Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 минут бұрын)
Шымкенттік бизнес-ханым тағы да сотта: 1,3 млрд теңгенің несібесін кім алды?

Шымкенттік бизнес-ханым Эльмира Дүйсенқызына студенттерді оқытуға бөлінген 1,3 миллиард теңгені жымқырды деген айып тағылды. Білім саласында өзіндік орнын қалыптастырған кәсіпкердің бұл әрекеті жұртшылықты тағы да таңғалдырды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін оның жеке мектебіндегі «өлі жандар» ісі бойынша да сотталғаны бар. Енді тергеу оның түрмеде отырған кезінде басқарған «көзге көрінбейтін» колледждері туралы айтуда.

Сот залының тұрақты қонағы

Дүйсенқызы шымкенттік соттарда жиі көрінетін тұлға. Ол кейде жәбірленуші, кейде айыптаушының негізгі куәсі, ал көбінесе өзі сотталушы ретінде қатысады. Эльмираның қылмыстық өткені қаншалықты бай екенін газетіміздегі оған арналған мақалалардан да байқауға болады.

Өткен жылы Дүйсенқызы, бас бостандығынан айырылған мерзімінің бір бөлігін айыппұлмен алмастырғаннан кейін, бостандыққа шыққан соң бір мезгілде екі сот процесіне қатысты. Ол Шымкент қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовтың ісінде оған тағылған эпизодтардың бірі бойынша негізгі куәгер, ал Түркістан облысы білім басқармасының экс-басшысы Ғалымжан Жұмашевтың ісінде жәбірленуші ретінде көрінді. Екеуіне де ол сотта пара бергенін айтты. Екеуі де кінәлі деп танылып, сотталды.

Жаңа іс, жаңа айып

Міне, енді Шымкенттің қылмыстық сотында кезекті сот отырыстарының кезекті сериясы басталды. Бұл жолы сот залында соттардың белді қонағы, жеке оқу орындарының иесі Эльмира Дүйсенқызы отыр. Екі рет сотталған кәсіпкер бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырды деген айыппен қайтадан сотталуда.

Экономикалық тергеу департаменті жүргізген тергеу барысында мемлекетке рекордтық 1,3 миллиард теңге шығын келтірген, жалған оқу схемасы анықталды. 2018 жылдан 2023 жылға дейін бес жыл бойы Оңтүстік Қазақстан медициналық жоғары және Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледждерінің құрылтайшысы бола жүріп, әйел жалған студенттер арқылы ақша тапқан. Колледж басшылары, бухгалтерлер және басқа да байланысты тұлғалар қылмыстық әрекетке ортақ болды.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, азаматтар формальды түрде оқу орындарына қабылданғанымен, іс жүзінде оқымаған. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында қаржыландыру алуға мүмкіндік берген. Қылмыстық схема жалған қабылдау және жұмысқа орналастыру бұйрықтарын ресімдеу, құжаттарды растау үшін электрондық цифрлық қолтаңбаларды пайдалану, сондай-ақ номиналды орындалған жұмыстар актілерін жасау арқылы жүзеге асырылған. Медициналық колледждің ақылы бөліміндегі студенттердің кейбірі мемлекет есебінен оқитындар ретінде тіркелген. Оның үстіне, Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі іс жүзінде жұмыс істемеген және тек бюджеттік қаржыландыру алу үшін формальды құрылым ретінде пайдаланылған.

Тіпті, бас бостандығынан айырылған кезінде де Дүйсенқызы бюджеттен ақша «соруды» тоқтатпаған. Ол «Риана» жеке мектебін басқарып, тіркелген оқушылар есебінен 278 миллион теңгеден астам табыс тапқаны үшін осындай бап бойынша мерзім алған болатын.

Сотталушылар қатарында басты айыпталушыдан басқа тағы төрт сыбайласы бар.

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, тергеу барысында күдіктілер өз еріктерімен 65 миллион теңге өтеген. Сот санкциясымен үш пәтер, оның ішінде Дубайдағы пәтер, үш тұрғын үй және үш автокөлік тәркіленді.

Жаңалықтар

Жарнама