай.

Мақаттан Бейнеуге қарай созылып жатқан шөл даланың кеудесін тіліп өтетін болат жол бойымен асыға басқан жолаушылар поезы ара-тұра кездесетін шоқиған жалғыз үйлі разъездерге мезгіл-мезгіл «аяқ суытып» алып, ілгері жортып барады. Бұл болат жол трассасын жұрт «өмір жолы» дейді.

Арықша келген, ұзын бойлы көзілдірікті жігіт етпетінен жатып алып, терезеден далаға қарайды. Төменгі орындағы екі қазақ өзара самбырлап әңгіме соғады. Григорий көбіне түсінеді, бірақ айтуға жоқ. Мұның орны төменде еді. Жасы қырықтар шамасындағы қою қара мұртты төртбақ кісі де төмендегі екінші орынға жайғасқан. Поезд жүруге таяғанда келген қарияны жоғарыға шығаруды жөнсіз көрген Григорий өзі қарғып шығып алып, ақсақалға «төменге жайғасыңыз» деп еді. Бурыл сақалы салаланған, қыран қабақтың астынан, сәл бозарайын дегені болмаса, әлі де оты кетпей жылтылдаған шегір көздер мен қоңқақтау қыр мұрын қарияны ертегілердің кейіпкері етіп елестететін тәрізді. Григорийдің түсінігі — қария бұрын жылқы баққан, қазір пенсияда көрінеді. Мақаттағы құдасының үйінен ауылға қайтып барады.

— Алшеке, бұрын-соң бұл жаққа келіп-кетіп жүрген боларсыз? — дейді мұртты.

— Көп келмеймін. Баяғыда сонау Бозашыдан осы Мақат бойына жаяу келгем. Одан кейін етке жылқы тапсыру үшін Гөриевке көлікпеп барғаным бар. Мынау — үшінші келуім. Әй, айналайын үкімет-ай, алты айшылық жерді алты аттатып отыр емес пе!

Қарт мүйіз шақшасын алды да, кішкене көпшікті кақпақтай жауырнына басып, шалқайыңқырап отырды.

Григорий шалдың жүзіне қызыға қарап жатыр. «Тұла бойы толған шежіре болар, әттең қазақша жақсы білсем», — деп ойлап қояды. Шал оған соншалық ұнап отыр. Сонсоң төмендегі мұрттыға қарап:

— Бір кезде жаяу келдім дей ме? Сіз сұрасаңызшы қалай келгенін, — деп орысшалады.

— Біз балалау күнімізде Маңқыстауда бір жылы жұт болды. Малдан тігерге тұяқ қалмай қырылып, дүрілдеп тұрған байларыңның өзі арқаға дорба салып шыққан. Барар жол, басар тау жоқ — бүкіл ел болып босып кетті:біреулер сонау Түркменстан, Қарақалпақ асып, енді біреулері осы Жайық бойына бет алды. Мен сонда он жастамын. Биыл жетпіске шығып отырмын, нешінші жылы екенін өзің есептеп шығара бер. Көктем, лайсаң кез. Әкеміз сол қыста дүние салған. Бір апа, бір қарындасым бар, шешеміз төртеуміз көпшілікке ілесіп, осылай шықтық. Елін-жерін тастап босқан жұрттың жылау-сықтауынан сай-сүйегің шымырлайды. Малға қарап отырған ел емес пе, мал қырылғасын не күн керіс болмақ. Сонан не керек, әйтеуір, ай жарымдай жүрген болармыз, осы Мақатқа жеттік. Ай, сұмдық жыл еді-ау...

Қария басын шайқап, үнсіз отырып қалды.

— Кішкене қарындасым жолай қайтыс болды. Аштыққа шыдай алмады ма, суық өтті ме, қайдам. Жол-жөнекей жүрген адамда күрек болсын ба, әрі аштық, әл жоқ — бір шоңқалдың түбіне сәбидің өлігін тасалаған болдық. Маң дала, мидай қатқыл. Әр жерде өзіміз секілді босқындар. Сендерге — өтірік, маған — шын, адам әбден көзі қарайғанда көрінгенді жейді екен: сонда қураған сораңның түбін суырып кемірдік...

Григорий өз ойымен өзі боп біраз жатты. Кітап оқып көріп еді, басына ештеңе қонар болмады. Қарттың ертегі сияқты әңгімесі көңілінен кетер емес. Қазір ұйықтап жатыр. Оқта-текте тұншығып бара жатқандай қор етіп оянып кетеді. Григорий Бурдыко — Атырау аймағындағы комсомолдық екпінді құрылыстар штабының бастығы. Жақында ғана Волгоградтан командировкадан оралып, Гурьевтегі үйіне бірер түнеді де, Бейнеу — Қоңырат трассасына бет алған. Штаб бастығының араласпайтын жұмысы бар ма... Сонау Қоңыраттан Астраханьға дейінгі аралықта қаншама құрылыс объектісі бар — солардың бәрін көзбен көріп, адамдардың жәй-күйін жете біліп жүру керек. Өзі сонау Белоруссияның бір деревнясында туып-өскен. Атырау аймағына 1962 жылы келді. Миша Шаховец екеуі бір күні аудан орталығына барып жүріп екпінді құрылыстар жарнамасын көрді де, көп кешікпей Қазақстанға, оның ішінде Маңқыстауға бет алған. Әуелі Мақат пен Бейнеу аралығында иесіз далада жол төсеуден бастады. Бұл жақтың күні қандай ыстық. 40-50 градуста елсіз, шөл далада топырақ төгіп, шпал төседі. Сөйтіп темір жол бітті. Бір топ еңбек озаттарымен бірге Григорий ВЛКСМ Орталық Комитетінде қабылдауда болғаны бар. Онан соң Гурьев — Астрахань, Бейнеу — Қоңырат темір жол құрылысы басталып кетті. 3-4 жыл жол құрылысымен бір қайнасқан жігітті штаб бастығына тағайындаған. Оған да 4-5 жылға жуықтап қалыпты.

— Бейнеуге келіп қалыппыз ғой, — деп күбір еткен мұрттының үні естілді. Жөткірініп қария да тұрды. Кешқұрым еді. Бейнеу поселкесінің оттары самаладай жарқырайды.

— Ит байласа тұрмайтын жер еді осы. Кешегі соғыстың бергі жағында біз жылқы айдап бара жатып, осы маңға түнегеніміз бар-ды.

Иә, қария айтса айтқандай, мынау едәуір қала боп қалған Бейнеу станциясы соңғы 7-8 жылда ғана өмірге келгенін Григорий де жақсы біледі. Бейнеу — қазір осы аймақта еліміздің орталық аудандарымен байланыстырып жатқан «Достық трассаларының» тоғысар жері. Мақаттан басталып Маңқыстауға созылып жатқан темір жол Бейнеумен өтеді. Бір кезде патша үкіметі абақты ретінде пайдаланып, тұтқындарды ұстаған ені 30, ұзындығы 70 шақырым «Барсакелмес» сорын басып ететін Бейнеу — Қоңырат магистралі осы Бейнеуден басталады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама