- 13 жел. 2016 00:00
- 244
Мемлекет колледж студенттерін тегін оқытуға 73 млрд. теңге жұмсамақ
Қазақстанда тегін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасына жергілікті бюджеттерден жыл сайын 73 млрд. теңге бөлініп отырады деп болжануда.
Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті.
Қазіргі уақытта Білім министрлігі тегін техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа тетіктерін жасақтаған. 2021 жылға дейін Қазақстанда тегін білім жүйесімен 671,5 мың адамды қамту көзделген.
«Жергілікті бюджет есебінен оқитын студенттерге келетін болсақ, бұл шамамен жыл сайын 73 млрд. теңгені құрайды», - деп атап өтті Асылова.
2017 жылы аталмыш модель бойынша, ең көбі 142 мың адам қабылданады деп жоспарланып отыр. Олардың ішінде 40 мың адам жұмысшы мамандықтары бойынша, 54 мың адам - 2 жұмысшы біліктілігін алып шығатын орта буынды мамандықтар, 32 мың адам - білім беру, медицина және өнер мамандықтары, 16 мың адам - экономикалық және заңгерлік мамандықтар.
Жаңа бағдарлама бойынша, әсіресе, білім алуға қаражаты жоқ, аз қамтылған отбасыдан шыққан жастарды көптеп тарту жоспарланған.
Оқыту колледждердің базасында жүргізіледі. Жергілікті әкімдіктерде еріктілердің, полиция қызметінің, жастар ұйымдарының, білім беру қызметтерінің күшімен жедел топтар құрылады. Олар аудан, ауыл мектептерінің түлектері арасынан бағдарлама қатысушыларын тартумен айналыспақ. Студенттерді таңдау барысында олармен сұхбат жүргізіледі, ал оқуға түсісімен оларды ыстық тамақпен, шәкіртақымен және тегін жол ақысымен қаматамасыз ету көзделіп отыр.
Бағдарламаның екінші бағыты - еңбексіз отырған азаматтарды жұмысшы мамандықтарына 1-6 ай көлемінде дуалды негізде оқыту. Осылайша, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және индустрияландыру бағдарламасына қажетті сирек мамандардың жаңа легін қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Шалғай ауылдарда тұратын жұмыссыз азаматтар мобильді оқыту орталықтарында оқып жүріп, жаңа мамандық ала алады. Мұндай орталықтар Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, Қостанай, Маңғыстау облыстарында құрылған. Сонымен қатар «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырына оқыту жүргізіледі. Кәсіпкерлікке оқыған азаматтар микронесиелер алып, өз кәсібін ашуына мүмкіндік жасалады.