- 23 мау. 2016 00:00
- 415
Мәскеулік студенттер неліктен қазақ тілін меңгере бастады? (ВИДЕО)
Ана тілімізде сөйлеген ресейлік жастардың бейнеролигі ғаламторды шарлап, көпшіліктің назарын өзіне аударған еді. Сөйтсек бұл студенттер қазақ тілін екінші шет тілі ретінде таңдаған және қазір осы пән бойынша соңғы емтихандарын тапсырып жатыр екен, деп хабарлады www.24.kz.
«24 KZ» арнасының тілшісі Дана Нұржанның айтуынша, бұлар Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің студенттері екен. Биыл мұндағы 10 бірдей түлек қолына қазақ тілінің маманы деген диплом алмақ. Ал неге деген сұраққа аталған мамандарға сұраныс жоғары деген уәж айтылды. Яғни олар Қорғаныс немесе Сыртқы істер министрлігіне, болмаса ірі бизнес компанияларға жұмысқа тұра алады.
«Бұрын барлығы тек Еуропа мемлекеттерінің тілін меңгеруге құштар болды. Қазір ТМД елдерінің тілдеріне деген сұраныс артып келеді. Өйткені заманның ағымы және нарықтың талабы сондай. Сондықтан аптасына 8 сағатты таза қазақ тіліне арнаймыз», - деді ТМД елдері тілдерін үйрету орталығы директорының орынбасары Владимир Конев.
Бұл студенттердің барлығы дерлік қазақ тілін асқақ армандарына қол созу үшін таңдағанын айтады. Бұған қоса, олар тағы 2 шет тілін меңгеріп шығады.
Елизавета Осипова, университет түлегі:
- Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей байланыстары өте тығыз. Мысалы Еуразия экономикалык одағы өте тез дамып жатыр.
Ксения Быкова, университет түлегі:
- Мемлекеттік салалардан басқа екі ел арасында бизнес байланысы да бар. Мен ойлаймын, сол себептен құрылымдардың өте үлкен болашағы бар.
Сонымен қатар бұл студенттер тәжірибені Қазақстанда, нақтырақ айсақ, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде өткен екен.
Анастасия Ткач, университет түлегі:
- Біздің тобымыздан бірінші күннен осы тілге ғашық болдық. Өйткені бұл өте әдемі тіл.
Анастасия Решетникова, университет түлегі:
- Біріншіден, қазақ халқының ашықтығы және мейірімділігі бізге қатты әсер етті. Әрине, Қазақстан өте әсем ел.
Бұл студенттер осы межемен тоқтап қалмақ емес. Алдағы жылдары магистратураға тапсырып, қазақ тіліндегі білімін одан сайын жетілдірмек.