tengrinews.kz
- 10 нау. 2026 00:30
- 23
«Казгидромет» жоққа шығарды: Ираннан «қышқыл бұлттар» келе жатыр деген ақпарат расталмады
Иран аумағындағы жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде «қышқыл бұлттардың» Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға жетуі мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда, «Қазгидромет» РМК бұл мәліметті жоққа шығарды.
Бұған дейін мұнай инфрақұрылымы нысандарына жасалған соққылар салдарынан Иранда ірі өрттер мен улы бұлттар пайда болғаны туралы ақпарат шыққан болатын. Бұл бұлттардың Өзбекстан, Қазақстан және Қытайға қарай ауып бара жатқаны айтылған еді. Сондай-ақ, Тегеранда «қара жаңбыр» жауып, күкірт пен азот диоксидінің, күйенің концентрациясы жоғарылағаны хабарланды. Иран Қызыл жарты айы да теріге химиялық күйік шалдырып, өкпеге зақым келтіруі мүмкін қышқыл жауын қаупі туралы ескерткен.
Алайда, «Қазгидромет» мамандары бұл ақпаратты ғылыми деректер мен бақылау нәтижелері растамайтынын айтты.
«Қышқыл жауын негізінен өнеркәсіп, энергетика және көліктерден бөлінетін күкірт пен азот оксидтерінен түзіледі. Олар әдетте ластану көздеріне жақын жерде пайда болады. Ауа массалары үлкен қашықтыққа тасымалданғанда, табиғи атмосфералық процестерге байланысты бұл заттардың концентрациясы айтарлықтай азаяды. Біздің мониторинг деректеріміз бойынша, Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне мұндай ластанудың таралу белгілері тіркелген жоқ», - делінген хабарламада.
Осыған байланысты мамандар ресми метеорологиялық және экологиялық қызметтердің деректеріне сүйенуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.