- 14 қаз. 2017 00:00
- 261
Келіншек тау
Қазақстан далаларындағы жер, су атаулары қазақтың төл мәдениетінен, тарихынан сыр шертетін, тәрбиелік бағыт беретін көптеген деректерге толы екендігі ақиқат. Бұл деректерді көненің көзін көрген ақсақалдардан естіп келесі ұрпаққа жеткізу қазіргі буынның борышы. Оңтүстік Қазақстан Созақ ауданы Абай ауылдық округы Келіншек таудың етегінде орналасқан. Шәмші атамыздың жырына қосқан осы Келіншек тау атауының мынадай аңызы бар екен.
Ертеде бір патша қызын тұрмысқа ұзатқан екен. Жасауы барлық нәрсенің ең құндыларынан, ең асылдарынан дайындалып, иттің табағы ғана күмістен, басқа барлық нәрселер алтыннан болған екен. Жол жарағы дайындалып, жасауы түйелерге артылып, қызын шығарып салып жатқан патша: «Қызым, менен разы шығарсың, сен үшін барымды аямай, сән-салтанатымның ең бағалысын беріп жатырмын» дегенінде қызы: «Төбетімнің итаяғы күмістен екен» деп наразы сыңай танытқан көрінеді. Қызының тойымсыздығына ызасы келген патша «Тас болғыр, тас бол» деп қарғаған екен. Содан келіншек және бүкіл жасауы тасқа айналған екен делінеді.
Шынында да тау ортада бойшаң келген сәукеле киген келіншек, айналасында түйелер мен өркештері, жасауы тізбектелген осы көріністі береді. Оған табиғаттың әртүрлі түске бояуы ерекше әсемдік береді. Бұл аңыздың тәрбиелік мәні ашкөзді болмауды, барға қанағат қылуды,тойымсыз болмауды меңзейді. Бай болсаң тасыма, кедей болсаң жасыма деп өткен бабаларымыздың әрбір сөз, әрбір атауларынан осындай өнегелік дүниелерді көптеп көруге болады.