Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 18 сағат бұрын)
Менің Отаным - Қазақстан
Тәрбие сағатының тақырыбы: Менің Отаным - Қазақстан
Мақсаты:
Білімділік: Жас ұрпақты Отанын сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, бай - қуатты ел екендігін мақтан етуге үйретіп, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, махаббат сезімін ояту;
Дамытушылық: Отанын, туған жерін қорғай білуге, халқымыздың талантты ақындарының өлеңдері мен ата - бабаларымыздың өнеге етіп қалдырған даналық сөздері арқылы оқушыларды ұлтжандылыққа, ата мекенін көздің қарашығындай сақтай білуге, патриоттық сезімге тәрбиелеу;
Тәрбиелік: Ойларын жүйелі түрде жеткізе білу, шығармашылықпен жұмыс жасап, мәнерлеп өлең оқып, мағынасын түсіне білу дағдыларын дамыту.
Көрнекілігі: Қазақстан Республикасының картасы, рәміздер, авторларының суреттері, қанатты сөздер, гүлдер.
Әдісі: сұрақ - жауап, әңгімелеу, түсіндірмелі, көрнекілік
Формасы: тәрбие сағаты
Тәрбие үрдісі: Азаматтық, патриоттық және полимәдениеттік тәрбие беру.

Барысы: І Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды дөңгеленте тұрғызып, қонақтарды қарсы алып, тәрбие сағатының тақырыбымен таныстырамын.
Біз бүгін «Менің Отаным - Қазақстан» тақырыбында тәрбие сағатын өткелі отырмыз.
- Балалар, біздің Отанымыз қалай аталады екен?
- Қазақстан
- Қазақстан жері қандай?
- Қазақстан жері үлкен, әдемі, әрі бай.
- Дұрыс айтасыңдар, балалар, Қазақстан жері батыстан шығысқа қарай 300 000 шақырымға, солтүстіктен оңтүстікке қарай 1700 шақырымға созылып жатыр.
- Біздің еліміз - жерінің кеңдігімен қатар, табиғи байлығы да мол мемлекет. Өріс толы малы, тайдай тулаған балығы, теңіздей толқыған егіні, дала толы аң - құсы, таусылмас кен байлығы да жеткілікті, мол.
- Осы айтылған ойларымыздың дұрыстығына көз жеткізу үшін қазір мынадай өлең шумақтарын тыңдап көрсек.

Ақсұлу:
Отан - жерім, Отан - суым,
Отан - қуат, нәр береді.
Отан - ұран, Отан - туым,
Отан мәңгі гүлденеді.

Мейір. Мағжан:
Сүйемін мен Отанымды,
Гүл жайнаған жерімді.
Сүйемін мен ата - анамды,
Мені өсірген елімді.

Алтынбек:
Отан деген - Атамекен,
Отан деген - туған жер.
Отан - ана, Отан - пана,
Қазақстан - туған ел.

Ақырыс:
Отанды біз Атамекен,
Деп аялап айтамыз.
Өйткені оны мекен еткен
Бабамыз бен атамыз.

Ұлжан:
Отанды жас - кәріміз де,
Туған жер деп сүйеміз.
Өйткені онда бәріміз де,
Туып, өмір сүреміз.
Жарас:
Отан - менің өзегім,
Қиының болса төземін.
Алдағы бақыт шақтарды,
Жүрегіммен сеземін.

Тимур:
Отаным - менің өзегім,
Қырыңды шарлап, кеземін.
Білу керек әр ұрпақ,
Бес саусақтай өз елін.

Мөлдір:
Отаным - мәңгі қорғаным,
Қалаймын бақыт қонғанын.
Сүйемін және сондықтан,
Өзенін, көлін, орманын.

Аружан:
Бақытты боп жүргенім,
Сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім менің тірегім,
Құшағыңда гүл атам.

Таңшолпан:
Ата, Әжем, Әкем, анам -
Төртеуі де «Отан!» маған
Төртеуі де «Ботам» дейді
«Ер азамат атан!» дейді
Мақтанамын Отаныммен,
Отаныма «Ботамын»мен

Мейрамбек:
Сарқылмайтын қуатым,
Тірегімсің сен, Отан!
Мәңгі соғып тұратын,
Жүрегімсің, сен Отан!

Тілекбаев Мағжан:
Біз жас ұлан - Отан ана өркені
Үміт артқан болашағы, ертеңі.
Туған елдің даңқын көкке өрлетіп,
Гүлге бөлеп жасартамыз өлкені.

Шынарай:
Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді
Отан дейміз туған жер, атамекен
Биік тау, орман, тоғай көлімізді

Айбат:
Отан дейміз кең - байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

Аяулым:
Қазақстан - көк байрақты ел едің,
Сен дегенде лүпілдейді жүрегім.
Өзің менің мақтанышым, тірегім,
Өзің менің қуанышым, бақытым

Хамит:
Қыран құсым көк аспанда самғасын,
Желбіресін көк байрағың сан ғасыр!
Жас ұландар, берік ұста туыңды,
Жарқыратып туған елдің таңбасын.
Қазақ биі. Орындайтындар: Сыныбымыздың бір топ қыздары.

Туған жерін сүймейтін адам жоқ. Олай болса, туған жер туралы қандай мақал - мәтелдер біледі екенбіз?

1. Айгүл:
Туған жер - тұғырың
Туған ел - қыдырың.

2. Әліби:
Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.

3. Бекнұр:
Туған жер – алтын бесік.

4. Динара:
Туған жердің топырағы да ыстық.
Асылай:
Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!

Мәдина:
Отан – оттан да ыстық.

Отан дегеніміз - адамның туып өскен жері, туған - туысқандарымен, жақындарымен бірге тұратын ата мекені. Қазақ елінде тұратын адамдардың Отаны - Қазақстан Республикасы.
Қазақстан - Туымен тұғырлы,
Елтаңбасымен еңселі,
Әнұранымен айбатты.
Мұғалім:- Балалар, 1992 жылы 4 маусымда жаңа мемлекеттік рәміздер - Елтаңба, Ту бекітілді. Міне, бүгінгі таңда Қазақстан өз алдына Тәуелсіз мемлекет. Біздің өзіміздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар. Егеменді Қазақстанбыз.

Қорытынды:
Қазақстан - сен заңғар биіксің, кеңсің. Біздің жанымыз өзіңе деген мақтанышқа бөленген. Біз сенің атыңды жер бетіне жар салар перзентіңбіз, тәуелсіздікті мықтап қолға ұстайтын балаңбыз!
Біз - тәуелсіз қазақ елінің ең жас жеткіншектеріміз. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді, әкелеріміз бен аталарымыз сияқты қадірлеуге, сүюге, қорғауға тиісті екенімізді естен шығармайық дегім келеді.
Ұстаздар, ата - аналар, оқушылар сіздерге көп - көп рахмет. Сау болыңыздар!

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы,
Ы. Алтынсарин орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі Қорбақова Сәуле

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама