Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
«Кеңес бермеңіздер!» – Бибисара Асаубаева жанкүйерлеріне үндеу тастады

Қазақстандық шахматшы, әлем чемпионы Бибисара Асаубаева өзінің Telegram арнасындағы жазбаларына қатысты пікір білдіріп, жанкүйерлеріне үндеу жасады. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

22 жастағы спортшының айтуынша, жарыстардан кейін аудиториясы көбейіп, арнасын жүргізу қиындап кеткен. Ол бұған дейін арнасын өзінің жеке күнделігі ретінде пайдаланғанын айтты.

«Негативті блоктаймын»

«Үлкен аудиториямен бірге әрдайым негатив пен сын келеді. Карьера бойы мен мұндайға үйренгенмін, бірақ арнада жайлы атмосфераны сақтағым келеді. Сондықтан маған бағытталған кез келген негативті мен блоктаймын», - деді Асаубаева.

Ол сондай-ақ, өзінің өміріне қатысты кеңестер бермеуді өтінді. «Қалай өмір сүру керектігі, кіммен кездесу, кіммен дос болу керектігі туралы маған кеңес бермеулеріңізді сұраймын. Мені жақсы көрулеріңізді талап етпеймін, сіздерге ұнау міндетті емеспін. Егер сіздерге бірдеңе ұнамаса, жай ғана жазылыңыз», - деп қосты шахматшы.

Айта кетейік, Бибисара Асаубаеваның Telegram арнасында шамамен 20 мыңдай оқырманы бар.

Спорттық жетістіктері

Бибисара Асаубаева – блиц бойынша үш дүркін әлем чемпионы. Ол соңғы рет 2025 жылдың соңында өткен турнирде жеңіске жеткен болатын. Осы жеңісінің арқасында 2026 жылғы претенденттер турниріне қатысу құқығын иеленді.

Бұған дейін шахматшы Tengri Sport-қа берген сұхбатында турнирлерге дайындыққа кететін шығындары туралы айтқан еді.

Биыл сәуірде Бибисара Асаубаева Кипрде өткен 2026 жылғы претенденттер турнирінде екінші орынды иеленді. Бұл жетістік оның Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) әйелдер арасындағы рейтингісінде 7-орынға көтерілуіне мүмкіндік берді.

Жаңалықтар

Жарнама