- 04 жел. 2019 00:00
- 190
Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі
Еліміз тәуелсіздік тәжін кигеннен бері көптеген қазақ тілшілері латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп келеді. Латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға тайға таңба басқандай белгілі. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 12 сәуірдегі Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру мақаласында еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатында нақты атқаратын мақсат-міндеттерді айқындап, бірнеше жоба ұсынды. Солардың бірі қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстары болып табылады. Бұл мәселе жөнінде Елбасы 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз қажет деген болатын.
Н.Ә.Назарбаев өз мақаласында:
- латыншаға көшудің тиімділігі қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты сонымен қатар, мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.
- 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек.
- 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс. Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұратындығын атап көрсетті.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраев әліпбиді латынмен ауыстырғанда біздің ұтатын жақтарымыз деп мынадай пункттерді атап көрсетті.
Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп түсінуіміз қажет.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.
Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу — ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін.