Кешкі дайындық курсы
Кешкі дайындық курсының сабағы ымырт үйіріле басталып, түнде аяқталатын. Егер сіз сыртқы жарығы жарқырап жанып тұрған оқу ғимаратының ішіне кірсеңіз, онда қоршаудың арғы жағындағы қатар-қатар тұрған киімілгіштерді байқар едіңіз. Бұл киімілгіштерде мана ғана күндізгі бөлім студенттерінің сырт киімдері ілулі тұрған. Енді ғимарат ішінде күндізгі абыр-сабыр тіршілік жоқ, тыныштық. Егер сіз жарығы себезгілеп жанып тұрған ұзынша дәлізді бойлай жүре берсеңіз, онда алдыңыздан қатар-қатар тұрған оқу дәрісханаларын көрер едіңіз. Бұл дәрісханаларда мана ғана күндізгі бөлімнің студенттері сабақ оқыған. Енді ол дәрісханалар есігі жабулы, шамы сөндірулі күйінде мүлгіп тұр. Кешкі дайындық курсының тыңдаушылары үшін күндізгі бөлімнің студенті атану – үлкен арман. Өйткені олар күндізгі дайындық курсының тыңдаушылары да емес қой. Егер осы қалпыңызбен ғимараттың жоғары қабатына көтерілсеңіз, мұнда да мүлгіген тыныштық. Тек түкпірдегі жарығы жанып тұрған бір дәрісханада кешкі дайындық курсының тыңдаушылары сабақ оқып жатыр. Оларға мектеп мұғалімі сабақ береді. Осы бір қалалық мектептің тәжірибелі ер мұғалімі кешкі дайындық курсының тыңдаушыларын алда болатын күндізгі бөлімнің түсу емтихандарына қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінен әзірлеуде. Мұғалімді тағы бір оқытушы-мұғалім алмастырады. Ол кешкі дайындық курсының тыңдаушыларын алдағы түсу емтихандарына тарих пен қоғамтану пәндерінен әзірлеуде. Себебі болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын деген талапкер қазақ тілі мен әдебиетінен жазбаша, қазақ тілі мен әдебиетінен ауызша түсу емтихандарын тапсырып болғаннан кейін, міндетті түрде осы екі пәннің бірінен емтихан-сынақ тапсырады. Бірақ тыңдаушы осы екі пәннің қайсысынан емтихан-сынақ тапсыратындығын әл-әзір білмейді. Оны оқытушы да білмейді. Ол кейінірек белгілі болады. Сондықтан тыңдаушы осы екі пәннің екеуіне де күнібұрын әзірлене беруге мәжбүр. Сол жолғы сынақ қоғамтану пәнінен түскен еді. Бұл емтихан-сынақтың өзіндік ауырлығы болды. Оның үш түрлі себебі бар. Біріншіден, қоғамтанудың өзіне тән көтерер жүгі бар пән; екіншіден, бұл емтихан-сынақтың комиссия мүшелері санының алдыңғы емтиханға қарағанда көптігі; ал, үшіншіден, дәрісханаға камераның қойылғандығы еді. Камера дәрісхананың ішін түсіріп тұр, ол ауладағы халыққа тіке теледидар арқылы көрсетілуде. Онда абитуриенттің ата-анасы немесе жақындары тұруы мүмкін ғой. Өзге де абитуриенттер тұрады. Бұл емтиханның жариялылығы үшін істелген. Яғни дәрісханадағы абитуриент алған билетіне жауап беріп жатыр ма, жоқ па, сөйлеп жатыр ма, жоқ па, осыны сырттағы адамдар теледидар арқылы көріп тұрсын деген. Ауызша емтихан тапсырудың өзіндік ерекшелігі бар екендігі белгілі. Бірде облыс орталығындағы орыс тілді мектепті алтын медальмен бітіріп шыққан ұлты кәріс қыз емтихан тапсырады. Егер ол осы емтиханын «5»-ке тапсырып шықса, жалғыз емтиханның нәтижесімен-ақ оқуға бірден түсіп кететін болса керек. Емтихан тарихтан, ал билеттегі сұрақ «Ұлы Октябрь социалистік революциясының маңызы» деген сұрақ болыпты. Талапкер, әрине, барын салады. Ол сартылдап тұрып жауап береді. Ал нәтижесінде комиссия оған «4» қояды. Кәріс қыз ашуланады. «Сіздер не деген әділетсіз едіңіздер, – дейді ол комиссия мүшелеріне. – Мен бәрін айтып бердім ғой». «Иә, сенің бәрін айтып бергенің рас, – дейді оған комиссия мүшелері. – бірақ сен билеттің сұрағына жауап берген жоқсың. Сенің билетіңнің сұрағы «Ұлы Октябрь социалистік революциясының маңызы» болатын. Сен Ұлы Октябрь социалистік революциясы туралы бәрін айтып бердің, бірақ маңызы туралы ештеңе де айтқан жоқсың», – депті. Комиссияда болған маман күлетін: «Өзі билетінің сұрағына жауап бере алмай тұрып, бізбен дауласқысы келеді тағы», – дейді. Ол – өз саласының білікті маманы. Ал тест әдісімен емтихан тапсырудың бұдан бөлекшелігі бар екендігі де белгілі.
Курста староста жігіт бар. Ол тумысынан облыс орталығындағы осы қалада туып-өскен. Білікті, сауатты, екі жылдық әскер қатарынан келген, өзі комсомол мүшесі осы бір жігіттің намаз оқитындығы кеңестік мектептен шыққан оның курстастарын таңғалдыратын. Мекемелердің төбесінде орақ пен балғаның суреті салынған жалау желбірейді. Староста жігітке намаз оқуды әже үйреткен. Староста жігіттің үйінде өзімен бірге тұратын әжесі немересіне: «Дүнияуи оқуыңды оқысаң оқы, әскеріңе барсаң бар, комсомол мүшесі болсаң бол, бірақ түбінде осы намаз сұралады», – депті. Сондықтан староста жігіт иман келтірген.
Сабақ аяқтала бере жігіттер қыздарды аялдамаларына дейін шығарып салады. Алыста тұратын қыздарды автобустарына отырғызып жібереді, орталықта тұратын қыздарды үйлеріне дейін жеткізіп салады. Бірақ староста жігіт бұл топқа қосылмайтын. Оның үйі оқу ғимаратынан тым алыс емес. Сабақтан шыққан соң қыз-жігіттермен аз-кем әңгімелесіп тұрады да, сыпайы қоштасып, үйіне беттейді. Бір күні ол сабаққа келмей қалды. Ол сол күйі курстың сабағына қатыспай кеткен еді.
Енді староста болып осы топтағы ауданның орталығынан келіп оқып жатқан ақ сары қыз сайланды. Ақ сары қыздың осы курста тумысынан осы қалада өсіп келе жатқан қара қыз құрбысы бар еді. Олар курсқа келгенде танысқан. Курстағы қыздар осы екі қыздың маңайына үйіріледі. Қара қыз курстастарымен достыққа адал, ақжарқын мінезді. Оның құрбысы ақ сары қыз да сондай.
Бір күні осы қара қыз да сабаққа келмей қалды. Оны осы кезде курстастары алаңдап іздей бастады. Сөйтсе, қара қызды біреулер пышақтап кеткен екен.
Қара қыз облыстық аурухананың алдында өзінің курстастарына басынан өткен жағдайды баяндап отыр:
– Біздің үйіміз де қаланың тым қиыр шетінде ғой, өзі. Ол жаққа автобус та сирек қатынайды. Көз байлана бастаған шақ қой. Сабаққа шықтым. Өзім аялдамада қорқып тұрғанмын. Бірақ аялдамада менен басқа тағы да екі адам тұрды. Оның бірі әйел адам болған соң, соны арқа тұтып тұрған едім. Мен оларды қарапайым ерлі-зайыпты жандар екен деп ойласам... Сөйтсем, олар бұрын істі болған жандар екен ғой. Оларды милиционерлер ұстапты.
Мен аялдаманың мына шетінде тұрдым. Ал олар болса аялдаманың ана шетінде тұрды. Осы құлағымдағы алтын сырғаның да кінәсі болды-ау деймін. Светтің жарығына шағылысып, әлгілерді өзіме шақырып тұрдым ба екен? Қас қылғандай, автобус та келе қоймады. Алдында әлгі екеуі күбірлесіп, сөйлесіп тұрған еді. Сөйтсем, жоспарларын құрып тұр екен ғой. Енді екеуі маған қарай келе жатқан кезде, мен ойыма еш күдік алған жоқпын. Олар келе салып, мені ұрып-соға бастады. Сөйтті де, аялдаманың артына қарай сүйрелей жөнелді. Аялдама биіктің үстіне салынған ғой. Ал аялдаманың артында, төменде су жиналып қалған көлшік шұңқыр бар еді. Олар мені сол көлшікке қарай сүйреледі. Денеме пышақтың кіріп жатқанын осы кезде сездім. Олар мені көлшікке әкелді де, суға лақтырып жіберді. Мен суға тұншығып бара жаттым...
– Староста жігіт дұрыс айтып жүр, – деді осы кезде қара қыз бұрынғы староста жігіт туралы. – Ол – дұрыс жолда жүрген жігіт. Жаратқан Иеміздің бар екендігі анық. Әйтеуір бізден басқа бір тылсым күш бар. Суға тұншығып бара жатқан кезімде құлағыма бір дауыс келді. Ап-анық естідім. «Шыда, шыда, қазір аналар кетеді, сонан соң судан шық», – деді әлгі дауыс. Судан еңбектеп шыққанымды ғана білем. Көзіме бір жарқыраған жарық көрінді. Кейін білсем, таяу маңда тұрған үйдің ауласында жанып тұрған жарық екен ғой. Тек сол жарықтан айырылып қалмайын деп еңбектей беріппін. Сонда қаным сорғалаған күйі еңбектеп келе жатқан екенмін ғой. Әлгі үйдің ауласына кіре бере есімнен айырылып қалыппын. Осы кезде әлгі үйдің ер-азаматы темекі шегуге тысқа шығады. Аулада біреудің жатқанын көреді. Дереу келіншегін көмекке шақырады. Екеулеп жүріп жедел жәрдем шақырып, салып жіберген екен.
– Менің шашымды дәрігерлер тықырлап алып тастады, – деді қара қыз. Ол басына орамал тартып алған еді. – Өйткені пышақ басыма да тиген.
– Қорқамыз, – деді қыздар. – Сабағымыз түнде аяқталады.
– Сабақтарыңнан қалмаңдар, – деді қара қыз. – Мен енді сабаққа қатыса алмайтын шығармын. Сендер оқыңдар. Осы курсты бітіріп қалайда жоғары оқу орындарына түсулеріңе тілекшімін!
Курстың сабағы жалғасып жатты. Бір күні староста қыз:
– Жігіттер, мені үйге дейін шығарып салыңдаршы. Мен қорқып жүрмін, – деді.
– Неден қорқасың? – деді жігіттер. – Жігітің бар емес пе?
Ақ сары қыздың зауытта жұмысшы болып істейтін, мығым денелі келген жігіті бар еді. Ол бұрын ақ сары қызды шығарып салуға кеп тұратын. Сондай кездің бірінде ақ сары қыз жігітін жігіттермен таныстырған. Жігіттерге ақ сары қыздың жігіті сөзіне мығым, өзін жігіттерге сыйлата алатындай жігіт көрінген. Ақ сары қыз да жігіті өзінен бір-екі жас қана үлкен болса да, «сіз» деп сөйлейді. «Әуелде танысқанда екеуміз де бір-бірімізге «сіз» деп сөйлейтінбіз, – дейді ақ сары қыз. – Сонан соң өмірге бірге қадам басуға уағдаласқан сәттен бастап, жігітім маған сен деп сөйлейтін болды. Мен оған «сіз» деп сөйлеймін. Бұл – жігітімді сыйлағаным. Оның алдында тым қатты еркелеп, шолжаңдап кеткім келмейді. Осылай сөйлегенім өзімді жігітімнің алдында орнымен ұстауыма көмектеседі», – дейді ақ сары қыз. Ақ сары қызға жақын жүретін қыздар да олардың махаббатына қызығатын: «Махаббат болған соң осылай болу керек қой! Екеуі бір-бірін керемет сыйлайды», – дейді.
«Неден қорқасың? Жігітің бар емес пе?» деген жігіттердің сұрағына ақ сары қыз: «Жігітім бүгін түнгі ауысымға түсетін еді. Мен бір жігіттен қорқып жүрмін. Ол ізімнен қалмай жүр. Жігітім бар десем, түсінбейді. Сол жігіт алып қашып кете ме деп қорқамын», – деді
Сол күні жігіттер ақ сары қызды үйіне дейін шығарып салды. Ақ сары қыз мөлтекауданда тұратын. Бірақ оны жігіттер үнемі үйіне дейін шығарып салып жүре алмайтын еді. Бір күні ақ сары қыз да сабаққа келмей қалды. Сөйтсе, ол тұрмысқа шығып кеткен екен. Ендігі әңгімені ақ сары қыздың өзі айтсын:
– «Аңдыған жау алмай қоймайды» деген бар ғой. Әлгі жігіт ақыры алып қашты. Алдым болса түн. Қарсыласқаннан пайда жоғын түсіндім. Қарсыласа берсем, одан да зор жамандық келтіріп жүрер деп ойладым. Айлаға көштім. «Бәрібір жеті түнде кешірімге адам жібере алмайсыздар ғой. Кешірімге таңертең жібересіздер. Бірақ мені үйім қайда кетті деп іздейді ғой. Сондықтан сіңліме қоңырау шалып, оған тұрмысқа шығып кеткенімді ескертіп қояйын», – дедім. Осылай телефон соғуға мұрсат сұрап алдым. Сіңліме қоңырау шалып: «Дереу Шынтасқа хабар бер», – дедім. Алдында сіңліме ескертіп қойып жүргенмін ғой, егер сондай жағдай болып жатса, саған хабарласа алып жатсам, «сен дереу Шынтасқа хабар бер, ондай жағдайда мені тек Шынтас қана құтқарып алады» дейтінмін. Жігітіме де ескертіп қойған едім. Әлгі жігіттің тұратын үйін, көшесін сұрап алғанмын. Жігітім дереу жігіттерін ертіп жетіп келді. Алып шықты. Сосын жігітіме айттым: «Шынтас, қазақта қыз баланың босаға аттап шығуы деген жақсы ырым емес қой. Енді мен кейін қайтпай-ақ қояйын. Үйлену күнін кейінге белгілеп жүр едік. Осы күнге бұйрық түскен шығар. Енді мені өзіңнің босағаңнан келін етіп аттатып жібер», – дедім. Жігітім екі сөзге келген жоқ. Өзінің шаңырағына апарып, келін етіп түсірді.
– Бақыттымын, – деді ақ сары қыз. – Мүмкін, қыз балаға оқу да керек шығар, білім де керек шығар. Бірақ өзіңнің сүйген жігітіңе қосылып, соның жанында болғанға не жетсін?! – Мен енді сабаққа қатыса алмайтын шығармын, – деді ол. – Мен енді бір үйдің келінімін ғой. Біз, жігітіміз екеуміз, ойласып, оқуды кейін сырттан оқимыз деп шештік. Жігітім де зауыттағы жұмысынан қол үзбей жүріп, білім алғысы келеді. – Бірақ сендер оқыңдар, – деді ақ сары қыз. Сабақтарыңнан қалмаңдар. Осы курсты бітіріп қалайда жоғары оқу орнына түсулеріңе тілекшімін!
Мамырда тыңдаушыларға курсты бітіргендігі туралы құжаттары берілді. Құжатты тапсырып тұрған лауазым иесі: «Егер түсу емтихандарыңды тапсырып шыға алып жатсаңдар, осы қағаздың конкурста бір пайдасы тиюі тиіс. Ол сендерге конкурста бір басымдық береді. Бірақ бұл қағаздың күші өзге облыс орталығындағы оқу орындарына жүрмейді», – деді. Бұл жолғы талапкерлерді емтихандардан соң қиын конкурс күтіп тұр еді. Себебі Көкшетаудан 25 талапкер, Қарақалпақ АССР-інен 4 талапкер осында келіп оқуы тиіс болатын. Өйткені бұл аймақ тілдік ортаның сақталған аймағы деп есептелетін. Олар түсу емтихандарын сол жақта тапсырған. Осы себепті аймақтың өз талапкерлерінің арасында 21 орынға таласты конкурс өтті.
Құжаттың бетінде тыңдаушының кешкі дайындық курсын бітіргендігі туралы жазылған жалғыз сөйлем бар еді. Оның астында дөңгелек мөр басылып, тиісті лауазым иесінің қолы қойылған.