- 13 ақп. 2020 00:00
- 255
Көлеңкенің астына көмгемін
Қожаның үйі ауылдың шетінде, ар жағы иен дала болса керек. Бір күні Қожа таңертеңнен бүкшеңдеп, бірдеңе іздеген құсап жүреді. Мұны көрген бір көршісі қасына келіп:
— Қожа, не іздеп жүрсің? — деп сұрайды.
— Не іздеуші едім, — дейді Қожа, — биыл мені бір қырсық айналдырып жүр. Сәті түсіп тұрған шаруамның өзі сабындай бұзыла кетеді. «Сұмырай келсе, су құриды» дегендей-ақ, Құдай біледі, мен су ала барсам, теңіз суы да тартылып қалар. Мұңымды кімге шағарымды да білмеймін.
— Дегенмен, шыныңды айтшы, не болды, бәлкім менің жәрдемім тиер, — деп көрші қазымырлап қоймапты.
— Алладан жасырмағанды адамнан жасырып қайтемін, айтайын, — дейді Қожа. — Қолыма біраз тиын-тебен жиналған соң, осында әкеліп көміп едім. Енді сол ақшамды таба алмай, сандалып жүрмін.
— Ақшаңды көмген жерге бір белгі қоймап па едің? — дейді көрші, өзеуреуінен танбай.
— Қойғанда қандай!
— Қандай белгі еді? Сонда Қожа:
— Мен ақшамды әкеп, осында көміп жатқанда, төбемде шөнімдей бұлт тұрған-ды және көлеңкесі сол араға түсіп тұрған болатын. Мен ақшамды тап сол көлеңкенің астына көмгемін. Ал, бүгін Құдайдың құдіретіне не шара бар, бұлт та, көлеңке де жоқ, солармен бірге жел ұшырып әкеткендей, ақшам да жоқ, — депті.