Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мұғалім

"Ағайынды Куликиндер мануфактурасының" қаражатымен ашылған фабрика мектебінің мұғалімі Федор Лукич Сысоев мерекелі түстікке әзірленіп жатты. Жыл сайын емтиханнан кейін фабрика дирекциясы түстік беретін де, онда емтиханға қатысқан халық училищелерінің инспекторлары мен фабрика басшылары болатын. Бұл түстіктер ресми болғанымен, әрдайым дәмді, көңілді өтіп, ұзаққа созылатын, мұғалімдердің өздері дәрежесі үлкендерді сыйлауды да ұмытып, ішіп-жеудегі бұлжымас дәстүрлерінен жаңылмай тойып алатын да, кейіннен тамақтары қарлыққанша даурыға сөйлесіп, көшеге шығып фабрика поселкесін басына көтере әндететін, содан соң шөп-шөп сүйісіп, үйлеріне тарайтын. Сысоев фабрика мектебінде қызмет еткен жылдарында мұндай түстіктердің он үшін басынан кешірген еді.

Енді ол он төртінші түстікке баруға әзірленгенде, мейрамдағыдай жасанып, үсті-басын түзей түсті. Жаңа қара костюмін кішкене тазартқыш щеткамен бір сағаттай тазартты, сәнді жаңа көйлегін кигенде де айнаның алдында ұзақ тұрды, көйлегінің баулығына ілмектер тығыз келіп, оңайлықпен өте қоймады, сондықтан әйеліне ызалана сықылықтап, екі қолын уқалап, қысқасы, еркелеген ит сияқты бұлаңдап жүрді.

Сысоевты көріп:

— Федор Лукич, сіз екенсіз ғой! Бір жасап қалатын болдық-ау! Сырқат болсаңыз да келген екенсіз!.. Мырзалар, рұқсат болса, сіздерді бір қуантайын, Федор Лукич келді!

Ішкілік үстелінің басына педагогтар жайғасып алып, тамаққа ден қойған екен. Сысоев түнере қалды, оған жолдастарының оны күтпей ішіп, жей бастағаны ұнамады. Сысоев олардың арасынан, емтиханда жатқа жазуды өткізген Ляпуновты көріп, оның қасына келді де:

— Бұл жолдастыққа жатпайды! Иә, санаттағы адамдар жатқа жазуды бұлай өткізбейді! — деп бастады.

— Құдай-ай, әлі соны сөз қылып жүр екенсіз ғой, жалыққан жоқсыз ба? — деді Ляпунов тыжырынып.

— Иә, әлі соны сөз қылып тұрмын! Менің шәкіртім Бабкин жаңсақ айтып көрген емес! Жатқа жазуды неге бұлай өткізгеніңізді білемін. Сіз менің шәкірттерімнің сүрінгенін, өз мектебіңіздің менің мектебімнен жақсы болып көрінуін көздедіңіз. Мен бәрін түсінемін!..

— Өзіңіз не деп тұрсыз? Маған неге қадала қалдыңыз? — деді Ляпунов қызараңдап.

Инспектор жылармандай боп араға түсіп:

— Жә, мырзалар. Жоқтан өзгеге керісуге бола ма? Үш жаңсақ болсын... бірде-бір жаңсақ болмасын... соның бәрібір емес пе? — деді.

— Жоқ, бәрібір емес. Менің Бабкинім еш уақытта жаңсақ айтып көрген емес!

Ляпунов ашуланып:

— Жармаса береді! Ауру адаммын деп, жұрттың бәрін қазымырланып жеп барады. Ал, мен сіздің ауырғаныңызға қарамаймын, жарқыным! - деді.

Сысоев ақырып:

— Менің ауруымда жұмыстарың болмасын. Бәріңіз: "Ауру' Ауру! Ауру!.." — деп, бір айтып, екі айтып қоймайсыздар!.. Есіркегендеріңіз маған қажет емес! Мені ауру дегенді қайдан таптыңыздар осы? Ауырсам, емтиханнан бұрын ауырдым, ал енді мүлде сауығып кеттім, тек өзімді әлі де әлсіздеу сезінемін, - деді.

Шариғат мұғалімі, кербезше күрең шапаны, шалбардың балағын сыртқа салып киген жас сопы Николай.

— Сауығып кеткен екенсіз ғой, олай болса, құдайға шүкіршілік. Қуану керек онда, сіз оның орнына күйгелектік, уа ғайри ғамалдарды істейсіз, — деді.

Сысоев оның сөзін бөліп:

— Сіз де жақсы — ақсыз. Сұрауларыңыз тура, анық болуға тиісті, ал сіз әрдайым жұмбақ айттыңыз. Өйтуге болмайды, — деді Сысоев оның сөзін бөліп.

Жұрт Сысоевтың ашуын басып, әрең дегенде үстел басына отырғызды. Ол не ішерін білмей, біраз таңдап отырды да, бір жасыл тұнбадан жарты рюмка ішті, онан кейін самсаға қол созып, оның ішінен жұмыртқасы мен жуасын қадағалап теріп жеп отырды. Оған самсаның тұзы аз сияқты көрінді. Оны тұздады да, іле-шала ашуланып, қайта итеріп тастады, өйткені тұзы тым басым болып кеткен екен.

Түстік ішерде Сысоевты инспектор мен Брунидің екі арасына отырғызды. Астың алғашқы табағынан кейін көптен бері орныққан дәстүр бойынша тост басталды.

Бірінші тосты инспектор көтертті:

— Мектептің қамқоршылары Данил Петрович, онан соң... онан соң... онан соң... — деп мүдіріп қалды.

— Иван Петрович... — деп Бруни оның есіне сала қойды.

— Онан соң, Иван Петрович Куликиндердің өздері мұнда болмаса да, олардың мектепке қаржы аямайтындығы үшін алғыс айтуды игі борышым деп білемін, сондықтан сол кісілердің денсаулықтары үшін ішейік... — деді.

Бруни бірдеңе шағып алғандай атып тұрып:

— Мен өз тарапымнан бұл тосты халық училищесінің инспекторы қадірлі Павел Геннадиевич Надаровтың денсаулығы үшін ішулеріңізді сұраймын, — деді.

Орындықтар қозғалып, жұрттың жүзі күлімдеп, дағдылы рюмка соғыстыру басталды. Үшінші тост әрдайым Сысоевтікі болатын. Бұл жолы да ол түрегеліп, сөйлей бастады. Ол түсін құбылта, өзінің сөзге шешен емес екенін, сөз сөйлеуге әзірленбегенін ең алдымен ескертіп алды. Онан кейін жөткіріңкіреп, өзі қызмет істеген он төрт жыл ішінде оған талай сұрқиялық істегендер, ор қазғандар, жоғарғы ұлықтарға сөз тасушылардың болғанын, өзіне қас сол жаулары мен сөз тасушы адамдарды білетінін, бірақ "кейбіреулердің тамаққа тәбетін қашырып алам ба деп қорқатындықтан" олардың атын атағысы келмейтіндігін айтты, осындай сұрқия өсек-аяңына қарамастан Куликиндер мектебі "тек өнегелі жағынан ғана емес, тіпті әл-ауқаты жағынан да бүкіл губернияда" бірінші орын алғанын еске сала кетті.

— Барлық жердегі мұғалімдер екі жүз, үш жүз сом алады, ал мен бес жүз сом аламын, оның үстіне менің пәтерім фабрика қаржысына жаңадан жөнделіп, тіпті жиһаздар да

қойылды. Ал биылғы жылы қабырғаларының бәріне жаңа жапсырма қағаз жапсырылды... — деді ол

Мұғалім онан кейін оқушыларға жазу жабдықтары земство мектебі мен қазына мектептеріне қарағанда мол беріліп тұратынын айта бастады. Оның ойынша, мұның бәрі шетелде тұратын, сондықтан да мектептің бар-жоғын біле бермейтін, фабрика иелерінің арқасында болып отырған игілік емес, тегі неміс, діні Лютер, жаны орыс, кен пейілді адамның арқасында болып отырған игіліктер екен. Сысоев сөзін бөліп-бөліп, мәнерлеңкіремек, сырламақ болып ұзақ сөйледі, дегенмен оның сөзі ақыры шұбатылыңқы да сылбыр болып шықты. Ол өзінің қайдағы бір қас дұшпандарын қайта-қайта ауызға алып, бір айтқанын кайта айтып, жөтеліп, саусақтарын біртүрлі ерсі қимылдатып тұрды. Ақыр аяғында шаршады-ау деймін, терлеп - тепшіп сөзін ақырын үзіп-үзіп сөйлей бастады, дегенмен сөзі де жатық шықпады:

— Сонымен, осында біздің арамыздағы Бруни үшін, Адольф Андреич үшін ішейік деймін... тегінде... бәрі де түсінікті ғой, - деді.

Ол сөзін аяқтағанда, тынысты тарылтып тұрған қапырықты біреу суық су бүркіп, ыдыратып жібергендей, жұрттың бәрі еркін дем алды. Жұрт сезінген бұл сүйкімсіз жәйтті тек Бруни ғана сезбеген сияқты. Неміс бал-бұл жайнап, қылымсыған көзін сығырайта бір төңкеріп тастап, Сысоевтың қолын алды да, құшырлана сілкілеп, итше тағы еркелей бастады.

Сол қолымен жүрегін басып, "о" әрпіне екпін бере:

— О, рақмет сізге! Менің жайымды түсінгеніңізге өте ризамын! Мен жан-тәніммен жақсылықты тілеймін! Бірақ мені асыра мақтап жібергеніңізді атап өтуім керек. Мектеп ісінің алға басуы тек сіздің ғана арқаңыз, абзал досым Федор Лукич! Сіз болмасаңыз оның басқа мектептерден бірде-бір айырмасы болмас еді! "Неміс босқа мақтап тұр, неміс сыпайылық сөздер сөйлеп тұр" дейтін шығарсыз. Ха-ха! Жоқ, Федор Лукич, мен ақпейіл адаммын, еш уақытта мақтау сөз айтпаймын. Сізге жылына бес жүз сом төлейтін болсақ, ол сіздің бізге қадірлі екендігіңіздің белгісі. Солай емес пе? Сөздің шынын айтып тұрмын ғой, мырзалар! Өзгеге мұнша ақы төлемес едік... Тілеуіңізді берсін, жақсы мектеп екен, мұның өзі фабрикаға абырой! - деді ол

Инспектор тұрып:

— Мектептеріңіз шынында да өзгеше, оны шын көңіліммен мойындауым керек. - Мұны қошемет деп ойламаңыздар, өз өмірімізде, шынында, мұндай жақсы мектеп кездестірген емеспін. Сіздердің емтихандарыңызда аң-таң болдым да отырдым... Неткен керемет балалар! Көп біледі, іркілмей жауап береді, оқушыларыңыз сөзсіз ерекше оқушылар, ештеңеден тайсалмай шынын айтады. Федор Лукич, сізді де жақсы көретіні көрініп тұр. Сіз шын мәнісінде педагогсыз, сірә, мұғалім болу үшін туған адамсыз. Бойыңызда туа біткен бейімділік те, коп жылғы тәжірибе де, істі сүйетіндік те - бәрі де сізде бар. Денсаулығыңыздың нашарлығына қарамастан іске жетіктігіңіз, әлгі, түсінесіз бе, төзімділігіңіз, сенімділігіңіз таңғаларлық! Училищеде болған бір жиналыста біреу сізді өз ісінің ақыны деп дәл айтты... Шынында да, ақынсыз! - деді.

Сөйтіп, түстік ішіп отырғандардың бәрі бір кісідей Сысоевтың ерекше дарынын сөз қыла бастады. Алды-артын ойлап, салмақты адам айтпайтынындай көңілден шыққан салтанатты сөздер тасқынын судай ағыза жөнелді. Сысоевтың айтқан сөздері де, оның шәлкес мінезі де, қытымыр, сүйкімсіз бет-ажары да ұмыт болды. Тіпті, аз сөйлейтін жас мұғалімдер де, сондай-ақ инспекторды "асыл тектім" деуден жаңылмайтын жасөспірім жігіттер де шешіле сөйлеп кетті. Қалайда Сысоевтың өз ортасында көрнекті адам болғаны анық.

Қызмет еткен он торт жыл бойында табыстар мен мақтауларға Сысоевтың бойы үйреніп кеткен болатын, сондықтан ол қадірлеушілердің мәз-мәйрам болып даурығуларын селқос қана тыңдап отырды.

Мақтағанға ол емес, Брунидің мейірі қанып отыр. Неміс бірде-бір сөзді құр жібермей, қолын шапалақтап, мақтау - мадақтаудың бәрі мұғалімге емес, өзіне айтылып жатқандай -ақ болып отыр.

— Бәрекелді! Бәрекелді! Бәрекелді! Менің ойымдағыны таптыңыз!.. Өте жақсы!.. — деп дауыстап қояды ол.

Ол өзінің рақаттанғанын жеткізгісі келгендей - ақ, мұғалімнің көзіне мөлие қарап қояды. Ақыры шыдамай, ұшып түрегелді де, ащы даусымен жұрттың у-шуын басакөктеп:

— Мырзалар! Маған сөйлеуге рұқсат етіңіздер! Сіздердің барлық сөздеріңізге мен бір ғана соз айтамын: Федор Лукичке фабрика әкімшілері қарыздар болып қалмайды...— деді дауыстап.

Жұрт жым-жырт болды. Сысоев немістің албыраған бетіне үңіле қалды.

Бруни түсін бұзып, баяу дауыспен:

— Кісіні бағалауды біз білеміз. Сіздердің барлық сөздеріңізге қосымша мен... Федор Лукичтің бала - шағасының қамтамасыз етілетінін, сол мақсатта бұдан бір ай бұрын банкіге қаржы салынып қойғанын айтуым керек, — деді тағы.

Сысоев өзінің емес, бала-шағасының неліктен қамтамасыз етілетінін жөнді ұқпаған, осының жайын білгісі келген кісідей неміске, жолдастарына жалтақ-жалтақ қарады. Отырғандардың бет-әлпетінен, өзіне тесіле қараған сазарыңқы көзқарастардан ол өзіне деген ізгілікті сезе алмады, керісінше жалған жағымпаздыққа ұқсас, тіпті, тұла бойын шымырлататын жаман бірдеңені ұққандай болды. Өңі қуарып, басы бір жағына қисайып кетті де, атып тұрып басын ұстай алды. Өстіп ширек минут тұрды. Бруни айтқан сөз оған таяу ажалдай болып көрініп, алдына тұра қалғандай болды. Ол алдыңғы жақтағы бірдеңеге шошына тесіле қарады да. отыра кетіп, жылап қоя берді.

— Қойыңыз!.. Сізге не болды?.. Су беріңдер! Су ішіңізші! — деп әбігерленген дауыстарды естіді ол

Біраздан соң мұғалім сабасына келді, бірақ түстік ішушілер енді бұрынғысындай желпіне алмады. Түстікті жұрт үндемей, томсарып отырып ішті де, әдеттегіден көп ерте аяқтады.

Сысоев үйіне келіп, ең алдымен айнаға қарады.

Айналасы көгілдір тартқан көзін, суалған жағын көріп: "Бәсе, онда босқа жылаған екенмін! Бүгін өңім кешегіден көп жақсы. Менің қаным аз, асқазанымның дерті бар, ал жөтелім сол асқазандікі", — деп ойлады.

Сонымен көңілі орнығып жайлап шешінді де, қара костюмін кішкене сыпырғымен көпке шейін тазартты, сонан кейін оны жақсылап бүктеп, комодқа салып, бекітіп қойды.

Онан кейін шәкірттердің бір топ дәптері жатқан үстелге келіп, Бабкиннің дәптерін тауып алды да, баланың әдемі жазуына тесіле қарап отыра берді...

Ол өз шәкірттерінің жазған шығармаларын қарап отырған кезде көрші бөлмеде земство дәрігері оның әйеліне әрі болғанда бір жетілік өмірі қалған адамды түстікке жіберу жөн емес деп сыбырлап отыр еді.

Аударған А.Елшібеков


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама