Ақын-ғалым Шөмішбай Сариев Нағашыбайұлының қысқаша өмірбаяны
Ақын-ғалым Шөмішбай Сариев Нағашыбайұлы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің иегері, Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын Медаль сыйлығының лауреаты, «Жыл Адамы — Алтын Адам» сыйлығының лауреаты, «Платина Тарлан» сыйлығының лауреаты, Арал ауданының құрметті азаматы, екі дүркін «Елім менің» атты Президент бәйгесінің бас жүлдесінің (Гран при) иегері.
Шөмішбай Сариев Нағашыбайұлы (Шалқар Сарин) 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш станциясында туған. Қамбаш орта мектебін бітірісімен Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде қызмет атқарған. 1961 жылы алғашқы өлеңдеріне Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газеті бетінде сәт сапар берілген. 1966 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі Әль-Фараби атындағы Ұлттық университеті) журналистика факультетіне түсіп, оны 1971 жылы бітірген. 1970-1974 жылдары «Қазақстан» саяси баспасында редактор болып қызмет атқарған. 1974 жылдан 1991 жылға дейін «Жұлдыз» журналының әуелі сын бөліміне орналасып, кейін поэзия, өнер және ғылым, сын және библиография бөлімдерінің меңгерушісі болған.
Д.Гулиа, О.Бергольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску, Луиш ди Камоэнс тағы басқа ақындардың өлеңдерін аударған.
1991 жылы конкурстық негізде Қазақстан Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қазіргі әдебиет бөліміне аға ғылыми қызметкер болып орналасып, 1993 жылы «60-70-ші жылдардағы қазақ лирикасы. Көркемдік ізденістер» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленді. «ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монография жазып, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов тағы да басқа поэзия жұлдыздарының еңбектерін ғылыми тұрғыда талдады. «70-ші, 80-ші, 90-шы жылдардағы қазақ поэзиясы» атты монорафиясы «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Мағжан Жұмабаевтың үш томдық шығармаларын дайындап (1995 ж.), оның өлеңдерінің ғылыми түсініктемелерін жазды. Және де сол кітаптың редакция алқасының мүшесі болды.
Ш.Сариев негізгі қызметін атқара жүріп, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінеде сабақ беріп және Д.А.Қонаев атындағы Заң университетіне де атсалысты. Соған орай Д.А.Қонаев атындағы университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен профессор атағы берілді. Мемлекеттік Қуыршақ театрының көркемдік жағын басқарды, қазір бағыт-бағдары жаңаша өзгерген «Ақиқат» журналының (бұрынғы «Қазақстан коммунисі» журналы) Руханият бөлімін басқарды. Коммерциялық телеканалда (КТК-да) «Менің достарым» атты әдеби-музыкалық хабарлар жүргізді. «Тамаша» телехабарының алғашқы кезден он жыл бойы авторы болды, 1989 жылы «Қайнар» баспасынан «Тамаша, Тамаша,Тамаша» атты кітабы жарық көрді. Қазақ ақындарының ішінде тұңғыш рет «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. 1982 жылы «Ғашықтар жыры» атты, 1992 жылы «Арал балаларына арналған қайрымдылық кеш» атты М.О.Әуезов академиялық театрында, 1996 жылы «Ақын. Композитор. Әнші» атты , 2001 жылы «Бозжорға» атты , 2006 жылы «Ақын ШөмішбайСариев 60-та атты», 2009 жылы «Ақын Шөмішбай Сариев Пайғамбар жасында» атты Республика сарайында ақынның авторлық кештері болып өтті. Мұның бәрі де теледидардың Алтын қорына жазылып алынды.
2000 жылы Бухаресте «ЮНЕСКО» ұйымдастырған Румынияның ұлы ақыны Михаил Эминескуге арналған бүкіл дүниежүзілік ақындарының бас қосқан симпозиумына Қазақстан және Орта Азиядан жалғыз қатысқан ақын.
Шығармалары орыс, украина, қырғыз, өзбек, тәжік, румын, чех, үнді, француз тілдеріне аударылып жарияланды. 2003 жылы Прагада Чех елінің ұлы ақын-жазушысы Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Осы жылы үнді тілінде «Теңізден соққан жел лебі» атты кітабы жарық көріп, Дели қаласында өткен кітаптың тұсаукесер тойына қатысты. 2004 жылы «Жыл Адамы-Алтын Адам» сыйлығының лауреаты атанды және де сол жылы «Платина Тарлан» сыйлығының лауреаты атағына ие болды. 2006 жылы ақын Шөмішбай Сариевке Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. 2008 жылы Парижде өткен «Ақындар көктемі» фестиваліне қатысып, өлеңдері 80 елге француз радиосы арқылы таралды. Француз тілінде «Дала желі» атты кітабы жарық көрді. 2011 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен Парасат орденінің иегері атанды.
Ақын үш жүзден асқан ән-өлеңдердің және он бестен астам кітаптың авторы.
Шығармалары: «Балдәурен», Өлеңдер. А., «Жазушы» 1974 ; «Арайлы көктем». Творчестволық портреттер.А., «Қазақстан», 1974; «Теңізден соққан жел». Өлеңдер мен поэма.А., «Жазушы», 1975; «Тағдыр». Өлеңдер және балладалар. А., «Жалын», 1976; «Заула, тұлпар уақыт». Өлеңдер. А., «Жалын», 1979; «Өң мен түс». Өлеңдер және толғаулар. А., «Жалын», 1980; «Үш өлшем». Өлеңдер. А., «Жалын» 1982; «Тағдыр жыры». Өлеңдер. А., «Жазушы». 1984; «Біздің ғасыр».Өлеңдер.Поэмалар.А., «Жазушы», 1989; «Сүйінші». Замандас композиторлардың әндеріне жазылған өлеңдер. А., «Ардана қайырымдылық қоры», 1992; «Тамаша». А., «Қайнар», 1989, «Веет ветер морской». Стихи. А., «Жалын», 1987; «Сағынышым теңіз», Өлеңдер, поэмалар. Таңдамалы.А., «Жазушы», 1994; «Қос қанат», Өлеңдер. «Әсем — систем», 2004; «Екі томдық шығармалар жинағы». Өлеңдер. «Елорда» 2006; «Шөмішбай Сариев Шығармалары». Өлеңдер. «Фолиант» баспасы, 2008; «Шөл даланың ұлымын...». Өлеңдер. «Қайнар» баспасы, 2008 жыл. «Камоэнс» сонеттер. Аударма. «Аударма» баспасы 2009, «Айналдым сенен, Атамекен-ай», «SanSam» баспасы, 2011.