Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Журналистиканың функциялары

Қоғамдағы әрбір сала әртүрлі қызмет атқарады. Әрқайсысының алға қойған мақсаты, міндеттері, атқаруға тиіс шаралары бар. Сол сынды, журналистика да сансыз көп қызмет түрлерін іске асырады. Журналистика қызметтерінің ішінен ең негізгі 6 функцисын ерекше атап өтуге болады. Ол ақпарат тарату, танымдық, ұйымдастырушылық, басқару құралы, қарым-қатынас және көңіл көтеру функциясы.

Ақпарат тарату – бұл журналистиканың бірінші және ең басты функциясы. Күнделікті өмірде адамдар газет-журналдарды алып оқығанда, не болмаса  теледидардан жаңалықтар қарағанда, ең алдымен, ақпаратты қарайды. Мысалға, Таулы Қарабақтағы оқиға қалай өрбіді? Қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған пандемияның дүниежүзі елдеріне тигізген әсері қандай? Қанша адам коронвирус жұқтырды? Неше адам құлан таза сауығып кетті? деген сияқты әлемде орын алған соңғы ақпараттарды іздейді әрі соны қызығып оқиды. Журналистика осы жаңалықтарды құры ақпарат күйінде немесе кеңейтілген талдау түрінде бере алады. Егер ақпарат кеңейтілген талдау мақала түрінде берілсе, онда оның басында “Кім?”, “Қайда?”, “Неге?”, “Не істеді?” деген сұрақтарға жауап беретін сөйлемдер тұрады, яғни ақпараттың қалай болғандығын айтатын, түсіндіретін, тарқататын сөйлемдер мақаланың басында кездеседі. Бәріміз білетінде, журналистика ақпарат бермей, оны таратпай тұра алмайды. Кез келген мақаланы, жаңалықты, телешоуларды алып қарасақ та, олардың мазмұны оқырманды белгілі бір ақпаратпен таныстырады. Газет-журналдарда жарияланып жатқан, телеарналар мен радиолардан беріліп жатқан бүкіл материалдардың ақпараттық сипаты бар. Егер журналистиканың ақпараттық функциясы болмаса, онда журналистика жойылды деген сөз. Себебі ақпарат тарату журналистика саласының ең негізі әрі бірінші мақсаты.

Танымдық функциясы. Кез-келген ақпаратты тарата отырып, біз осы ақпараттардың танымдық жағында атап өтеміз. Мысалға, экономика жайлы сөз қозғасақ, біз бұл саланың жетістіктерін, туындайтын қиыншылықтарын, қаржы мәселелерін қозғап, оқырманды экономика саласындағы танымдық мәселелерден хабардар етеміз. Бұл танымдық мәселе қайдан шыққан деген сұрақ туындауы мүмкін. Журналистиканың танымдық функциясы ағартушылық тақырыптан тарайды. Мысалы, Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнбайұлы сынды ұлы тұлғаларымыздың негізгі қызметтерінің бірі осы ағартушылық қызметі болды. Яғни халықты надандықтың шырмауынан азат ету үшін, білім, ғылым үйренуге, жаңашылдыққа бастауға, айналасын танып білуге шақырды. Соның ішінде Шоқан Уалихановтың тарих жайлы, еліміздің географиялық жағдайлары туралы, халықтың, ұлттың ерекшеліктері жайлы, оның  түрлі сипаттары, этникалық жақтары – жалпы осындай өзгешеліктің барлығын ғалым жолсапар очерктерінде жазып қалдырған. Бұл ағартушылық, яғни танымдық функцияға жатады. Салалық журналистиканың қай саласында мейлі ол экономика мен спорт болсын, мейлі экология мен жолсапар болсын – барлық саласында журналистиканың танымдық функциясы кездеседі. Кейде ол есту, оқу арқылы автоматты түрде өз рөлін атқара береді. Журналистер кез-келген тақырыпты жазып отырып, осы журналистиканың ағартушылық функциясын қоса атқарып отырғандығын естен шығармау керек.

Келесі үшінші функциясы – ұйымдастырушылық. Бұл функцияның негізгі міндеті халықты белгілі бір мәселені ұйымдастыруға шақыру, күш-жігерлерін біріктіру. Мысалға, қазіргі таңда пандемияға байланысты түрлі ақпарат құралдары халықты жаппай маскалық режимді сақтауға, қауіпсіздік шараларын орындауға, өзін және өзгелерді сақтандыру үшін адамдарды еш жерге шықпауға шақырады. Елімізде Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан түрлі іс-шараларға белсенді атсалысуға, Ұлы ақынды құрметтеуге, дәріптеуге шақырады. Журналистика халық пен билік арасын жалғастырушы көпір бола отырып, осы бір мәселені дұрыс атқару үшін халықты да, билікті де мәмлеге шақырып, күштерін біріктіріп, белгілі бір іс аясына жұмылдырады. Міне, осы аталған шаралардың барлығы журналистиканың ұйымдастырушылық функциясына жатады.

Журналистиканың төртінші функциясы – басқарушылық функциясы. Қазақстан Республикасында басқа елдер сиякты билік Конституциямен бекітіледі. Елімізде тәуелсіз үш басқарушы орган бар: билік, заң шығарушы және атқарушы билік. Бірінші билік Президенттің қолында, екінші билікті қос палаталы парламент атқарады, яғни Сенат және Мәжіліс, үшінші атқарушылық билік – министирлер кабинеті және Конституцияда бекітілмеген, бірақ бұрыннан халық санасында қалыптасқан төртінші билік ол –журналистика. Журналистиканың төртінші билік иесі ретінде атқаратын негізгі қызметі – бақылаушылық. Өзінің мойнына жүктелген міндетке сай, осы төртінші билік қызметін іске асырушы журналистертерді, халық  төртінші билік иелері деп есептейді. Олай есептелуінің себебі, журналистер халық  атынан сөйлеушілер, қоғам мүдделерін қорғаушылар. Егер президент парламентке, парламент үкіметке бақылау орнатса, біз осы билік өкілдерінің барлығының ісін бақылаушы рөлін атқарамыз. Мысалға, Елбасымыз халыққа өз жолдауларын жариялайды. Ол жолдауларда түрлі міндеттер, атқарылуы тиіс шаралар көрсетіледі. Президент міндеттелген шараларды Парламентке тапсырады, Парламент өз кезегінде Үкіметке тапсырма береді. Төртінші билік осы жұмыстар мемлекет тарапынан қолға алынды ма, әлде айтылған сөз айтылған жерде қалды ма? Жолдаулар, жаңғырулар елдің мүддесіне сай іске асырылып жатыр ма, әлде жай ғана жаңғырық па? – осының бәрін анықтайтын, халық үшін, мемлекет үшін дұрыс атқарылуын халықтың атынан қадағалайтын осы – журналистика. Журналистер халықтың қоғамдағы көзі мен құлағы деп айтсақ қате айтпаймыз. Журналистиканың бақыламайтын саласы жоқ. Ол бәрін бақылайды. Қандай тапсырмалар жүзеге асып жатыр, не істеліп жатыр, қалай істелініп жатыр – бәрін журналистика оқырманның атынан бақылайды. Міне, осылайша, журналистиканың басқарушылық, бақылаушылық функциясы жүзеге асады.

Қарым-қатынас құралы. Журналистиканың бұл функциясы ақпарат арқылы халықтың басындағы проблемаларды билікке жеткізеді. Журналист халықтың білгісі келетін, көкейінде жүрген мәселерді жазады. Сұхбат алғанда да халықтың ойымен санасып, халық сұранысында жүрген, толғандырған сұрақтарды қояды. Журналистика халық пен билік арасын жалғастырушы, бір-біріне сөзін жеткізуші көпір қызметін атқарады. Журналистика арқылы билікке халықтың талап-тілегі, мұң-мұқтажы жетеді. Осыдан түсінетініміз, журналистер жауапкершілікті өзімен бірге әрдайым арқалап жүруі тиіс, себебі олар тек бір адамның ғана емес, барлық қоғамның мүдде-мұратын, талап-тілектерін білдіруші.

Журналистиканың соңғы алтыншы функциясы ол – көңіл көтеру. Бұл функцияға токшоулар, телесериялдар, концерттік бағдарламалар және тағы да басқа халыққа эмоционалды түрде әсер ететін, тынықтыратын бағдарламаларды жатқызуға болады. Халық көптеген бағдарламаларды демалу үшін көреді. Ол тек телеарналарда ғана емес, газет-журналдарда да бар. Кезінде қазақ әдебиеті газетін оқырмандар 16 бетінен бастап оқыған. Сол кездері ол беттерде түрлі әзіл-әжуа, сын-сықақ, сатиралық әңгімелер, фелетондар жарияланып отырды. Сол кезеңде журналистиканың көңіл көтеру функциясының алға шығуына қандай мәселелер түрткі болды ? Бұл сұраққа жауап берер болсақ, ол Совет өкіметінің уақыты еді. Саясатта, экономикада өрт алып бара жатқан проблемалар, дау-дамайлар болған жоқ, барлығы бір жүйемен атқарылып, біркелкілік орнады, сол себепті бірінші орынға саясат та емес, экономика да емес, көңіл-көтеретін газет-журналдарда рубрикалар алға шықты. Алайда қазіргі заманда ол еш мүмкін емес. Әрине, ондай рубрикалар газет-журналдардың арнаулы беттерінде, телеарналарда кездеседі. Бірақ бүгінгі қоғамда бірінші планға саяси оқиғалар, халықаралық саяси жағдайлар, экономикалық мәселелер, қаржы мәселелері, экологиялық проблемалар алға шығып тұр. Сондықтан да оқырман қазіргі уақытта аталған мәселелерді бірінші болып оқиды. Сонан кейін уақыты қалса, газеттің қалған қосымша беттерін шолып шығады.

Егер болашақ журналистер журналистиканың аталған 6 функциясын жақсы меңгерсе, оны оқырманға дұрыс әрі нақты жеткізсе, онда ол маманданған мықты журналист болуға бір қадам жақындайды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама