tengrinews.kz
- 06 мау. 2026 10:00
- 31
Алматыдағы түнгі клубтар мен барлар полиция рейдтерінен кейін жарты жылға жабылды
Алматы қаласының Медеу ауданында полиция қызметкерлері жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз түнде ойын-сауық орындарында жүргенін және олардың арасында алкогольдік ішімдіктерді тұтыну фактілерін анықтады. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.
Бұл заң бұзушылықтар түнгі клубтар мен барларда, сондай-ақ мейрамхана кешендерінің бірінде тіркелді. Полиция әрбір факті бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдады. Мекеме иелері мен өкілдері жасөспірімдерді белгіленген уақытта ойын-сауық орындарына кіргізгені және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты басқа да бұзушылықтар үшін жауапқа тартылды.
Қарау нәтижелері бойынша, мекемелердің қызметі алты ай мерзімге тоқтатылды. Сонымен қатар, жасөспірімдердің ата-аналары мен заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу және бақылау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны және түнде үйден тыс жерлерде жүргені үшін жауапкершілікке тартылды.
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда
«Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Ойын-сауық мекемелерінің иелері мен әкімшілігі заң талаптарын сақтауға және кәмелетке толмағандардың түнде жүруіне жол бермеуге міндетті. Мұндай әрбір факті принципті құқықтық бағасын алады. Қабылданған шаралар демалыс және ойын-сауық саласында жұмыс істейтін барлық бизнес субъектілері үшін ескерту болуы тиіс», - деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасилов.
Полиция жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау саласындағы заң талаптарын сақтау ата-аналардың да, бизнес өкілдерінің де ортақ міндеті екенін еске салды. Алдын алу шаралары жалғасады.