Жезтырнақ
Бұрынғы уақытта бір Шора батыр деген бопты дейді. Бұл Шора батыр өзі бай екен, өзі мерген екен, өзі сондай сауық құрып жүретін адам екен. Бірақ та басқа кішкене тапшы болса керек. Бұл адам жылына, я болмаса, екі жылда бір рет ылғи мергендікпен сауық құрып, бірнеше жолдасымен ел бармаған, жұрт бармаған жерге кетеді екен. Тоғайға, тауға барып аң аулап, бір ай, екі ай, болмаса, үш айға дейін далада жүріп қайтады екен.
Сол бір уақыттарда Шора батыр жанына бір жеті жолдасын ертіп алады да бірнеше күншілік жерге кетеді. Азық-түлігін, төсек-орнын алып сол жерге барады. Барып аң аулайды, жатады. Сауық құрып жүрген кезінде, бір түн ішінде, өзі ұйықтағалы жатқанда жолдас-жорасына Шора батыр айтады:
— Әй, осы жерде кісі киік деген киік бар, я болмаса жезтырнақ бар, осы жезтырнақты мен бала кезімде естуші едім, сол жезтырнақтың осы жерде ұқым-тұқымы бар деп естуші едім, сол келіп қалар, осыдан қауіптеніп жүріңдер, – дейді.
— Оу, бұл қай уақытта келеді? – дейді жаңағы жолдас-жорасы. Өздері де қорқатын болса керек. «Қайтайық, Шора батыр, жезтырнақ келіп, бір күні түгел өлтіріп кетер» – деп қауіптенеді жолдастары.
Сөйтсе, жезтырнақтың келіп жүргенін жолдастары көрмей, бірақ бір күні Шора батырдың өзінің көзі шалса керек. Бір күні кешке жуық ет пісіріп, отты жағып отырып:
— Енді біраз күнде қайтамыз, жігіттер. Ана жерде, мына жерде жақсы аңдардың терісі бар, оның барлығын жинайық, ел-жұртқа қайталық. Біз келгелі талай уақыт болды, – деп, жолдас-жорасына хабарлап отырған кезде, бір әйел адам айдалада, тоғайдың ішінде, жаңағы тамақ ішіп отырған кісілердің қасына келеді.
— Өй, бұл не қылған адамсың? Кел, бері шық! – деп Шора батыр мұның жезтырнақ екенін біледі. Әдейі бұларды аңдып келгенін Шора батыр біліп, өзінің пышағымен ет кесіп береді әлгі жезтырнаққа. Етті жеп отырғанда Шора батыр жезтырнақты ежелден білетінін үлкен адамдарға, жолдастарына айтпайын, оның тамағын көрейін деп, жаңағы пышақтың ұшына етті іледі де:
— Мә, мына етті же! – деп жезтырнаққа береді. Сөйтсе, жеңінен саусақтарын көрсетпей, жезтырнақ етті алады да аузына салып, қайтадан жеңімен қолын жабады. Сөйтсе, Шора батыр жаңағы пышақтың ұшына шаншып берген майын шөпке сүртетін көрінеді. Сөйтсе, жезтырнақ айтады:
— Иә, сіз майды шөпке неге сүртесіз? – дейді де сонымен теріс айналып жөнеледі.
Сонан кейін жаңағы жеті жолдасы есі шығып кетеді.
— Ойбай, бұл енді бәле болды, бәрімізді қыратын болды! Әнеукүннен бері кетейік деп едік! – деп Шора батырға ренжиді.
— Жоқ, мұны біз аламыз, мұнан біз өлмейміз! Бұл жезтырнақтың осында әкесі де бар. Бұлар бірнеше адам. Мұны баяғыда әкеміз, шешеміз айтатын, енді міне, айтқанды көзбен көрдік, – деп, Шора батыр жолдас-жорасының көңілдерін жұбатады. Шора батыр жолдастарына ақыл айтады.
— Мұнан енді біз өлмейік, сендерге мен былай әдіс айтайын, сендер, мына әрқайсымыз отырған жеті томарша қарағайға киімімізді кигізейік, бөркімізді кигізейік, белбеуімізді байлайық беліне, қарағайдың басына шығып кетейік. Бұл біраздан кейін бізді ұйықтады деп аңдып жүріп, ақыры келеді, ол қазір бізді көріп тұр бір жерде, – дейді.
Сөйтіп, жолдастары тамағын ішіп алып, аттарын басқа жерге апарып қойып, жаңағыдай істеп, Шора батырдың ақылы бойынша томаршықтарына шапандарын кигізіп, бөріктерін кигізіп, белбеулерімен буып адам етіп қояды да ортасына дәу етіп от жағып, әлгілер, әйтеуір, оқ жететін алыстау-алыстау жерге қарағайдың басына шығады да отырады. Сол біраздан кейін, жарым түннен асқаннан кейін жезтырнақ келеді де ана томаршықты бір ұстап, кіндігімен шаншиды, мынасын бір ұстап бір шаншиды, жетеуін бірдей түк қоймай томаршықтарды лақтырып-лақтырып тастайды да: «Бұлар қайда кетті екен?» – деп, адамдарды таппай, оттың қасына келіп отырады.
Оның алдында Шора батыр айтқан:
— «Ешқайсың ол адамды менсіз атпаңдар! Сендер мен айтқан уақытта атыңдар», – деп ескерткен болатын.
Жаңағы оттың басына келіп аспанға қарап, ары-бері қарап тұрғанда Шора батыр атады. Атқанда-ақ кеуде шенінен тисе керек, әлгі жығылады. Жығылғанда жеті жолдасы жеті рет атып қапты. Жолдастарымен түніменен жанына келмей, «бұл өлген жоқ», – деп атып, пәре-пәресін шығарып, таң ата жезтырнаққа келсе, кіндігі кәдімгідей, осы, екі-үш қарыс болат болады екен, тырнағының бәрі болат болады екен. Үстіне салған өңкей сөлкебай алтын менен күміс шашбауы. Мұның бәрін алады да Шора батыр біраз күннен кейін, «Бұл жерден қайтайық», – дейді.
— Ал, біздің жолымыз болмады. Мұның енді әкесі бар деп еді, тағы бірдеңелері болады деуші еді. Бірақ тұқымы екі-үштен аспайды, – деп жолдас-жорасына ақыл айтады да жақсы аңдардың, жақсы киіктердің кептірген тері-терсегін артып алып, елге қайтады.
Елге қайтып келе жатса, бір жапан далада, адам баласының иісі жоқ бір таудың ішінде кәдімгідей ақ нарға мінген, тап маңдайында бір көзі бар бір адам айқайды салады:
— Менің ұрқым-тұқымымды, Шора батыр, сен құртып едің. Сол жезтырнақтың әкесі жалғыз көзді әулие деген мен боламын! –деп айқай салады.
Ал, енді әлгі нар түйесімен шу десе, ол атқа да жеткізбейді, еш нәрсеге де жеткізбейді екен. Алдында екі мыңдай қойы бар екен. Шора батырды жеті жолдасымен қойдың ішіне салады да айдап алады.
— Енді бәріңді мен жеймін, енді менен тірі кетпейсіңдер, қоймен бірге қамаймын, – дейді
Қоймен бірге кешке жуық айдап келеді. Жаңағы адамдардың үрейі ұшады, сонымен, жеті қабат темір қораға ат-матымен барлығын айдап кіргізіп, сыртына құлып салып, оның ішінде жеті қабат темір үйі бар екен дейді, сол темір үйге Шора батырды жеті жолдасымен кіргізіп, өзі бірге кіреді. Шора батырға айтады:
— Ал, Шора батыр, сен менен құтылмайсың, бірақ сені ең ақырында жеймін. Осы аз күн болды, менің үлкен қызымды сен быт-шытын шығарып, соның сөлкебайын барлық кіндігіндегі, қолындағы бүкіл тағып жүрген шашбауын, бойындағы жақсы асыл нәрсесін алып бара жатырсың. Осыны мен саған қайта көрсетемін. Сен алдыменен... Міне, мына дәу қазан, – дейді. Қазанға қараса, кәдімгідей бір адам емес, он адамның басы сиятындай дәу қазан болады екен.
— Сол қазанға мына бір жолдасыңды қазір менің көзімше сойғын, соны ана қазанға сал, бірақ қанын, ішінде жынын – бәрін мына табаққа құясың, мен қазір ішем, – дейді.
Амалсыздан, енді бәрібір қолға түсті, ешқандан қару жоқ, бәрін алып қойған. Шора батыр пышақты алады да жанағы бір жолдасының басын кесіп, легенге тосып, қанын, жынын береді. Жалғыз көзді әулие ішіп алады. Ішіп алады да Шора батырға айтады:
— Менің көсеуім - анау, – дейді.
Көсеуін қараса, кәдімгі екі-үш құлаш сүймен темір болады екен, қысқашының өзі сол. Одан қашып құтыла ма?
— Мен жатамын, жатқанда мен көзімді жұмсам – ұйықтамағаным, жұмбасам – ұйықтағаным, – дейді.
Шора батыр:
«Ә, мұның көзі ашық жатады», – екен деп, жолдасының етін қайната береді, қайната береді.
Сөйтіп, бір-екі жолдасы қалғанша, күнде сойып жейді, күнде сойып жейді, бір-екі жолдасы ғана қалғанда:
— Бұған енді бір айла істемесек, бізді түк қоймайтын болды, – дейді. Оның арасында: «Енді жанға-жан», – дейді де, «ақыры өлім екен» дейді де, жаңағы қысқаш жасап жүрген үлкен сүймен темірін отқа салып қояды. Ол қып-қызыл болады. Ол уақытта жаңағы Жалғыз көзді әулие шалқасынан түсіп қор-қор етіп ұйықтап жатады, көзі жұмылмайды екен. Осы кезде Шора батыр:
— Ақыры өлдім. Өлдім, – дейді де Жалғыз көздің тақ көзінің ортасынан сүймен темірмен переді де қалады. Сөйтсе, сүймен темір жалғыз көзін тесіп, желкесінен шығады. Сонда да жаңағы Жалғыз көзді қу өлгісі келмей; «Уһ!» – деп дем алғанда, Шора батыр сол түтін шығып жатқан жерден екі жолдасымен далаға шығады соның демімен. Есік ашылмайды, өйткені кілті Жалғыз көздің қалтасында. «Жалғыз көзден құтылдық па», – деп далаға шығып: «Енді не істейміз?» – деп, оның сыртында жеті қабат темір қора бар, сол қорадан шыға алмай жүргенде, бір уақытта Жалғыз көзді:
— Шора батыр, Шора батыр! Тірісің бе? Ақыры мен сені жеймін, мына қорадан сен шыға алмайсың, бір-екі жолдасыңмен қалдың. Сенің қаныңды ішпей мен тегі қоймаймын, – дейді де бүкіл қойларын дарбазасын ашып, малды санап, «ырилап» далаға шығара бастайды.
Сонда жаңағы екі мың қойды бастап жүрген бірнеше серке, ешкілері болады, текесі болады. Далаға шыққаннан кейін, жаңағы: «Серке басташы, баста» – деп әлгі уақытта Жалғыз көз серкешті айғайлайды, серкеш бастайды. Шора батырдың әдісі сол: серкешті сойып, ішіне өзі серке болып кіріп алады да: «Ал, серкешім, басташы, баста!» – деп айқайлағанда, серке боп Шора батыр далаға шығып кетіпті. Сонда далада тұрып Шора батыр айқайлапты:
— Сен немене, қойыңды санап отырсың? Міне, мен далаға шығып кеттім. Жаңағы серкенің ішіне кіріп алған мен болатынмын! – депті. Сөйтсе:
— Ақыры мен енді өлдім, мына менің мүлкімді алғын, мені енді атып кеткін, мен енді адам болмаймын. Енді менің бір тұқымым бар. Сол тұқымымнан саған жетер, – дейді. Сөйткенде Шора:
— Менің жолдастарымды түк қоймай түгел қаны мен жынына шейін ішіп-жеп қойдың, өлдің енді. Сенің малыңды қарға-құзғын жесін! Сен өзің де құрттап өл! – деп, Шора батыр жолдастарымен еліне қайтады.
Еліне қайтып келеді, ол келгенше екі-үш жыл өтіп кетсе керек. Үйіне келгенде «Шора батыр келді, аман-есен келді» – деп той жасайды.
Сол кезде Шора батырдың жалғыз қызы бар екен, сол бойжетіп қалған кезі екен. Оны енді өзі сияқты батырға ұзатыпты. Сондай ұзатқан кезінде, Шора батырда не жоқ, бәрі бар, сөйтсе Шора батырдың қызы:
— Жезтырнақ қыздың алқасын маған жасамаса, мен риза емеспін, мен бармаймын. Тойын жасаса, жасай берсін, соның затын маған жабдықтамаса, бармаймын! – деп отырып алады.
Қызының отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап отырған кезінде әкесіне жаңағыдай қызының хабары келеді. Әкесі:
— Болмайды, балам, оның енді бір тұқымы бар. Ол бұл алқаны, бұл сөлкебайды, бұл жабдықты іздейді қайтсе де. Бұның иісі олардың мұрнында, ажалыңа серік боласың, қарағым, қой! – десе де жалғыз қызы болмайды. Амал не, ел боп, жұрт боп әкесінен жаңағы жезтырнақтың бүкіл алқа-сөлкебайларын қызына жасатады.
Қызы, сонымен күйеуге шығады, кетеді. Екі-үш жыл өтеді. Қыз барған ауыл бай екен. Жазда жайлауға шығады. Қырық отау тігіп, жайлауға апарып, бір жазыққа қондырады баласы мен келінін. Сөйтсе, бір күндер болғанда, Шора батырдың қызы түк ұйқысы келмейді, түнімен таңды атырып шығады. Күйеуі жылқыға кетіп қалады, ауылда өңкей әйел қалады.
Бір күні далаға шығып, сол жарым түн ауғанда қараса, ана үйді де шақырлатып келе жатқан бір адам дейді, мына үйді де шақырлатып келе жатқан бір адам дейді, шаш деген жайылып кеткен дейді.
— Менің сіңілімнің иісі қайдан шығады, осы ауылдан шығады! – деп, жаңағы жезтырнақтың екінші сіңілісі болса керек, сол бүкіл ауылды қырып-жойып келе жатқанда, тура Шора батырдың қызының үйіне келеді. Үйіне келгенде, Шора батырдың қызынан ес кетеді. Сөйтсе, шаңырақта кептірілген ешкінің саны тұр екен, одан басқа үйде мылтық та жоқ, еш нәрсе жоқ екен. Күйеуі аңшылық істеймін деп бәрін алып жылқыға кетіп қалған екен. Шора батырдың қызы басқа ештеңені алмайды, жаңағы қатып қалған сүрі боп қалған санды алады да, қазақ үйдің есік ағашын бетіне ұстайды да, тұра қалады. Отты күлмен көміп қояды, жаңағы үйдің іші қараңғы, жезтырнақтың қызы кіріп келеді де:
— Уһ, менің шырағымның алқасы осы үйде екен ғой! – дейді де, жүгіріп барады да, оның болат кіндігі бар, оның да жез тырнағы бар, төсекті барып қарш-құрш еткізіп бір шаншиды да, қолымен быт-шытын шығарып, уқалап-уқалап лақтырып жіберіп, үйде адам жоғын біліп, енді отты тамызып жаңағы сөлкені, алқаны іздейін деп еңкейіп кеп отты үрлеп жатқанда, Шора батырдың қызы: «енді өлдім-өлдім, ақыры мен өледі екенмін», – деп, жаңағы қатып қалған санмен Жалғыз көздің қызының басын отқа кіргізіп ұра береді, ұра береді, ұра береді. Жанып тұрған отқа жезтырнақтың басы кіріп кетеді. Бір жағынан қорыққандық, бір жағынан есі шығып кеткендік, таңға дейін ұрып шығыпты. Ертең ерте қараса, жаңағы ауылдағы қырық отаудан бес-алты отау ғана қалған, соның адамдарының қалғанының бәрін өлтіріп кетіпті.
Ертең ерте жылқыдан Шора батырдың қызының күйеуі келеді, көршілері келеді. Барлығының үйінде ештеңе жоқ, үйін қиратып тастаған, ішіндегі әйелдері өліп жатыр, бала-шағасы өліп жатыр.
Барлығы ел болып, жұрт болып жиналып елге, жұртқа хабар айтып, «осылай-осылай болды» деп, талай ел адамдарынан айырылады. Сонан Шора батырдың қызы жаңағы жезтырнақтың үшінші қызын өлтіріп, сонан кейін жарыққа шығыпты дейді.
Сөйтіп, жезтырнақтардың ажалы осы Шора батырдан және қызынан болыпты дейді. Шора батыр қайта елін жинап, жұртын жинап, қызының күйеуінің әке-шешесін шақырып, қайта той жасап, бақытты өмір сүріпті.