Дық
Әнші Жәнібек Кәрменов аруағына бағыштаймын.
Автор.
...Қазыбек көз ілген жоқ.
* * *
Көз ілетін де жөні жоқ.
Белдеудегі бесіктей ырғалған вагонның нар төсегі мен тарсылдаған темір доңғалағы бір жақтан, өткен жылы жолыққан Арқа аруы Ақтілекке деген алаң көңіл екінші жақтан мазасын алды.
Түстіктен ащы ішектей шұбатыла шығып, Алматыға асыққан поезға әнші кеше кешігіп қала жаздаған. Апта бойы алақанында қондырған түстік өңір азаматтары да поез орнынан енді қозғалып бара жатқанда мінгізіп жіберді.
Қоңыр былғары қапты домбырасы мен көк сөмкесін көтеріп, купеге кіргенде еңгезердей қара шал мен қара көзі күлген қара торы бойжеткен бұны үнсіз қарсы алды. Шал бәкене бойлы бұған біртүрлі менсініңкіремей, одырая қарап қойды. Бұл да бірақ сыр берген жоқ. Астыдағы екі орынды да бұрын кіріп жайлап алған жандарға сыпайы ғана сәлемдесіп, сөмкесін жоғарыға қойып, домбырасын үстідегі бос орынға ұзынынан тастады.
Бұл кіргелі қара шалдың қасына барған ауыраяқ, бетіне ноғала түскен келіншек – бәлкім, ақсақалдың келіні яки қызы – именіңкіреп қалды. Қара торы өңін әлдеқандай ұяттың табы шалып, нарттай күрең тартты. Көзі күліп, адамды өзіне тартып тұратын мына келіншекке келген бойда назар салғанына енді өзі қысылды.
Тершіген әжімсіз, сарғыш жүзіне қызыл рең пайда болды. Өз-өзін бірақ тез билеп алды. Мамырдың соңғы күндерінің оңтүстіктегі өңірді әуірлете қыздырып тұрған шағы еді. Терезесін сәл төмен түсіре ашып, жейдемен желең отырса да купе іші күпі бүркенгендей қапырық-ты. Қол орамалын алып бетін, мойнын сүртті.
Бұған барлай қарап отырған қара шал:
— Қарлығаш, шай әкелесің-ау, — деді елеусіздеу ғана.
Бұл жүкті жас келіншектің “Қарлығаш” есімді екенін есіне тұтты, әрі тұғырдағы томағасыз бүркіттей айналасын бағып отырған қарттың әлдене айту үшін Қарлығашты шығарып жібергенін түсінді.
— Балам, Қарлығаш жеңгең болады, — дегенде, сұңғыла әнші жігіт ақырын ғана жымиды.
Шал да күліп жіберді. Кіргеннен айдынын сырт салған ақсақалдың өңі жібіп сала берді.
— Балалар өсіп кетіп, төсек жаңғыртуға тура келді, — деп сәл-пәл ақталғандай кеп танытқан.
— Жөн, ақсақал! — Бұл құптаған сыңай білдірді. — Сіздердей адам аз қалды ғой... Дегенмен заман өзгеріп келеді. Қазақтың бұйдасы өз қолына тиді, болашағы бұлдыр болмас.
— Сөзің түзу, өңің жылы ұл екенсің. Қазір есті адам да қалмай барады... Қай ауылдансың? Қазақпыз ғой, жөн білісе отырайық, — деп шал шешіле бастады.
Қырықтан асып кеткен азаматтың бір домбыра, бір сөмкемен жүргенін жақтырмай, о баста жел қуып, желік буып жүрген біреу ме деп қалғанын қарт бір-ақ ауыз сөзбен қайырып кеткенін бұл да байқады.
— Ныспым — Қазыбек, Семей жағынанмын.
— Е-е, — деп қария тамағын кенеп алды. — Дулат пен Абай туған жерденмін де, бәсе! Шәкерім қажыны құдыққа көмген жер де... — Шал тағы бір шалып өтті.
Қазыбек бұл шалдың түбі тегін емес, зерделі екенін ұқты.
Салмақты сөздің соңын күтті.
— Ұлым, ғапу ет! Мен бір Артық деген алжыған шалмын, өзіңді енді таныдым. Қажының аты аузыма түскенде таныдым, балам, аруағыңнан айналайын қажы!.. — Шал әнші Қазыбекті енді жыға танып, қажының атын аузына алғаннан дауысы жарықшақтанды.
Осы кезде ішке Қарлығаш кірді, Қазыбек те қозғалақтап қалды.
Жолға деп жігіттер салып берген қазы-қарта мен ет, бір құмыра “армян” коньягын көк сөмкеден шығарып, “менің барым осы” дегендей Қарлығашқа күлімсірей қарап үстел үстіне қойды. Сол бойда купеден ұзын дәлізге шықты. Дәлізде адам аз екен. Тысқа көз тікті. Ай толысып, маусым орталап қалса да темір жолдың қапталындағы жып-жылмағай жазық тап-тақыр. Көкекте көтерілген көгі де қуаң. Ұзын жолға жеңілденіп киген спорт дамбалы қалтасынан мүйіз шақшасын алып, көкбұйра насыбайдан еріні астына лып еткізіп тастап жіберді. Қуаты күшті насыбай атқаннан ба, қарадай құшырланды.
Қарлығаш дауыстап шайға шақырды. Үні жұмсақ екен. Есіне сап етіп Ақтілек оралды... Тұла бойы шымыр ете қалды. Ернеуі төмен түсірілген терезеден ерін астындағы насыбайды шынашағымен атып жіберді. Сондай бір епті қимыл бұрыннан қалыптасқаны көрініп-ақ тұр. Келіп қара шалдың қасына жайғасты. Шай құю үшін қарсы отырып қалған Қарлығаш кесе ұсынғанда тағы қысылды. Қазыбектің ойына Ақтілек тағы түсті.
— Қарлығаш, — деді қара шал қоңыр дауыспен, — сен қысылмай отыр. Құдай жолымызды оңғарады екен, қасымызға Қазыбектей қазаққа белгілі ұлды қоңсы еткен. Қайта қайныңа көз сала отыр, анау жылбысқа мұндай жанға тартса жаман болмас...
— О не дегеніңіз, әкесі-ау! Бұ кісідей-ақ болсын!.
Қазыбектің көңілі енді ғана жайланды. Әйтпесе қысыла берген “жас жеңгейден” ақсақалдың алдында бұл да өзін қолайсыз сезініп, қарадай қуыстанған. Осының бәрін көзбен шолып, тілмен шалып отырған шалдың оп-оңай-ақ жаймалап жібергеніне бұл да риза болды.
— Ақсақал, мынау жалпақ дүниеде ащы-тұщыны татып, жаман-жақсыны бір кісідей көрген-білген адамға ұқсайсыз. Айып етпесеңіз сусынға сары қымыз болмаса да, сарысудан ала отырғанға қалайсыз, — Қазыбек еркелей сөйледі. Әлгіндегі текіректеген тілі де шешілейін деген сыңайлы.
— Е-е, балам, сендей адаммен ауыз тиіспей бәлсінетін мен кім едім? Құй кәпірдің “асынан”! — Дауысы мығым шықты. — Бәлкім, үніңді естіп қалармыз, – деп тіл түйінін бұған тастады, “енді сен бәлсініп көрші” дейтін сияқты, түйінді өзің тарқат деген салмақ жатыр.
— Апырым-ай, ақсақал-ай, ойдан орағытып, қырдан қағасыз-ау! — Қазыбек қатпары мол қара шалға дән разы. — Тіл мен жақты айырған әдебиетші ұстазсыз-ау...
— Ұстаз қайдан болайын, мен бір қазақтың қырт шалымын ғой, — деп қашыртты. — Сөздің сонысын сезінбесек те, сонардан із шалуға құмартатынымыз рас. Біздікі ет пен терінің арасындағы жалқақтай сөз сауған шалық қой, көңіліңе алма, ұлым!
— Дегенмен ақсақал, қара сөзге қара жаяу емессіз.
— Е-е, ұлым-ау, қазақтың қара сөзге қара жаяуы бар ма? Бәрі де қу сөзден қуырдақ қуырып, қусаң құмалақ түсірмей тұр ғой, бұл күнде, — деп налып та алды.
— Оныңыз рас-рас! — Қазыбек мойындай берді.
Сөз арасында купенің қапырығына қарамастан коньяктан екеуі алып та қойды. Көңіл көтеріліп, ой тиянақ тапты.
— Қазыбек, балам, — деді шал бұған ала көзін төңкере, — ана бір жылы Селеулі деген жазушы екеуің телевизордан қазақтың әні туралы ойлы хабар жасадыңдар. Сен де бір сұлу әнді боздаттың.
Әсіресе қажының әндерін айтсаңшы!.. Жарықтықты қалай ғана алла тағала жаратты екен? Бүкіл ел сол хабарға әлі сусап жүр.
— Иә, ақсақал, ол өзі аяқ астынан туған ойдан бастау алған, мықты әдебиетші ғалым ағамыз Нұрымғалидың сөзінен туындап еді...
Қазыбек әңгімені әрі қарай қозғамады. Қарттың алыстан орағытқан ойын түсініп, қолына үкілі, шолақ, шетен ағашынан шабылған домбырасын алып, күйлеуге көшті. Дауысым еркін шықсын деді ме, орнынан көтеріліп, қапырықтау купенің терезесін төмен қарай барынша түсіріп қойды. Сол-ақ екен күпі киген купенің ішін жел гулеп, жанға жайлы қоңыр салқын билеп, отырғандардың тынысы ашылды. Қазыбек алаң-ашық есікті де жарым-жартылай жапты.
Қолына қалақтай жеңіл, қазықтай қысқа домбырасын қайыра алды.
Қажының әні баяу басталды. Қазыбек тынысын кең ала, тамағын кеней тереңге тарта, тұңғиыққа бата айтуға даярланғандай. Әнші әннің қайырмасына келгенде кенеулі ойдың ашыла түсіп, түсінікті болуы үшін бұрма-бұрмасына дендей дауыс салды. Дауыс жарықшақсыз шығып, қалықтай сызылды.
Орамды ой мен салмақты сөз сыңғыраған дауыс ырғағымен биіктей көтеріліп, қалықтай барып қонады. Байырқалаған баршын үн баяулап барып қайта күш алады, бірақ күшенбейді. Қорғасындай ауыр қоңыр дауыс сыбызғыдай сызыла шығады да, сымға тартқандай қалыппен баяуламастан шырқала көтеріледі.
Қайран,
Қайғысыз, қамсыз күндерім,
Сайран,
Сауықты, рақат түндерім!
Сендерден не пайда?
Әнші “ноқталы бас, ағызып жас” деген сәтте қара шалдың жанарына жас тығылды. Қарлығаш үнсіз күйде аяп, іштей елжіреп кетті. Қазыбек бірақ мұның бірін де аңғарған жоқ. Ақ жейдесінің өңірі ашыла, көзін жұма, бар дүниені ұмыта үзілдіре үн шығарды.
Жастық,
Жалынсам және келер ме,
Мастық,
Денеме қызу берер ме?
Суынған тұла бой.
Осы тұсқа келгенде Қазыбек бір тыныс алмастан үздікті-ай кеп... Өлеңнің сөзі мен әнші әуеніндегі сезім астасып кетті.
Маған,
Қарама, көңілім, мұңайып,
Саған,
Жеткізбес кеткен ол ғайып.
Жас өмір – өткен той...
Қазыбек “Жас өмір — өткен той...” деп өз-өзіне жұбату айтып жатқандай оқыс баяулай берді. Қарлығаш та, қара шал да кеуделері босап, ойға қалды.
Әнші әрі қарай қайыра шырқай жөнелді...
Қазыбек дауысы пышақ кесті тыйылғанда жартылай жабық купе есігі жайымен сырғи айқара ашылды. Жолсерік жігіт екен. Оның ар жағында тағы да төрт-бес көз тінте қарайды. Әншінің төмен жағына жолсерік тізе бүгіп жатып: “Ентелемеңдер-ей! Қапырық боп кетеді. Дәлізден тыңдасаңдар да жетеді ғой. Керең емес шығарсыңдар” деп, өзінің қожайын екенін танытып тастады.
— Аға, — деді сосын, — Алматыға дейін қасыңызға жан баласын жатқызбаймын. Сіздерді білемін ғой... Шырқай беріңіз!
Жолсерік жас жігіттің жорта “білемінін” Қазыбек те іштей түсініп, жылы ғана езу тартты. Ақ борық алқымын, мығым да қысқа мойнын ақ орамалмен сүртінді. Купе ішін үрген қарындай жел кеулеп тұрса да, әлдеқандай ыстық тап тәнді тершіте береді.
Шәкерім қажының қорғасындай құйылып түскен тұнба тіркесті, әуезі қажырлы, өкініш пен налуы жоқ, тек танымға тереңдей салмақ салып, жан дүниеңді жайлы бір жұмақ, жұмбақ күйге байырқалатар әнінің әуені әлі де тар купенің ішін кеулеп, кеузеп тұрған... Аңқылдақ мінезді аптықпалау жолсеріктің де есер, елікпе күйін әлде қажы әнінің әуені, әлде әншінің мысы басты, ол да бір мезет тосылып, жаутаңдап қалды. Ала көзді қара шал мен күлім көз келіншек те тым-тырыс.
Бір сәт бұйыққан жым-жырттықты Қазыбек қаққан шек үні бұзды. Әнші асықпастан тыңқ-тыңқ күйлеп отырды да, қажының тағы бір тымық та тың әуезін қозғады. Келте домбыраның қу шанағы қайыра күмбірледі.
Іштен күш алған әуенді үн де әуелей берді.
Анадан алғаш туғанымда,
Жыладым неге дыбыстап?
Кіндікті кесіп қинағанда,
Анамнан кеттім алыстап...
Астарлы сөз, ағымды ой ал дегеннен астаса жөнелді. Ал дегеннен әнші тыңдаушысына түре тиді. Жарық жалғанның опасыздығын шыр етіп келіп, шешеден жеріп, кіндігің қанай кесіліп, қайырымсыз қатал өмірге келгеніңді ұқтыра ойға салады.
Ақ бұйымға орап алғанында,
Құндаққа қойды таңып сап.
Жып-жылы суға салғанында,
Денемді әбден арулап.
Осы “арулаған” сәби күнгі тірі құндақ пен ақымға түсер ақ арулы өлі құндақ арасындағы өлшемді өмірдің ұлы сыны отырғандар мен дәлізде тұрғандардың жанарын жасқап, жүрегін суынтты.
Қажы қамыға сөйлеп, жұбата жауап қайырады. Әнші әрін келтіре жеткізеді. Отырғандар үнсіз күйде демдерін тарта қыстығады. Қыстықпай қиянды шарлай әуелететін Қазыбек қана.
Табылмас анық азат адам,
Жаралыс билер заманды.
... Тартқызар өмір жазаңды.
Кәрілік келсе аяу білмей,
Жас өмір келмес қайтадан.
Қажы ойына Қазыбек те қайыра оралды. Жалған дүниеге жауап қатты. Жұмыр басты пенденің алдамшы өмірді алданыш етерін бек түйсінтеді.
Кіндікті кесіп тастамағы –
Жас өмір сүйтіп қиылған.
Ақ бұйымға орай бастамағы –
Кебінің сондай бұйымнан.
Қуыстап салса құндағына,
Кіретін көрге ұсамақ.
Тағдыр жоқ өлмей тұрмағына,
Өмірді өлім тұсамақ...
“Тұсамыс — өлім тұсаған өмір-ай!..” Қара шал қара тастай қатып-ақ отырса да, сыр беріп алды. Бітелген бұлақ көзіндей бұрқ еткен ыстық жас еріксіз саулай жөнелді. Көзін жұмған әнші дауысы бірақ бұзылған жоқ. Дүр-дүниені дірілсіз билеген дауыс қана сап-сап күйі...
Алдауға күліп, қуанғаның –
Алданып өтпек адам ол.
Ашығып емсе, уанғаның –
Өмірде көрмек ісің сол.
Бесіктегі алдауға көніп уанып, өскендегі арбауға көніп, жұбанып өтер қысқа ғұмырға налыма арлы адам деп басу айтады қажы. Сөзімен сабырға келтіріп, әнімен жібектей жеңіл мұңға батырады. Әнші де саябырлап барып солығын басты.
Тағы да тыныштық биледі...
Әлден уақытта жанарын жас жуған қара шал:
— Қарағым-ай, тіл-көзден аман болғай! — деп орнынан қопарыла келіп, қарсы отырған құмайдай ғана әншіні алып бауырына басты. Қырықтың қырқасына іліккен Қазыбек көміліп қалды. Қарлығаш денесі ауырлап қалса да, осы бір мезетті пайдаланып, шәйнекті ала лып етіп көтеріле берген.
Дәліздегілер де жапсырма есікке үймелесе қапты.
— Ой, аға, еңіреттіңіз ғой! — деп жолсерік жігіт те сүйсініп жатыр.
Басқалар да:
— Әніңіз ән-ақ екен!
— Дауысты айтсаңшы, сыбызғыдай созылып, бір талуды білсеші!
— Өмірімде әнге айызым қанғаны осы шығар.
— Ой, сен де, бұл кісі атақты әнші емес пе... Баяғыда комсомолдың сыйлығын алған, — десті дүрлігісіп.
— Әй, аға-ай, көңілді бір көтеріп тастадыңыз-ау! — Жолсерік ақжарма мінезімен айылын жияр емес. — Мынандай әннен кейін алу керек. Алмау – күнә... Маған жұмыс... әй, сонда да сіз үшін! — Ол өзі билеп-төстеп коньяктан тартып жіберді.
Жолсерік жас жігіттің еркіндігін ерсі көрген білем, қара шал: “Қазыбек, балам, жол үсті мазаңды алдық. Поез да ыстық. Шай ішіп, тынығып ал, — деп жұртқа қарады. — Сендер де барыңдар, дем алыңдар!”
— Жақсы, аға, шәй-пәй ішіп алыңыздар. Мені де серігім іздеп жатқан шығар, бағана бригадирге кетіп еді, — деп жолсерік жігіт те жіті аңдап, орнынан тұрды.
Қарлығаш та шәйнекті қайнақ сумен үстеп, шай салып демдеп әкелді. Қара шал мен Қазыбек те жайлана отырысқан. Қажының әнінен кейін көңіл толқып, бірақ салмақты бір сезім билеген.
Қарлығаш сүт қатып, қоюлап үнді шайын құйған.
Ол бұдан ұрлана қара шалдай қосағына қарап қояды. Көзінде шымырлаған мейірім бар. Ықыласпен қараған күлім көздің шалы алдында қымсынғанына дейін шынайы. Кішкене ғана кесенің өзін ұсынғанда Қазыбекке шынашағын жанастырмай-ақ отыр. Қимыл-қозғалысы мен қою кірпігін төмен түсіруінде де, әлдебір әйел заты көрсетер әбес қылық немесе жасандылық жоқ.
Қордалы қазақ ауылынан шыққан нағыз дала қызына тән қас қимыл мен мінсіз мінез, иманды ибалылық Қазыбекті тәнті етті.
Мұның ғұмыр бойы қадірлеп өтері де осындай орнықты, айнымасы жоқ сезім еді ғой... Өзі де өнерге қандай шын берілген, адал болса, әйел атты ұрғашының да сезімі селкеу-сіз, сыпайы да шынайы болғанын қалайтын.
Өмірге өкініші жоқ. Қажы атасы айтқан “қайғысыз, қамсыз күндердің, сауықты, рақат түндердің” куәгері болды. Аллаға шүкір, халқының ақықтай мөлдір, алмастай өткір ықыласына да бөленді.
Өнерін мұрат тұтып, жанын жұбат қылып келеді.
Қарлығаштай асыл заттыға да сан жолыққан бұл... Сонда сәбидің риясыз еркелігіндей саф сезімді бұл да бастан кешкен. Ойлап қараса, ол да алыс. Көкжиектей көмескі... Көмескі тартып бара жатқандай. Ақтілекпен арадағы сағымдай сусыған сезім таза еді!..
Арқадағы ақжарма күндер, көгілдір көл бойын қыдырған түндер – бәрі-бәрі бурыл тартып барады. Өмірінің өзі бурыл. Жо-жоқ, бурыл емес, буалдыр...
...Үнсіз, сызылта сорып шай да ішілді. Әңгіме арқауы жалғана қоймады. Ойпыл-тойпыл көңіл Қазыбекті қайраңға қарай тарта берді.
Қарадай демі тарылып, шыға беріс тамбур-дәлізге шығып насыбай атты.
Күн де ұясына еңкейіп қалған. Мазасы болмай келіп, ұзын дәліздегі үмітпен караған жұртқа да қарамай жатып қалды. Төсегін Қарлығаш салып қойыпты. Купе ішін жел гулеп, қоңыр кеш түссе де демалыс ауа тар, әлде не басып тұрғандай. Қоңыр күнмен қоңырқай тартқан дала да мұңлы, момақан боп көрінді бұған.
Көзін қанша жұмса да ілінбей-ақ қойды. Ымырт жабылып, түн түндігі баса қара шалдың аяғын Қарлығаш шылапшынға жуып, екеуара сыбыр-күбір сөйлесіп, жатып та қалды. Осының бәрін сезсе де, Қазыбек ұйықтаған боп теріс қарап жата берді. Сәл ғана ашып қойған терезеден болат дөңгелектер жүректей дүрсілдеп, кейде танауға көмір ысы келіп, көзі ілінбей-ақ қойды.
Көп кешікпей-ақ төмендегілер қамсыз, рақат ұйқыға кетті. Қамырық көңілді, ұйқысыз түнді бұл ғана.
* * *
Саумал көңілі сабадай толқиды...
Қараңғылық бүркеген көгіс далада құйын-перен жылжыған поезд да толқын ұрған кемедей тербеледі. Тербелген сайын толқыған көңілмен қат-қабат ой келеді. Қапас түндей қараңғы ой емес, сәулелі ой. Сынық сезім емес, салбурын сезім.
Сәулелі ой мен салбурын сезім әншіні алыс Арқадағы көгілдір көл жағасынан бір-ақ шығарды.
...Аспанда ала бұлт аунайды. Көгілдір көл беті жыбырлайды.
Жыландай жер бауырлаған діңді ақ қайыңдар қоршаған тепсеңде алты қанат ақ боз үйлер тігілген. Жаз орталаған жайлы мезгіл.
Түрілген торкөз іргеден желемік желпіп өтеді.
Төрдегі қос ақсақалдан төмен, қарасақалдармен тізе қағыса, кең-мол отырған Қазыбек әнге әукесін созған. Көгілдір көлдің үстінде ән қалықтаған. Көл суы да тынып қалған. Аспандағы ала бұлт та асыға ауып кете алмай, ақ шаңқан киіз үйлердің үстін айналған. Жер сүзе жүзген көлеңкесін жел де қумаған.
Тынысы тарылмас, дауысы даңғырай жарылмас жұғымды үн жүректерді тербей, көтерілген көкіректерді керней құбылмасыз шыққан. Ән әуені төңіректі ұйытып алған еді.
Жаз болса жарқыраған көлдің беті,
Көгеріп толқындайды,
япур-ай, алыс шеті...
Әлдебір әлсіз өкініш, сабырлы күйініш бар. Бірақ дірілсіз дауыс сарғайған сағынышты басқандай. Жасусыз жан, тасусыз қан жабырқаудан ада, жалыныштан жырақ. Балқыған қорғасын текті сабыр сарқылулы. Әнші көңілі алаңсыз, жүрегі жарасыз.
Арқаның жанға дауа ауасын жұтып, далиған даласын көріп керілген Қазыбек бауырын жазып, қолтығын сөккен сыңайлы. Ән артынан ән құйылып, дауысы да даланың кең тынысты киігіндей барлығу дегенді білмейді. Жарылғапбердінің “Шамасынан” шамырқанған үн шарықтап кетті. Жел тынып, жетім бұлт жуықтады. Отырғандар “пәлі!..” деп үн шығара алмай, тыныстары талды...
“Ақбақай” мен “Екі жирен” Қазыбектің кермесінен қара үзді.
Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Аулыңа барушы едім даламенен.
Түскенде сен есіме, беу, қарағым,
Сағынып сарғаямын санаменен...
Әнші сөреден селдір-селкеусіз дауыс бабымен су жорғадай сусып өткенде, осы орайлы сәтті күткен әлдебір келіншек киіз үйдің маңдайшасынан еңкейе енді. Дөңгеленген сары шараны деңгелек аттыра көтерген аққу мойын ақ келіншек бойын тіктеп, сыпайы ғана сәлемдесіп, оң жақ босағаға тізе бүге беріп, отты жанарымен Қазыбекті шолып өтті. Есіктен еңкейе кіргеннен көзін айырмаған әншінің де ішіне оқыс шоқ түсіп кетіп, қарып алғандай сілкініп қалды.
Ән аяқталып, өзді-өзді тамсана сөз қылысып отырған жұрт Қазыбектің бұл ыңғайсыз жайын байқай да қоймады. Ақ келіншек Ақтілек пен ақ құба Сабыр ғана сезіп қалды. Бұлар да бір-біріне қарасып өтті. Бұл екеуі ерлі-зайыпты еді... Екеуара езу тартысып қойды: мұндай мұңсыз қылықты екеуі бұрын да бастан өткерсе керек, онша мән бермеген сыңай танытты. Олардың бұл әдебін Қазыбек те аңдап, іштей сүйсініп, енді өзін ыңғайсыз болды-ау деп жазғырды.
Кенет көзі еркінен тыс тағы түсіп кетті...
Қырын отырған ақ келіншек Қазыбектің көзқарасын қарамастан сезгендей, қызғылт келген оймақ ернін әнтек тістеп алды да, ақша беті албырай қалды. Бұған солай боп көрінді білем, бәлкім... Бағанадан бой-бойы ән салғаннан балбырап, бурадай бусанып отырған Қазыбектің ұлы денесі дір етіп, жанына жұмбақ, салқын бір сезім тіксінтіп өтті.
Шалдуар көңілін аулағысы, өз-өзін балаша алдағысы келген бұл бар ынта-ықыласын қайыра әнге бұрды. “Қанатталдыны” қысқа қайырды. Ән аяқтала салқын санамен барлай қарады.
Жұп-жұмыр ұзын мойынды, ай маңдайына қара шашынан жарасымды кекілдік түсіріп, салпыншақ сырғалы құлағын аша көкшіл шыт тартқан ол шарадан қымыз сапырып, сымдай салалы саусақтары ағаш тостағандарды ернеуінен аса ұстап, төрге қарай оздырып отыр. Өңінде өңезсіз өрлік, теңін білер тәкаппарлық, сылаң бойын баптай, бұрымды бітімі мен шалқақ кеудесін керіп ұстай, өзін бұлдай білетін бір маңғаздық бар. Әлгінде екеуі ерек жүздесіп, жанармен жарқ етіп шарпысып, қымсы етісіп қысылып қалғандағы албырт сезім де ізім-қайым. Қоңырлау көзін қиғаш салмастан, бұл жаққа бір төңкерместен, бар бойымен шайқала бұрылмастан қасындағы қайнысындай тізе бүккен жас жігітке тостағанды толтыра ұсынады. Шынтағы ғана былқ-сылқ бұрылады. Артық-ауысы жоқ қимыл-қозғалысымен көңіл тоқыратып, ар жағында әлдебір аяулы сезімді қозғайды.
Алдыға майы қара меңдей қалқыған Арқаның асау қымызы келді.
— Кәке, қымыз алыңыз, сонылап, салқындатып әкелдік, — деді Сабырбек. — Бұлақтың суы тастай, ішіне салқындатып қойған сары майымыз шыныдай, сары қымызымыз балдай боп тұрады. Сүлік мұздар суық сулы жерге мұздатқышыңыз да керегі жоқ. Алыңыз, сарайыңызды ашып, жаныңызды сауықтырады.
— Ал, қарағым, ал! Құй, Ақтілек ағаңа, — десті төрдегі үлкендер жағы, — бізді бір жасатып тастады-ау!.. Ұлым, арнайы ат жіберіп, араға қыз салып алдыра алмас адамы-мыз едің... Алла қолдап, дәм айлап келіп қалдың! Баяғының Біржаны мен Ақаны сендей-ақ болар... Тартынбай ала отыр. Қуып кетеді деп қорықпа, балам, нағыз бабымен ашып, ысталған бесті қымыз. Қазір көк оттыққан, шөп піскен кез ғой.
Бұлауға түскендей бусана балқып отырған Қазыбектің айызы қана жұтты. Әлгінде етпен ішкен қымыздан өзгеше секілді көрінді.
Әлде, Ақтілек келіп құйғасын ба екен...
— Әлгі ауcар Берікке рахмет! — деді Сабырбек. — Соған сөзден шалық ұрып, ақын болып шықпағанда, Кәкең бұл ауылға келер- келмесі екіталай еді...
— Рас! Рас!
— Әншінің үні, ақынның тілі ғой жақындастырған.
— Ауылды ұмытып кетіп еді. Кәкеңмен жүзін жылытып алды.
— Әй, өзі де бір албырт қой... Әйтпесе Арқаға жиі ат шалдырып тұрады. Анау ауылда жатқан ақын Аян досы мен жазушы Бестай үйіне келіп-кетіп жүреді.
– Келуін келеді ғой, қыз-қырқынмен әуре боп кетеді де, оны мына Сабыр біледі, досы ғой...
Түстен бері жабағының жас етіне бөгіп, күшала уытын бойына жиған бесті қымызға елтіп, сәбидің уіліндей сызыла шығып, сұңқылдай үйірген сырбаз үнді әнге ұйып отырғандар қалжың-шыны аралас қағысып та қалды. Кәукілдескен жұрт сөзінен Қазыбек те көп жайды аңғарып, бәрін біліп отырған мына ағайынға таңырқап та алды. “Сөз желге ұшпайды, елге ұшады екен-ау!”
Беріктің ақын екені де, Алматыда жүргені де, Қазыбекті демалдырам деп қоярда-қоймай ертіп келгені де шындық. Аудандық жастар ұйымында “пәрменді” Сабырбек досының жіліктілігін бұлдап, өзіңді жеке-дара күтіп алып, демалтып жібереді деп жетектеп, келісімен өзі ұшты-күйлі жоғалып кеткені де ақиқат. Облыспен аудан орталығында Берік мұнымен бірге ән-жыр кешін өткізді де, қайтарға қарай өзім тауып алам деп, бар жауапкершілікті “пәрменді Сабыр” досына үйіп-төгіп, “бір тал шашы ағармасын” деп базыналық көңілмен зілденіп кете барды.
Содан Көгілдір көлге бұлар бүгін түске тарта келген.
Қораланған көптің қолқасын қимаған Қазыбек Ақтілекке қарай “Шәпибай-ауды” шырқады.
Боз үйге ай сәулесі нұрын төгеді-ау,
Шомылған айдын көлде аққудай боп,
Бұраң бел сылаң етіп шыға келеді-ау!..
“Жұп болсын! Жұп болсын” — Жұрт тағы лепірді. Қазыбек Ыбырайдың “Жайма қоңыр” әнін жайымен сызылтты.
...Бозбала жастық шақта ойна да күл.
Шамшырақ мың күн жанған, бір күн сөнер.
Қазыбек қымыз сімірген толастан кейін қайта қалыбына келген. Өзін бірақ іріккен.
— Оу, халайық! Ауылдың алты ауызы қайда?
Қымызға қызған жұрт Қазыбек сөзіне аңтарылған жоқ.
— Ақтілек айтсын!
— Сабырбек айтсын!
— Екеуі қосылып айтсын!
Іркес-тіркес шыққан тілек жұртты желпінтіп әкетті.
— “Балқадишаны” айтсын, “Балқадишаны?!”
— Жоқ, “Әпитөкті” шырқасын — “Әпитөктен” бастасын...
Сонда ғана Ақтілек алдындағы шараны ысыра бұрылып, араға адам салып отырған Сабырбекке иек қақты. Ол кереге басында күйлеулі домбыраны алып, қағып-қағып жіберді де, “Әпитөктің” ән ырғағын күйлей жөнелді.
— Уа, пәлі!
— Құдай екеуін біліп қосқан ғой... — десті дүрілдеген жұрт.
Қазыбек те “Әу!” деп дем беріп, “Апыр-ай, екеуінің сайын-ай!” деп сүйсіне берді. Сабырбектей сері, сырбаз жігітке осы үш-төрт күнде әбден қаныққан-ды. Енді ер жігіттің ақ тілеулі жарын көріп жаны семіріп отыр.
Әнді қырындаған күйі Ақтілек бастады. Тік түскен қыр мұрынның желбіршегі қусырыла түсті. Қадалған қоңыр жанарының жебедей кірпіктері де шаншылып қалыпты. Бірі төмен, бірі сәл жоғары алған қос дауыс қоңырлап көтерілді. Келісімді-ақ!..
Басында биік таудың мұнары бар,
Мойнында көк бестінің тұмары бар,
Әпитөк!..
Құрбылар бұл қалай деп сөге көрме,
Ғашықтың тарқамаған құмары бар,
Әпитөк!..
Ақтілек пен Сабырбек “Әпитөкті” көмейлете айтып, кей тұста тереңдеп кетер дауыс ырғағы жетпей қалса да, нағыз маманданған әнші емес екеуіне кешірімді еді. Қазыбек болмаса қалған елдің қарым-қарағы жетер де емес-ті, бірақ табиғи әрі әсіресіз шыққаны кім-кімді де селт еткізген-ді.
Балбыраған “Балқадиша” да Арқаның адуынды арынымен аспандады. Отырғандар да бір күпініп, бір көтеріліп қалды. Делебелері қозып, Қазыбекке қарайлай сөз салды.
“Енді Қазекең айтсын! Қонаққа жол берейік!”
Әлі де қырын отырған Ақбілекке Қазыбек Ақан серінің “Мақпалымен” тіл қатты.
...Алыстан ат аямай келгенімде,
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!
Әншінің өктем үн, өзекжарды сөзіне селт еткен Ақтілек те жалт қарап өтті. Өңі қуқыл тартып, бір демде батар күндей қызыл шалып, қайта қуара қалды.
... Қасіретің өзегімді кетті-ау жарып...
Қазыбек еркінен тыс дауысын көтеріп әкетті. Сол бір сәт Ақтілекті көзі шалды. Келіншектің бұған қарап боталаған жанарынан моншақ-моншақ жас тамып-тамып кетті... Әннің ақырғы шумағын тағы бір қайыра тоқтаған Қазыбек серінің сөзін іштей қайталап: “Қасіретің өзегімді кетті-ау жарып, Әпитөк!..– деп, – ай, ай- Ақтілек! Жаныңды жаныштаған қасіретің бар-ау! Көңіліңде тарқамаған шерің бар-ау!..” деген ойға бекіді.
Жас та жұмбақ әйелдің тұңғиық көңілінде байланған беріш әншінің асық сезімін шайқап, білсем-ау, сезсем-ау деген бір пендешілік ой түре келіп, қол ұшын берсем деген тағы бір тылсым жаңғырық жағалап кетті. Аусар да аңсар сезімін жасырғысы, тіпті арылғысы келіп, “Маңмаңгерге” мойын бұрды.
Маңмаңгер, ән қосайын жүрісіңе,
Дер екен қалқа қалай келісіме.
Сыдыртып Маңмаңгермен келе жатып,
Осынау ән күйіндіріп түсті есіме.
Ахау, туған елім,
Балаң едім,
Өзіңе осынау әнді
Ала келдім...
А-а-а, Маңмаңгерім!
Қазыбек “Маңмаңгердің” маңызды жүрісіне салып, мұнарлы сағымға шомдырып шырқады дейсің... Ақтілектің жүзі де нұрлы шуаққа шомылды.
Туырлығы түрілген торкөз керегеден самал лекітті. Айнала селдірлеу қайың-теректі қырдың құба жонының да саумал көлі толқи тұнып, самал желі желпи тынып, әншінің “балаң едім” деген жалғансыз сөз, жаңғырықсыз үніне құлағын тігіп қалған. Отырғандар да “Пау! Рас-ау!..” дескен.
“Маңмаңгермен” маңғазданған жұртын мамырлатып алған Қазыбек орнынан көтерілгенде ешкім қарсы болған жоқ. Үлкендер жағы ұйыған белдерін жазуға, жастары мен жасамысы бір серпіліп қайтуға қотарыла тұрды.
Ұлы бесін белден ауып кеткен-ді. Шілденің шілдеқоңыр кешіне әлі ерте, бірақ аптаптың аңызғақты беті қайтып қалыпты. Саясыз қуаң қырдай емес, ойдым-ойдым орманды, оймақ-оймақ көлді бұл өңір – Көкше белі бүксіз-ақ: тәнге талғау, жанға тыныс. Киіз үйден шыққан Қазыбек те керіліп, керімсалмен кеңінен тыныс ала қарпып-қарпып жұтты.
Қиялай өскен қызыл қайың мен иреңдей өскен ақ қайың арасына қарай жалғыз-жарым кетіп бара жатып, ақ боз үйлерден оңашалау тігілген қазан-ошақ пен қатын-қалашты қараша үйге бұрыла қарады. Ақтілекке деген әлдебір алғаусыз пәк сезім бұрылтты. Ол бірақ көзге түспеді. Талдырмаш бойын көре алмағанына көңілі біртүрлі қобалжып, қоңылтақсып қалды...
Қайырыла тағы көз салды, бірақ қараша үй маңындағылар арасынан Ақтілекті айыра алмады ма, жыға тани қоймады.
Ақтілекке деген әлдебір аңсар сезіммен қайыңды, тізеден шалғынды орман ішіне кіре берді. Көлеңкелі қайың ішінің тұнық ауасымен тыныстаған бойда қолаңса иісті Алматының жазғы қапырығын еске алып қойды. Үй жайын, балаларын да бір сәт ойға түсірді. Сол-ақ екен өзінен өзі мырс етті... Көкірек түбінен көтерілген Ақтілекке деген ұры, бірақ таза, табиғи сезіміне сап-сап салып, өзінің бойынан анда-санда қылаң беріп қалатын осы бір мініне іштей налып та қойды. Табиғатында жалпы жалын боп жанардай қызба емес, сырбаз да салмақты, бабымен жүріп-тұрғанды ұнататын, не болса да бабымен, басалқылы барымен болғанын қалайтын Қазыбек қызылы көңіл суарған ұрғашы кездесіп қалып, ұрымталға шақырып тұрса да алып-ұшып кете бермейтін. Бір басына ұстамдығы жететін адам-тұғын. Бүгін де солай сезінген-ді, тек Ақтілек әлдебір әйел емес-ті... Күйеуі Сабырдай жігіттің төресінен қысылса да, дәл қазір Қазыбек оған Ақтілектей жарымен тілдесіп, құрбы-құрдас, дос-жар адам ретінде сыйлас болуға сөз салуды жөн көрді. Шақшасынан көкбұйра насыбайын ата тұрып осынау ойға нық бекінді.
Қайың арасындағы тыныштықта көңілі де жайланды.
Ел-жұрт сын тақса, ол біреу — бұған ән салмай қойды деп... Ал қалған келді-барды біреулердің бар міні – басқа... Тіпті жақын-жуығының да... Ол – мына сұм, сайқал, сұрқия өмірге икемсіздігі, тыраштанбас тірлігі. Өйткені бұл алты жасынан Абай елінде, дүйім жұрттың алдында домбырасын өңгеріп, отырған орындығынан аяғы жерге тимей салбырап, дүниенің басқа қызығын “қызығым” деп ұқпастан өнер жолына түскен ғой. Бар айыбы да сол – әншілігі... Бар айылын жимастығы да сол – әншілігі. Басқаның бәрі бұл үшін жалған, бұл үшін құнсыз. Сондықтан да Қазыбекке қайраны жоқ қаймақсыз тірліктің ұсақ-түйек істері, қуанышсыз қызметі деген мансұқ. Тірлігінің тұмары – әншілік өнер мен сұлулыққа сүйсіну.
Онда да тәңірінің жаратқан табиғи сұлулығы. Тау мен дала, орман мен өзен, күн мен ай, адам мен аң-құстың табиғи, тәни сұлулығы.
Кейде әсерленгіш әнші көңілі шайқалып, мазасын алса ақ қағазға сүйкектете жазатыны, тілінің нәрі жеткенше суреттеуге тырысатыны және бар. Сондайда ғой ақын-жазушы мен ғалым-сыншының “Апырай, тілінің мәйегін-ай!..” деп тамсанып жататыны.
Осындай бір ой жетегінде келе жатқан Қазыбекті Сабырбек қуып жетті.
— Кәкесі-ау, ұзап кетіпсіз ғой. Сізді сабылып іздеп жатыр. Шай-шалап ішсеңіз. — Сабыр бәйек болып жатыр.
— Ой, Сәке-ау, кішкене жүре тұрайықшы. Қайың арасы керемет екен! — деп Қазыбек: “Қайран, қазағымның жері-ай!..” деді сезімін жасыра алмай.
— Кәке, қазақтың жері — жер, елі — ел ғой... Сұлулығы мен байлығына баға жетпес. Ата-бабамыз бен Алла тағаламыз мирас еткен жер мен елдің ендігі күні қалай болады? Алдағы ғасыр таяу ғой... Баяғы Кенесары бабам армандаған азаттық күнге де жететіндейміз. Тек... — Сабырбек бөгеліп қалды.
Қазыбек Сабырбектің көкейіндегі ойын түсінді.
— Кім білсін, Сәке?! — Екіұштылау сөйледі. — Заманның сыңайынан қорқам. Бұл қазақ баяғы қазақ емес. Біртүрлі қазақ... Санасы сау емес, қоғадай жапырыла береді. Өткеннің сызы қалған. Кешегі “86”-да танытты ғой, өзін... әсіресе үркек үлкендер жағы. Бар үміт — басасау жастарда. Кейінгі толқын келмей, кемерден шығып кетпеспіз. Қурай шаншып қойса да басымызды иіп, бөркімізді атып, есалаң адамдай алдана берерміз...
— Апыр-ай, ағасы! Алдағыны абыздай болжадыңыз-ау... Өзгеден басшы қойса да, қазақтан қасқа қойса да сәбидей алданып келе жатқанымыз рас-ау! Бәрінен де бұл күнде баю арқылы ертең билікке жетем деушілер, жүрегі таза емес адамдар көбейіп барады ғой... Жә-жә, ағасы, мен басқа жаққа бұрып барам. Сіз, кешіріңіз! Демалтуға емес, бас ауыртуға қарай бұрып барам, — Сабырбек өзін кінәлай берді.
— Оқасы жоқ, Сәке! Ол да керек.
— Аға, көл жағасына алтыбақан құрыпты жігіттер. Кешке қарай сол жерде ойын-сауық ұйымдастырмақ. Жастықты, бозбалалықты бір еске алсақ, – деп қойды Сабырбек.
— Сәке! — деп қалды Қазыбек те. — Менің бір базыналық сөзім боп тұр өзіңе. Осындай оңашада айтып қалмасам, ел көзінше реті келмес.
— Айтыңыз, Кәке, айтыңыз! Сіздің бір базыналық көңіліңізді көтеріп алмасақ, несіне кеуде көтеріп жүрміз.
— Сабыр, сынық сөйлей алмайтын басым, сенің жүрегіңді жаралап алам ба деп те жасқанып тұрмын. Бірақ пасық, сасық ойым жоқ, – Қазыбек те күрмеле берді.
Сабырбектің өңі оқыс өзгеріп, іле түсін билеп ала қойды. Қазыбек: “Қап! Көңіліне көлеңке түсірдім-ау!” деп қарадай аяп, өзін жазғырып қалды.
— Қазеке, әңгіме Ақтілек туралы-ау... Ол үшін қысылмай-қымтырылмай-ақ қойыңыз. Ол да, мен де түсінеміз. Сіздікі де адал пейіл ғой... – Сұңғыла Сабырбек әңгіме өзегінен тап басып, мұның мұнарлы ойының төбесінен дөп түсіп, жамандыққа жорыр бар бұйыққан күдік-күмәнді сейілтіп, сезім-сауанын айықтырып жіберді.
— Апырай, а-а!.. — Енді мұның аузына сөз түспей, абдырап қалды. — Менікі бір мұндар сөз болды-ау!.. Тасырлық...
— Олай демеңіз, Қазеке. Елге де, ерге де еркелейтін ретіңіз бар. Ері көтере алмасақ, бізге — серт!.. Елі еркелете алмаса, оған — серт!..
Баяғының сал-серілерін төбесіне көтерген жұрт емес пе едік, баяғы жұрт орнында, бағлан азаматы жұртында... Бұлаң емес, айтып тұрғаныңыз базына, оған шыдамасақ менің кім болғаным? Басыңызға үй тігіп, бауырыңызға қазан көтеріп, жаныңызга жар ертіп жіберетін жөніміз бар емес пе, едік... Енді ғой, ешкідей едіреңдей, талпақ танау орыстай тасыраңдай қалатынымыз, — деп Сабырбек сарқыла сөйледі.
— Ай, бауырым-ай, арылта айттың! – Қазыбек дән ризашылығын білдірді. – Сендердей азамат аман болсын! Сендер тұрғанда Арқаны жау, елді дау алмайды... Сабырбек, менікі Ақтілектің дауысы мен ибасына бас иер ағалық тілек еді... Жаратқанның мінсіз жаратқан жаны екен. Сендей жігіттің жігітіне осындай-ақ жар лайық.
— Рахмет, Кәке! Ақтілекті әдейі алдырдым. Өнерді бағалайтын, өнерге ғашық ол. Ән десе ішкен асын жерге қояды. Сізді көрсін, сұхбаттасып сыр ашсын, көңіліндегі шерін тарқатсын деп шақырттым, Кәке... Мына жаман ініңіз қаттылау, қаталдау. Өнер жолын қудырмадым. Ол мектепті бітірер-бітірместе қосылдық. Маған әлі күнге ренжиді, сен жолымды кестің, жастайымнан үй күзеттірдің деп. Кәке, ойлап тұрсам, осыным кейде дұрыс, кейде бұрыс көрінеді өзіме, — деп Сабырбек налып та қойды. — Бағын байладым ба деп те ойға қалам?
— Жоқ, бауырым, өткенге өкінбе демей ме үлкендер. Қыз бақыты — ерге шығу, бағы — бала сүю... Ер жігіттің бар байлығы, бас байлығы — бас құрау, – деп ұқ. Екеуің де егіз қозыдай жарасып тұрсыңдар, жаңа ғана ел сүйініп айтып, көз сүйініп қуанып жатқан жоқ па... Жарға — Нар, — сендей азаматтан айнал! — Қазыбек шын көңілін ақтарыла айтты.
— Кәке, көп мақтап жібердіңіз-ау мені, рахмет! Ендігі ұят та...
— Е, несі бар, Сабыр! Шындық қой, қасыңа ергеніме қанша күн болды, мен де адам танимын. Бұл асырып айту емес, қайта тұқыртып айту. Ел көзінше көлгірсу болар, ал жеке жерде — жалғансыз... Әр жерде айта жүруге, мәртебеңді асыра жүруге лайық жігітсің, неге айтпасқа? Ақиқатты айта білу керек, мойындай алу керек. Азаматтың төресі екеніңе мен куә! — Қазыбек келіп қалған ойлы сөзді іркіп қала алмады, жеке жерде тілін тістей алмады.
Сабырбек те бір мезет үнсіз қалған. Айнала жүріп көл жағасынан ірге көтерген киіз үйлерге де кеп қалыпты.
...Сол күнгі айлы түн әншінің әсемдікке құштар көңілін арбап, жүрегін тербеп, сезімін көлден көтерілген будай бау-рап, мәңгілік есте, қалғып кетсе түсте қалды.
Ай жарығы толқыған торғын түнде, қыл арқаны тербелген алтыбақан қасында қаншама әндер шырқалып, қаншама әзілдер айтылды. Сабырбек ауылынан іріктеп таңдап, Қазыбек үшін арнайы алдырылған алқалы топ аңқылдаған көңілмен бір жасады дейсің... Көл беті ай жарығында шағылыса жыбырлап, бір бүйірді ала өскен кісі бойы көк құрақ судырлап, биші қайың арасы күбірлеп жатты.
Түн тербеткен топ жиынның көңілдері шалқыған. Шырқау көтерілген қауырсындай дауыс шыңырау ойға, толқыма сезімге жетелейді. Бір әредікте: “Қалқам, Ақтілек! — деп, — Көгілдір көл жағалап қайтайық!..” қолқасын салған Қазыбек. Сабырбек те: “Ақаш, Көгілдір көлдің аққуын көрсетіп қайтшы! Арқаның айырылмас аққуын көрсетіп қайт, олардың әнге қалай елтігенін байқасын” деп рұқсатын жұрт көзінше берді.
Сол бір сәт сылқым да сері жігіт Сабырбек жарының адалдығына, өзінің өр де ер мәрттігіне сенгені шығар...
Қадау-қадау селдірей өскен қайың арасымен, көкнұр ай сәулесі аймалаған айдын көл жағасымен бұлар жыраққа бет алған. Алтыбақан басындағылар ән-жыр мен жыр-думанға елітіп қала берген. Бозамық түнде қатар аяқ басқан қос сұлба да жұмбақ күйде буалдырға сіңген. Екеуара еркін тілге келісіп, шыққа аяқтарын шылаған еді.
Көңілі — дала, сезімі — сала Қазыбек шалқып сөйлеп, толқып ойлап Ақтілекті сырға тартса, көңілі — кірбің, сезімі — саумал Ақтілек тартына сөйлеп, жұбана ойлап Қазыбекті ойға тартты... Көкмұнар кілкіген көл жағасымен ұзай түсті.
Әлден уақта:
— Әнші аға, әне аққулар! — деп Ақтілек балаша қуанып, екеуара салмақты, сырбаз сезімнен серпіле берді.
Қамыс-құрақты мүйістен шыға келіп, оқыс дауыс салған екеуге мойындары құмғандай иілген қос аққу елең етісіп, бозаң түнде бозара жүзді. Қазыбек жақын келгенде ғана байқады: қатар жүрген қос қудың бірінің соңында қарақанаттанып қалған қос балапан жүзіп барады екен.
— Көгілдірі көл бетіне шығыпты, аға, қараңыз, қараңыз! Біз келмегелі де көп болып еді... Қандай сұлу!
— Ғажап! Ғажап екен... Енді мұнда қайырыла ма?
— Әрине аға, қайырылмай қайда барады? Мынау көл суына малшынып өскен көк құрақ мекені ғой. Осында ана аққу ұя басқан. Аға, мынау бір жақсылықтың нышаны болар, сіздің де елден бата алып жүрген үлкен жолыңыздың жолашары шығар... Біз, Сабырбек екеуіміз көргелі бұл аққулар артынан көгілдірін ерткен емес еді.
Бүгін міне, балапан басып шығарыпты. Бұл — жақсылық, аға, жақсы ырым!.. Сіздің жолыңыз ғой, сіздің жолыңыз! – деп келіп, мұны мойнынан құшақтай алып, бетінен сәбише шөп-шөп сүйді. Ай жарығында қуанышты сезімнен жанары да жарқ етті.
— Лайым, қалқам, лайым! Тілегіңді тәңірі берсін! Түн куә болсын! — деп Қазыбек те қапылып қалды.
— Айтқаныңыз келсін, әнші аға! Құдай тілеуіңізді берсін! — Ақтілек мұны мойнынан құшақтаған күйі солқылдап жіберді. — Кешір, аға, кешіріңіз мені! Мен бір баласыз бейбақ, ауа айтсам кешіріңіз!..
— Қой, қалқам! Қоя ғой енді! Әлі-ақ Алла береді... Адамның емес, Алланың рақымы мол ғой. Қой-қой! Өксігіңді бас! — деп Қазыбек Ақтілектің арқасынан қақты.
Солығын әрең басқан Ақтілек көл суына бетін жуды.
— Әнші аға, кешіріңіз! Қыстыққан көңілім босап кетті. Оның үстіне сіздің өңіңіз бен көлдің көгілдірі көкірегімдегі қатып жатқан тоңды қозғап жіберді... Ғапу етіңіз!
Келіншек көңілін басқаға аударғысы келген Қазыбек:
— Көл суы киелі ғой, Ақтілек. Аққу – киелі құс. Киелі жерге ғана қонады. Нағыз құс төресі емес пе?! — деді. — Иелі көлді мекендеп, киелі суда жүзгеннен де көгілдірлер ерген ғой...
Салқын судан сергіп қалған Ақтілек сөз төркінін тез аңдап қалып, мойнын бұған әнтек бұрып, біртүрлі ойлана тұрды.
Іле:
— Көгілдір шайқалып шыққан көл суы киелі болса, аға, онда мен дәл қазір суға шомылам, — деді.
Бұл бір күтпеген уәж еді... Қазыбек қазық жұтқандай қақалып қалды.
— А-а!.. О-о-о!.. — Тілі әрең шықты. — О-о-ол да дұрыс екен!
— Әнші аға, осыдан артымнан қара ерсе, есімін сіздікіндей қоям... Сабырбек те қарсы болмайды. Қыз болса, амал жоқ...
— Лайым, қалқам! Сендей аруға Алла жар болсын! Мен сенемін, қалқам, сенемін! — Қазыбек құптай берді.
Бозамық сәуленің бауырында қалқыған қос қу бұл уақта көгілдірлерімен көл ортасына қарай сұғына жүзіп, көз ұшында көзден ғайып болған. Алабұртқан сезім көтеріп алған Ақтілек болса, Қазыбектің алдында шәйі көйлегін шешіп, үн-түнсіз қалпы айдың ақшыл сәулесіне сүйдіре жұмыртқадай тәнін жалаңаштап, “Иә, су иесі — Сүлеймен, өзің қолда! Көл иесі — көгілдір, өзің қолда!” деп естірте күбірлеп, лыпасына дейін сыпырып тастады да, бұрылмаған күйі көл жиегінен суды жалдай, тереңге қарай жүре берді. Оқтаудай жұп-жұмыр мүсінде мін жоқ. Айлы түн нұрына шомылған су періштесі секілді... Қара саннан қия жалдаған жас келіншек қалт тоқтап, желкесіне түйген шашын тарқатты. Сонда ғана аңырып тұрған Қазыбектің денесі ду етіп, тұла бойы дір ете түсті. Қолаң шаш бірақ қысқа екен: арқасын ғана жапты. Ту сыртынан үңілген Қазыбек енді ғана ес-ақылын жиғандай болды.
Ақтілек әлдене айта сиынып, қоңыр салқын сумен алақандай көтеріп, бар сенім-нанымымен басынан төмен жуынып жатыр. Қазыбектің жан дүниесі алай-түлей... Жас сұлудың ай сәулесіне жұтынып, салқын су тіксінтіп тұрған тәнін бұл бар болмысымен сезініп тұр. Көл суына барып қойып кетуге белгісіз бір күш ұстайды. Бәлкім, ұят... бәлкім, Сабырбектей жігіттің бұған сенген мәрттігі... Келіншек бөксесі бұлт етіп, кенет еңкейген қалпы көл бетіне құлады. Құлаған күйі құлаштай малтып жөнелді. Қос аққу кеткен көл ортасына қарай жүзе берді.
Ақтілектің бұлай қабағат жүзетініне таңданған Қазыбек оқыс бұрылып кетті. Ол өз-өзіне сабыр билетіп, суда анадан тумай жалаңаш жүзіп бара жатқан сұлудан сырт айналды... Қисық балтыр қайың ішін оңаша аралап кетті.
Ақтілек ертіп келген қайыңды жағалаумен кері қайтқан.
Көп ұзамай жүзі бал-бұл жанып, көзі әлдеқандай ішкі қуаттан жарқ-жұрқ еткен Ақтілек:
— Әнші аға, сізге рахмет! Мың да бір рахмет! Қарындасыңызға қандай ой салып барасыз, білесіз бе? Өзіңіз неге шомылмадыңыз? Салқын су сергітіп, күні бойы шаршағаныңызды да басар еді, — деп қуып жетті.
— Оқасы жоқ, қалқам! Көл алыс емес қой...
...Иә!.. Бұл осындай бозамық түнді, бал-шырын мезгілді бастан кешкен. Ақтілектей аққу мойын Арқа аруын көрген. Көре тұрып көңілі бұзылған... Сабырбектей сері азаматты көрген. Арқа ұлына тән мерттігіне бас иген... Иә, иә!.. Күзге салым Көкшеден қуанышты телеграмма келген. Сабырбек пен Ақтілектен екен, перзентті болатындарын, құдай қаласа алдағы жылғы мамырда шілдеханаға шақырыпты... Қазір маусым. Өткен мамыр айының аяғына қарай Арқадан асыға соғылған телеграфты телеграмма тағы келді. Ұлды болыпты. Атын “Қазыбек” қойыпты... бірақ бұл бара алмады. Реті келмей тұрғаннан кейінге қалдырды. Артынша түстік өңірдегі Шымкентке жүріп кеткен.
Енді міне, ерулеген ел ішінен көз ілместен қайтып келеді...
Вагонның селкілдеген терезесінен селдірей төгілген сәулелі қызыл күн де көтерілді. Купе ішіне жан кірді. Вагон ішіне қан жүгірді. Жолсерік те төсек-орынды жиыңдар деп асықтыра бастады.
Жуынып-шайыну деген, жеңіл-желпі ораза ашу деген қарбалас та бастады.
Ап-сап басылған соң Артық шалмен Қарлығаш шайға шақырды. Шай ішілісімен Қазыбек: “Ақсақал, құмалақшылығыңыз болды ғой”, — деді. Қарлығаш үстел үстін жиыстырып жатып ақ орамалға оралған қырық бір құмалақ тасын шашып алған еді.
— Жоқ, Қазыбек, құмалақшы – мына жеңгең.
— Солай ма? Алматыға да келіп қалдық, жеңгей бәлкім құмалақ ашып берер, – деді Қазыбек.
— О жағын Қарлығаш өзі біледі. Құмалаққа қолқа жүрмейді...
— Қарлығаш, қайныңның бір ауыз өтінішіне қалай қарайсың? – деп қара шал жас әйеліне қарады.
— Апырай, жол үстінде ашпаушы едім... Қалай болар екен?
— Е-е, онда тұрған не бар? Жеңгей, бір қолқамды қолай көріңіз! Сіздердей адамдармен жолүсті дәмдес-тұздас болдық. Бұдан былай да дәм айдаса жолығысып жатармыз, – деп Қазыбек орағыта сөйледі.
Жас келіншек артық сөзге бармады. Орамалын купенің кішкене үстеліне жайып, құмалақ тартты. Қырық бір өріктің қызғылт дәнін үшке бөліп, төрт-төрттен жіктеп, қалдығын төбеге қарай жиды. Ал дегеннен маңдайы тұйықталып, келесі тартқанда қос бүйірден қысылып, жүрегі күпті боп түсті. Үшінші тартқанда босағадан кетіп, еңсеріле ауды... Қарлығаш қабағын қағып, қасын қайшылап, өз-өзінен тіксініп қалды. Оның құбылған келбетін Қазыбек те байқады.
Қарлығаш тіксінгенінің тігісін жатқыза сөйлеуге оқтала беріп, бірақ өтірік сөйлей алмады.
— Ғапу етіңіз! Жолдың ыстықтығына көрінген шығар, құмалақ қыңыр түсіп тұр. Десе де сөйлеп көрейін, сіз бірақ көңіліңізге алмаңыз.
Қазыбек Қарлығаштың жұмбақ ләмін күтті.
— Неге екенін қайдам, ұзақ жолға шыққалы тұрсыз, бірақ әлгі сапарыңыз оқыс тұйықталыпты, ары қарай даңғыраған күре, қайыра сол қайқаңсыз күреге түсіп бересіз. Сол ұлы күреге түсерде қос өкпеңіз қысылатын сыңайлы, жүрегіңіз де жау шабардай күпті...
Босағадан аттай шығып кеткен екенсіз, әйтеуір арты — шашу, той, — деп, қолында қалған құмалақтың қалдықсыз үштен бөлінгенін көрсетті.
Қазыбектің көңіліне әлдебір дық келді... Өзі түнімен кірпік ілмей, қоңырқай қой көзі қызарып, алаң көңіл болып келе жатқан әншіге әлгі сөз семсер сұғып алғандай жүрегін шым еткізіп, денесі ауырлап кетті... Сонда да сыр алдырғысы келмеді білем, “Айтқаныңыздың бәрі рас. Рахмет сізге!”деп кесіп тастады.
Әне-міне дегенше поезд да жерұйықтай қалаға жылжи жеткен.
Қазыбек телефон мен адресін Артық қартқа қалдырып, “І Алматы вокзалы” перронынан ерте түсіп қалды... Ерте түсуінің де себебі бар еді.
Көңілінде бір түйнектеліп дық қалды...
Осы бір ыстық жаз әнші Қазыбек ұзын жол үстінде көз жұмды. Ол, асылында, Алаш айдынды Көгілдір көлдің қуы еді... Тәңірі текті зеңгір көгіне сыңар аққудай сыналай сапар шекті.