Киіз үй
Киіз үй — мал баққан көшпелі халықтардың қысы-жазы отыратын өте қолайлы және төзімді баспанасы. Ол тез құрылып, тез жиналады. Қыста жылы, жазда салқын болады. Көлеміне және сыртқы кейпіне қарай әр түрлі болып келеді.
Киіз үйді құрайтын негізгі қаңқасын киіз үйдің сүйегі деп атайды. Оларға кереге, уық, шаңырақ, есік немесе сықырлауық жатады. Сүйектері көлеңкеде кептірілген талдан, жіңішке қайыңнан немесе теректен жасалады. Киіз үй жасаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Оны тек шебер-үйші жасайды.
Киіз үйді тігу оңай емес. Алдымен керегені (биіктігі екі метрдей) жайып, әр бөлігін бір-бірімен жалғастырып, бекітеді. Керегенің әр бөлігін «қанат» деп атайды. Қанат саны үй көлеміне қарай көбейе береді. Киіз үй төрт, алты, сегіз, он екі қанатты болады. Хан ордасы отыз қанатқа дейін жеткен.
Керегені құрып болған соң шаңырақты көтереді. Қазақ халқы шаңырақты кие тұтады. Шаңырақ — отан, әулет мағынасында да қолданылады. Оны «қара шаңырақ» деп атайды. Ұл бала әке шаңырағының иесі. мұрагері болып саналады. Киіз үйдің басқа сүйектері ескірсе, оларды жаңартуға болады, ал шаңырақты жаңартпайды. Әдетте, шаңырақты үй иесі, ер адам көтереді. Үлкен киіз үйлердің шаңырағын ат үстінде тұрып бақанмен көтерген. Бақан — бір ұшы екі аша етіп жасалған ұзын сырық.
Шаңырақты көтерген кезде оның жан-жағынан уықтарды шаншыған. Уықтың шаңырақты ұстайтын жағы үшкір, кереге басына байланатын жағы жалпақтау болып келеді, жалпақ жағын тесіп бау өткізеді, оны «уық бау» деп атайды. Осы бау арқылы уық пен керегенің басын біріктіріп байлайды. Шаншылып біткен уықтың сыртынан айналдыра басқұрмен шалмалап таңады.
Шаңырақтан кейінгі ерекше қастерленетін бөлшегі — босаға. Ол табалдырық пен маңдайшадан тұрады. Оның екі жақтау ағашын «таяныш» дейді. Оған сықырлауық орнатылады.
Сықырлауық — киіз үйдің өте әшекейленіп жасалатын сәнді есігі. Бұл ортасынан ашылып-жабылатын жарма есіктерге ұқсас. Ол екі таянышқа ілмек арқылы ұстасады, ашып-жапқанда сықырлап тұрады, сондықтан оны сықырлауық деп атайды.
Осыдан кейін үйдің сыртынан киіз жабады. Киіздің төрт түрі бар. Олар: туырлық, үзік, түндік, киіз есік. Алдымен туырлықты керегеге керіп, ұзын баулары арқылы уыққа бекемдеп байлайды. Сонан соң бақанның көмегімен үзік пен түндікті жабады. Үзік шаңырақ шеңберінен кереге басына дейінгі аралықты қамтиды. Атауына сай олар үзік-үзік киізден құралады.
Түндік — шаңырақты жауып тұратын төрт бұрышты шағын киіз, Түндік арнаулы бау арқылы оңай ашылып-жабылады.
Киіз есіктің сырты киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден жасалады. Ол шиыршықтап түріп қоюға ыңғайлы.
Киіз үйдің іші екіге бөлінеді. Олар; төр жақ (төрдің оң жағы, сол жағы), есік жақ (оң босаға, сол босаға). Қазақ халқы киіз үйдің ішін әсемдеп безендірген. Желбау — өрнекті, төгілме шашақты құр, шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асылады. Ол киіз үйге сәндік-жиһаздық сипат береді. Оның негізгі міндеті — дауыл кезінде шаңырақты салмағымен басып тұру.
Әдетте, үйдің оң жағына ағаш төсек орнатып, оның тұсына түскиіз ұстап, шымылдық кұрады. Төрге жүкаяқ, оның үстіне әбдіре (сандық) қояды. Әбдіреге көрпе-жастық, тағы басқа жүктерді жинайды. Үйдің сол жағына тамақ салатын кебеже, қазан-аяқ салатын аяққап, ыдыс-аякқ (саба, торсық, ожау, кесе, тостақ және т.б.) қойылады да, осы араны шым шимен қоршап жабады. Бұл «ас-су бұрышы» деп есептелінеді. Ал үйдің ортасына тамақ асатын ошақ (таған) немесе темір пеш орнатып қояды.
Сәндік үшін жасалған желбау, бас құрбаулар мен түскиіздер үй ажарын ашып, айрықша рең береді.
Киіз үйді осылай әр отбасы өз қалауларынша безендіріп жабдықтаған. Жабдықталған үйдің сәнді, әдемі болуы үй иелеріне байланысты.