Шынар қалалар
...Көшелер тұнған желкілдеп тұрған жас шыбық, —
ұлы Кобзарьдың көкірегінде кеткен жақсы үміт.
Жас қала тұр теңізге тосып кеудесін,
төбесін көктің көк күмбезімен бастырып.
Барады ол асқак болашақтарға қарыштап,
жастық пен достық, ұлылығыңды мәңгі пәш қылып.
Атыраудың асау толқынына балтырын сүйгізіп, теңіз жағалауынан бастап-ақ құмдауыт жазықтық, ұшы-қиырында көз тоқтатар ноқат жоқ тегіс далада асқақ қала тұр. Сіз көз алдыңызға елестетіңізші. Үп еткен майда самал соқса да құмды боран көтеріліп, көз аштырмас ақ дауылды жапан түзде жүріп келесіз. Талықсып талмаусырасаң да, әлсіз үніңе құлақ түріп, көңіл аударар, қол ұшын берер тірі жан болсашы. Сіз сол бетіңізбен жел өтіне бір қырындай түсіп, алға ұмтыласыз. Алдыңыздан қабат-қабат үйлер көкжиекке сұғынып асқақтап тұрған сүйкімді жас қала кездесер еді. Сіз баяғының ғажайып ертегілеріндей ғаламат бір дүниеге еніп кеткендей таң қалар едіңіз. Таңданар едіңіз де, бас киіміңіз түсіп қалғанша зәулім үйлердің биіктігіне шалқая қарай рахаттана сүйсінер едіңіз. Бұл — күні кешегі кәрі Атыраудың толқын шуылы ғана мекен еткен қойнауындағы Шевченко қаласы. Шевченко өзінің сәулет құрылысы жөнінде еліміздің атақты қалаларымен тең түсе алады. Ерекшелігі — мұнда әдетте қаланың шет жағын ала көзге оғаш көрініп, әдемілік атаулыға әттеген-ай, дегізетін ескі үйлер жоқ. Себебі қала маң дала, жапан түзге бірден салынды. Шевченко қаласы Маңқыстау түбегінің астанасы іспетті. Анау Жаңа Өзен қаласы, Жетібай, Ерәлиев поселкелері — кейіннен бой көтеріп өмірге келген отаулар. Оған дейін түбекті жан-жақты зерттеу жұмыстарының орталығы осы Шевченко қаласы еді. Еңбекшілер депутаттары қалалық Советінің председателі Ибаш Жанболатовамен қала туралы әңгімелесе қалсаңыз, ерекше ілтипатпен көңілдене сөйлейді.
— Жалпы, Маңқыстау түбегін «достық түбегі» деп атап кетті ғой. Ал, біздің Шевченко қаласы — совет халықтарыньщ шынайы достығының айқын дәлелі. Қаланы салуға Москва, Ленинград, Киев қалаларынан келген мамандар да көмектесті. Қазір 90 мың тұрғын халқы бар, 42 ұлттың өкілі еңбек етеді. Қаламыз Шевченко — Мақат болат жол магистралі арқылы Отанымыздың орталық қалаларымен, Орта Азия республикаларымен Каспий теңізі арқылы Баку, Махачкаламен байланысады. Ал, әуе жолының лайнерлері Шевченко аэропортынан старт алып шартарапқа самғауда.
Сіз енді Шевченкодан солтүстік-шығысқа тартылған қайқы бел қара жолмен Жаңа Өзен қаласына тартасыз. Бір кезде тамшы суға зар болған арманшыл бабалар бұл аңғарды «Өзен» атапты. Бұл қазір шынында да жер асты қабаттарында жылдар бойы бұйығып жатқан мұнай мен табиғи газ өзенінің өлкесі болып отыр. Күн өткен сайын керегесін кең жайып келе жатқан Жаңа Өзен қаласы да Шевченко қаласының құрылысы тәрізді сәулеті жоғары талғаммен салынуда. Қаланың оңтүстік жағы — қаптаған мұнарлар мен күні-түні алаулап тұрған газ шырақтар. Бұл — мұнай мен газ өндіріп жатқан кәсіпшілік учаскелері. Айқыш-ұйқыш алып трубалардың бойымен жер асты теңізінің миллиондаған тонналы толқындары алыс сапарларға жол тартады.
Өзен қаласын атақтылар мен халық қалаулыларының, еліне мақтаныш болған азамат ұл-қыздардың мекені десе де болғандай. Социалистік Еңбек Ерлері Төреғали Қадыров пен Геннадий Шевченко, Ғазиз Әбдіразақов, бұрғылау жұмысының атақты мастерлері Александр Анисимов, Қамқаш Ибраева, Меруерт Жанболатова, Әнес Бүркітбаев — Өзеннің түлектері. Бұлардың бәрі:
Кеуделерінде мың арман.
өздері — тұрған от тұлға.
Шөл далаларда сыналған
өрендер деген көп мұнда.
Қарсы алып дауыл, акпанын,
жүздері жазғы ақ таңдай.
Еліне махаббаттарын
өзен қып құйып жатқандай.
Осының бәрін көргенде құс қанат қиял сізді атағы шартарапқа мәшһүр болған Маңқыстау түбегінің ертеңіне самғатады.
Mұнай мен газды қатар атқылаған анау Жетібай да — осы аймақтың Өзеннен кейінгі мақтанышы. Салық Рысқалиев, Иван Тарабрин, Сүйеген Салманов, Жолдас Тоғжановтарды тәрбиелеп шығарған Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасының бүгінгі еңбеккерлері де бесжылдықтың шешуші жылында озаттар тұғырының биігінен көрінуде. Аға ұрпақтың ерен еңбегінің бүгінгі эстафетасы берік қолда. Ерлі-зайыпты инженерлер Мнаура мен Төлеген Хасановтар, Мамай Аманшиев, Татьяна, Владимир Гловалар, операторлар Амангелді Бәлденов пен Андрей Асанов — бәрі де қазыналы түбек байлығын Отан игілігіне жарату жолында жан аямай еңбек етіп жүрген жастар.
Күні ертең Доңға мұнай кәсіпшілігі толық пайдалануға берілгелі отыр. Ендеше, бұл — мұнай дариясының арынды толқыны тасқындай түседі деген сөз. Ал Өзен мен Теңгеден, Жетібайдан атқылаған көгілдір газ Маңқыстау арқылы асатын Орта Азия — Орталық газ құбырымен Отан игілігіне жөнелтілуде.
Бұдан он-ақ жыл бұрын тезек пен сексеуілді отын еткен түбек тұрғындары бұл күнде көгілдір отынды пайдаланады. Бұрын телевизор түгілі, киноны оқта-текте бір көретін ел қазір Шевченко телестудиясы арқылы шартарапты көгілдір экраннан көреді. Иә, өсу-өркендеу деген осы шығар.