- 15 там. 2018 00:00
- 303
Мамандығым — мақтанышым!
Нағыз ұстаз болу — бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Өмірде мамандықтың сан түрі бар, мәселен: аспазшы, есепші, сатушы, тоқымашы, заңгер, кітапханашы, дәрігер тағысы тағы бар тізбектей берсең өте көп. Бірақ менің таңдауым болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісі, яғни ұстаздық мамандығы болды. Әрине бұл таңдауыма әсте өкінбеймін, керісінше сол жаңағы айтып кеткен мамандық иелерін оқытып-тоқытатын осы біз, ұстаздар қауымы емес пе?! Сондықтан өз ісіне берілген, шәкіртінің жанынан ұрқұя білген ұстаздың өмірі қашанда қызықты. Ұлағатты ұстаздар қатарына ену менің ақ басты мақсатым.
Анамның айтуы бойынша мен бала күнімнен осы мамандықты риясыз жақсы көрсем керек. Күн ұзақ қуыршақтарды партаға тізіп қойып мұғалім болудан жалықпаған екенмін. Есейе келе бұл қылығым шынайы арманға айналды. Мектеп қабырғасында жүргенде де ұстаздарға қызыға қарап олардың әрбірін жан-жүрегіммен шын жақсы көретінмін. Бүгінде сол тәлімгерлеріме дән ризамын, өйткені сол ұстаздардың арқасында мен 2017 жылы Павлодар қаласындағы Б. Ахметов атындағы колледжді ойдағыдай тәмамдадым. Дәл осы жылы туған өлкем Екібастұз қаласына оралып, 1-ші қыркүйектен бастап №5-ші ЖОББМ бастауыш сынып оқуышыларына тәлім беруге кірістім. Әрине жас маман болғансоң білмейтін тұстарым болып жатады, бірақ бұл білместіктерді ізденісімнің арқасында жоюға тырысамын. Мұғалімдер қатарын толықтырып отыратын мен секілді жас мамандар да үнемі ізденіс үстінде болып, әр пәнді жоғары деңгейде, сапалы етіп өткізуге, еңбек жолына абыройлық артуға барын салады. Мұғалімге артылған мұндай жауапкершілікті әрбір ұстаз сезінеді деп білем. Ең бастысы мен өз мамандығымнан рухани күш аламын. Оқу кезеңінен бері оқушыларыма әбден үйренісіп алдым. Маған бекітілген сыныбымның ынтымағы бекем, достығы жарасқан болуына аса көп көңіл бөлемін. Мектепке кіргеннен-ақ оқушылардың жүздерін көріп шаттанып қаламын. Әр оқушының ойын еркін жеткізе алатындай жағдай жасауға тырысамын, өйткені алдымызға келген балалар біреудің маңдай алды жарығы, тәуелсіз еліміздің еркін азаматтары.
Мен — осы қиын болғанымен құрметті, ауыр болғанымен абыройлы — мұғалім мамандығын таңдағанымды мақтан етемін. Дүниедегі мамандық атаулының төресі болған ұстаздық жолында жүрген мен өзімді бақытты жандардың бірі санаймын.
Ел басы айтқандай, «ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында». Сондықтан да өз білімімді шыңдау мақсатында биыл ПМПИ- да оқуымды жалғастырудамын. Ал өмірде менің ұстанған қағидам: межелі мақсатқа жету үшін мұғалімдер өз міндетін тиісті деңгейде атқаруы қажет. Сонда ғана білімді ұрпақ, болашақта білікті маман болып шығатыны сөзсіз.
№5 ЖОББМ-нің
Бастауыш сынып жетекшісі
Алдамжар Гульзат Ануарқызы