- 01 сәу. 2021 00:00
- 242
Жасөспірімдер қылмыс жасауға неге үйір болып бара жатыр?
Мың құбылған бүгінгі таңда жас ұрпақ тым қатыгезденіп бара жатқандай.Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең еткізіп отырғаны бәрімізді алаңдатып отырғаны рас.Жасөспірімдердің қауіпті жолға түсуі барып тұрған қасіретті құбылыс. Жасөспірімдер қылмыс жасай отырып өз басына ғана емес, қоғамға, өз отандастарының мүддесіне, өзінің туған-туысқандарына үлкен зиян келтіреді. Жасөспірім қылмыскер ең бірінші кезекте өзінің отбасына қасірет болып табылады.
Әрине, көпке топырақ шашудың керегі жоқ.Жүрегі қазақ деп соғатын, еліміздің беделін шығарып, көк туын желбіретіп жүрген жастарымыз қаншама.
Бірақ, көп жастарымыз оқуға, адал еңбекке ынта қоймайды, бос уақыттарын көбінесе қаңғыбастықпен, құмар ойындарға, ішімдікке, нашақорлық және басқа да есеңгіртетін заттарды пайдалануға, ойынханаларда жат музыка тыңдауға, жыныстық немесе нәпсіқұмарлық іс-әрекеттермен айналасуға арнайды.Бұлардың көпшілігі тәрбиенің, бақылаудың жоқтығынан ерте бастан ішімдікке, есірткілік заттарды тұтынуға үйренген, қаңғыбастықпен, үйден қашып, кездейсоқ қылмыстық элементтермен байланыс жасағандар.
Мұндай жасөспірімдерді дұрыс жолға бағыттау үшін баланың қандай іспен шұғылдануға бейім екендігін анықтап, сол іс бойынша еңбектенуге баулыған жөн. Бұл тұрғыда әрбір жастың жеке тұлға екендігін ескере отырып, бұл тұрғыда олардың пікірімен санасу да аса маңызды. Әлбетте, перзенттерінің өмірдегі өз орнын табуына алдымен ата-анасы барынша көмек қолын созуы керек. Бұл жолда ешбір ата-ана аянып қалмасы анық. Өйткені ұл-қызын жамандыққа кім қияды?
Менің ойымша, «Бала тәрбиесі – ананың құрсағынан басталады». Бұл ұстаным ертеңгі күні «Қолымды мезгілінен кеш сермедім…» демес үшін, бала тәрбиесін өсе келе емес, ананың бойына біткеннен бастауға үндейді. Өйткені, бала тәрбиесінде жіберген кішкентай қателігіміз, ертеңгі күні орны толмас өкінішке апарып соқтыруы ғажап емес…
Мына бір қағиданы ата-аналар ұстанса бала тәрбиесіне аз да болсын көп көмегін тигізетіні рас.Мысалы:
• балаңды бес жасқа дейін патшаңдай сыйла;
• он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса (айтқанды екі етпейтін елгезек болуға, әр ісін «талаппен бастап, талғаммен аяқтауға» әдеттендіру).
• он бес жастан бастап тең құр-быңдай сыйлас. Халқымыз тіпті, «он үште отау иесі» деген сөз қалдырған. Яғни, бала өзіне артылатын жауапкершіліктерді сезіне беруі керек. Ой-санасы мен мінез-құлқы, ар-ожданын дұрыс қалыптастыруға бағыт-бағдар беру ата-ананың басты міндеті.
Жалпы 2020 жылдың алғашқы тоқсанында еліміз бойынша жастар қолымен жасалған 1289 қылмыстық іс тіркелген. Соның 538-і ауыр қылмыс категорияларына кісі өлімін туындату, әйел зорлау, қарақшылық шабуыл жасау, тән жарақатын салу түрлеріне жатады.
Қорыта айтқанда, жастар өздерінің қылмыстық әрекеттерінің себебін жұмыссыздықтан, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайдан көреді. Өздерін еш кінәлі санамайды. Қиын-шылықтан шығудың басқа жолын қарастырғылары келмейді.
Сондықтан бұл мәселе мемле-кетіміздің басты назарында болуы тиіс.
Қортындылай келе, қазіргі уақытта жасөспірімдерге, жастарға деген көзқарас, әсіресе құқық бұзушылықтың алдын алу, оны туғызатын себептер мен шарттарды жою тұрғысында өте күшейтілуі тиіс. Өйткені, қылмыс дегеніміз – әлеуметтік дерт, ал жасөспірімдердің қылмыстылығы – өте үлкен дерт, жасөспірімдер қылмыс жасап отырған кезде мұндай құбылысқа төзуге болмайды.
Касимбек Жанель