Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
LRT: Астананың жаңа символы ма, әлде күмән тудыратын жоба ма?

Астанадағы жеңіл рельсті метро (LRT) жобасы қалаға ерекше көрік бергенімен, оның тиімділігі мен ыңғайлылығына қатысты сұрақтар туындап отыр. Жылтыр пойыздар аспан астында сырғып өткенімен, маршруттың өзі көпшіліктің көңілінен шыға қоймайды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

LRT бағыты: Туристерге ыңғайлы ма, әлде қала тұрғындарына ма?

Бастапқыда LRT жобасы туристерге ыңғайлы болады деп уәде етілген еді. Әуежай мен вокзал арасын байланыстыратын бұл бағыт қала тұрғындары үшін де тиімді болып шығуы керек еді. Алайда, маршруттың өзі көпшіліктің күдігін тудыруда. Мысалы, Нәжімеденов көшесі маңында тұратындар үшін әуежайға жету таксимен әлдеқайда оңай әрі жылдам.

Әлеуметтік желілерде де бұл бағытқа қатысты сын айтылуда. Кейбір қолданушылар мұндай бағыттың қажеттілігін түсінбейтінін, әсіресе саяжайда тұратындарға ғана тиімді болуы мүмкін екенін жазуда. Қалыптасқан автобус бағыттары мен ыңғайлы такси қызметінен бас тартқысы келмейтін қалалықтар үшін LRT-ға ауысу оншалықты тартымды болмай тұр.

Жаңа көліктің шуы мен инфрақұрылымы

LRT желісі өтетін үйлердің тұрғындары жаңа көліктің шуына қатысты алаңдаушылық білдіруде. Кейбірі пойыздың дыбысын кір жуатын машинаға немесе желдеткішке теңесе, енді бірі оны «ғарыш кемесінің дыбысына» ұқсатады. Алайда, бұл дыбыс кейбір тұрғындар үшін мазасыздық тудырып, тіпті ұйқыдан қалуына себеп болуы мүмкін.

Қалалықтар LRT бойындағы тұрғын үйлердің бағасы төмендеп кетуінен де секемденеді. Жыл бойы созылатын шудың салдарынан пәтер иелері үйлерін сатуға кірісіп кетуі ықтимал деген пікірлер айтылуда.

Сонымен қатар, құрылыс кезіндегі абаттандыру жұмыстарының сапасы да сынға алынуда. Тіреу бағандарының айналасындағы ойдым-ойдым шұңқырлар, лай-батпақ пен қоқыс қала өміріне жат көрініс.

LRT тарихы: Жемқорлықтан жаңа үмітке дейін

Астанадағы LRT жобасының тарихы күрделі. 2017 жылы Қытай банкінің несиесі есебінен басталған құрылыс 2019 жылы сыбайлас жемқорлық дауына байланысты тоқтатылған болатын. Сол кезде жұмыстың тек 15%-ы ғана орындалған еді. Кейін сот тергеуі барысында қаражаттың жымқырылғаны анықталып, қазақстандықтар бұл жобаны «жемқорлықтың ескерткіші» деп атап кетті.

Құрылысқа 2023 жылы қайта оралды. Бұл жолы жоба бюджет есебінен қаржыландырылып, іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Сынақ режиміндегі пайдалану 2025 жылдың күзінде басталып, толық іске қосу 2026 жылдың мамырына жоспарланған. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 18 станция және 19 пойыз жұмыс істейтін болады. Тәуліктік жолаушы ағыны 25 мыңнан 92 мың адамға дейін жетуі мүмкін деп болжануда.

Жаңалықтар

Жарнама