- 17 қыр. 2019 00:00
- 245
Жастарды ғана оқыту принципінен бас тарту керек – Әсет Исекешев
Жастарды ғана оқыту керек деген түсініктен бас тартуымыз керек. Елордада өтіп жатқан ғаламдық инновациялық саммитте ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев осындай пікір білдірді.
«Кейінгі онжылдықта көптеген өзгерістер болды. Еңбек сипаты, экономикалық трендтер құбылып тұр. Біз санкциялық қақтығыстарды көріп отырмыз. Малайзияда өткен жаһандық инновациялық саммитте технологиялық даму арқылы болашақ қоғамды қалыптастыру мәселесі талқыланған болатын. Дамушы экономикалардың саясатына технологиялар тікелей әсер етуде. Біз ірі қалалар дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Сол үрдістен қалмау үшін таланттар мен инновациялы шешімдерді, ірі ғылыми институттарды, кіші және шағын бизнесті кеңінен тарта білу керек. Қазір ақпарат жылдам ескіретін болды. Сондықтан да адами капиталды дамыту экономиканың негізі болуы тиіс», - деген Әсет Исекешев.
Ол таланттың жас талғамайтынын да атап өтті.
«Жастарға ғана білім беріп, соларды ғана оқыту керек деген түсініктен бас тартуымыз керек. 2018 жылы БҰҰ-ның Таланттар жөніндегі комитеті стартаптар басты рөлді атқарып отырғанын мәлімдеді. Стартап ұғымы жаңа экономикалық санатқа айналуда. Мысалы, 2017 жылы АҚШ-тағы стартаптар 1,1 млн жұмыс орнын ашқан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізде гиперинфляция болып, жұмыссыздар саны 2 млн адамға жеткен болатын. Бір жылдың ішінде жалпы ішкі өнім 60 пайызға құлдырады. 30 жылда бұл көрсеткіш 11 млрд АҚШ долларынан 111 млрд долларға өсті. Орта Азиядағы жалпы ішкі өнімнің 60 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қазақстанға осы жылдары 300 млрд доллардың инвестициясы тікелей құйылды. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша 12-орында тұрмыз. Өмір сұру ұзақтығы 72 жастан асты. «Болашақ» бағдарламасы бойынша мыңдаған студентті шетелден оқыттық. Бес жыл бұрын Қазақстанның орта кіріс хабына кірді», - деді қор басшысы.
Еске салсақ, бүгін елордада «Бәскелестік трансформациясы! Ұлттар – Энергия – Индустриялар – Қалалар – Таланттар» деген тақырыппен Ғаламдық инновациялық саммит өтіп жатыр.