Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жастардың шетелге кетуіне гранттарды бөлу жүйесі себеп болып отыр - депутат

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева дарынды жастардың шетелге кетуіне қолданыстағы гранттарды бөлу жүйесі себеп болып отырғанын мәлім етті, деп ҚазАқпарат хабарлайды.

 «Өкінішке қарай, ҰБТ мен гранттарды тағайындаудың даулы сипаты, сондай-ақ осымен байланысты эмоциялық күйзелістер жылдар бойы жалғасып келеді және ол созылмалы мәселеге айналды. Сонымен қатар бұл жағдай көптеген жастарды  қажетсіз машақаттан айналып өту мақсатында басқа да жолдарды іздестіруге итермелеп отыр. Оған қоса, осындай мүмкіндіктерді, яғни мемлекеттік гранттарды Ресейдің, Чехияның, Қытайдың және басқа да елдердің жоғары оқу орындары ұсынып отырғанын ұмытпауға тиіспіз», - деп тоқталды ол.

Осы орайда депутат кейбір мәліметтерге тоқтала келе, тек биылдың өзінде ҰБТ-дан бас тартып, шетелдік гранттар бойынша білім алуға Қазақстанның 40 мың түлегі бағыт алғанын, бұл өз кезегінде түлектердің 30 пайызға жуығы екенін атап өтті. Бұл тұрғыда Д. Еспаева қолданыстағы гранттарды бөлу жүйесі елден талапты жастардың шетелге қоныс аударуын ынталандырып отырғанын сөз етті.

Оның пайымынша, ресейлік, еуропалық және қытайлық университеттер ҰБТ-ның қажетінсіз-ақ талапты жастарды іріктеп жатыр, сондай-ақ олардың арасындағы көптеген жас мамандар енді Қазақстанға оралмауы мүмкін.

«Біріншіден, 110 баллдан жоғары алған, алайда таңдаған мамандығымен грант иеленбеген талапкерлерге келесі кезекте ҰБТ бойынша пәндер айырмашылығын тапсыру талабымен бөлінбенген гранттары бар басқа мамандықтар бойынша грант ұсынған дұрыс. Екіншіден, ҰБТ-дан бөлек, қабылдау емтиханы жүйесі арқылы жоғары оқу орнына түсудің баламалы нұсқаларын талапкерлер таңдауына енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн. Үшіншіден, дарынды әрі талапты жастардың шетелге қоныс аударуын тоқтату мен ғалымдар мен жас мамандардың елге оралуын ынталандыратын бағдарламаны әзірлеу керек»,  - деді депутат. 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама