- 27 қыр. 2017 00:00
- 325
Мектепте ақша жинағандарға қатаң шара қолданылады - Алматының Білім басқармасы
Алматыда мектепте ақша жинауға қатаң тыйым салынған. Егер ондай факті анықталған болса, жауапты тұлғаға қатысты жұмыстан шығаруға дейінгі қатаң шара қолданылады. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы Білім басқармасының орынбасары Ләззат Жылқыбаева «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында өткен «Мектеп қабырғасында ақша жинау» мәселесіне арналған брифингте айтты.
Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, кейде мектепте ақша жинауға қатысты шағымдар түсіп тұрады, алайда тексере келгенде оған ата-аналардың өзі мұрындық болғаны анықталып жатады.
«Мектепке оқулық, кеңсе тауарларына, дәптерге, тағы басқа да құралдарға ақша жинауға қатаң тыйым салынған. Кей жағдайларда ақша жинау фактілері келіп түседі. Білім бөлімі қызметкерлері барып тексергенде, көбіне оларға ата-аналар мұрындық болғаны анықталып жатады. Мектеп қабырғасында қаржы жинауға қатаң тыйым салынған. Егер де ойын-сауық орталықтарына жағдайы жететін ата-аналар мектептен тыс уақытта жиналса, қарсылығымыз жоқ, ал сыныптағы 25 баладан мәжбүрлеп ақша жинап, ондай шараларды ұйымдастыруға рұқсат жоқ», - деді Ләззат Жылқыбаева.
Оның айтуынша, Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен екі жылдан бері тоқсан сайын мектеп директорлары мұғалімдер мен ата-аналар алдында есеп беріп тұрады. Жыл сайын барлық білім мекемелеріне ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынғаны туралы ескертілген хат жіберіледі.
«Білім басқармасының сайты ана-алармен байланыс орнатқан. Егер ата-аналардан ақша жинау туралы шағым түссе қатаң шара қолданамыз. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Білім басқармасы тарапынан ата-аналар комитеті қызметінің тиімділігін қарастыру басқарманың күн тәртібінде тұр. Себебі, ата-аналар комитеті тікелей қызметін ұмытып, мұғалімге ақша жинау мәселесімен айналысып кетеді», - деді ол.
Айта кетейік, Алматы қаласында бүгінгі таңда 998 білім беру ұйымы қызмет атқарады, оның 443-і мемлекеттік, 555-і жеке меншік. Оларда 375 мың бала білім алуда. Алматы қаласында 2016 жылы білім саласына - 60 млрд теңгеден астам, 2017 жылы 63,3 млрд теңге бөлінді.