Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мәңгілік жаса, қыран елім, Қазақстаным!

Біз тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлеттік, дінімізді өркендеттік, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы

Қазақстан мемлекеті – менің Отаным, туған жерім, алғаш кіндік қаным тамған асыл өлке. Әрбір адам үшін ең асыл қазынасы - туған жері, оған деген биік махаббаты. Менің Отаным Тәуелсіздігін алған, дамыған елу елдің қатарындағы тұғыры биік ел.

Бұл тәуелсіздік оңай келген жоқ. Тәуелсіздігіміз XV ғасырда Керей мен Жәнібек бастаған қайсар да, рухты халықтың кең байтақ даласында  Қазақ хандығының іргетасын қалаудан басталды. Қазақ халқын құрып кету қаупінен сақтап қалған, жерін жауға бермей ұлан байтақ өлкесін қазақ еліне мәңгі қоныстандыру мақсатында жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреп өткен хас батырлар қаншама десеңізші! Мен екі рет ашаршылықтан, Ұлы Отан соғысынан, бодандықтан аман шығып, биік аспан көгінде қырандай самғаған Қазақстаныммен мақтанамын!
Мына алтын күні алаулаған зеңгір аспанның аясында баяу қалықтаған дала бүркіті қазақтың дарқан, бітімшіл, бейбіт көңілін шырқау биікке алып шыққандай.

Хош, еліміздің тәуелсіздік алғалы жеткен жетістіктеріміз бен қол жеткізген табыстарымызға көз жібертіп көрейікші. Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап, өз елін жарқын болашаққа жетелген алғашқы көшбасшымыз Н. Назарбаевтың, тұғырлы елдің тұтқасын қисайтпаған қазіргі басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еңбектері ерен.

Біз 1992 жылдан бастап ең ықпалды, беделді ұйым БҰҰ-ға мүше болдық. 2011-де "Азияда-2011" спорттық ойындарын, 2017-де әлемдік беделімізді одан әрі бір сатыға жоғарылатқан "Expo-2017"  көрмесін өткіздік. Дамушы елу елдің қатарындамыз. Аз ғана уақыт ішіндегі жеткен жетістіктеріміз мұнымен бітпек емес.

Қазақстан – менің Отаным, мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын. Ұстаздарымыз айтқандай, адамгершілігі мол, тәрбиелі адам – кез-келген мемлекеттің байлығы, әлеуметтік өмірдегі бейбітшілік пен мәдениеттің кепілі. Ұлттың жоғалмауы ұлы ұрпақтың ғана қолынан келетінін анық білеміз.

Қорытындылай келе, тағылымы мол тарихымызбен, ұлы тәлімімізбен біз алдағы асуларды алқынбай асатынымызға сенімім мол. Мен "XXI – ғасыр Қазақстанның "алтын ғасыр" боларына, мәңгілік ел болу жолындағы ұлы істеріміз бен  алдағы дәуірлерімізге жол ашыларына сенемін. Қазақтың мәңгілік ғұмыры біздің мәңгілік болашағымызды баянды етуге арналады. Тәуелсіздік туын құлатпай бекем ұстап, ұлан-ғайыр жерімізге иелік ету, қайсар ата-баба жолын ұстау – намысты, жігерлі, білімді жастардың қолдына! Мәңгілік жаса, қыран елім, Қазақстаным!

Құрбанбаева Фариза Нұрболатқызы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама