Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 16 сағат бұрын)
Мұғалімнің тұлғасы және оқушыларға берілетін ұлттық тәрбиенің ерекшелігі
Мұғалімнің тұлғасы және оқушыларға берілетін ұлттық тәрбиенің ерекшелігі
Бүгінгі таңда мұғалім тұлғасы деген мәселе өте өзекті болып отыр. Ол туралы ойшылдарымыз да, ғалымдарымыз да, қоғам қайраткерлері де ерекше мән беріп, түрлі тұжырымдар мен пайымдаулар жасаған. Солардың бірі – ұлтымыздың ұлы тұлғасы, алаштың біртуар қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытов. Жүсіпбек Аймауытовтың ұстаз тұлғасын қалыптастыруға негіз болатын ой–тұжырымдарына назар аударсақ: «Мұғалімдікке арналған адам жақсы оқытушы болу үшін өзіне тиісті нәрселерді мына ретпен үйренсе керек. Әуелі оқытудың мағлұмат жағымен, яғни дидактикамен, математикамен жақсы таныс болады. Сонан соң әрбір сабақ берушілердің оқыту ыңғайларын, әдістерін бақылап, қарап жүреді. Одан кейін жақсы ысылған оқытушыларының жетегімен, солардың алдында өзі сабақ беріп, күшін шамалайды. /Бұны үлгі сабағы дейді, содан соң өз бетімен бала оқытуға кіріседі/. Бірақ оқыту – баланы ғана оқыту емес, баламен бірге өзі де оқу екенін әсте естен шығармау керек.

Мұғалім өзін қалай, немен оқытпақшы? Үнемі өзінің ісін байыптау, бақылаумен, тәрбие туралы әдебиеттерді көбірек қарастырумен, басқа оқытушылармен кеңесу, пікір ауысумен өзін – өзі оқытпақшы» дейді Ж.Аймауытов. Әрі қарай баяндамамызды сабақтайтын болсақ, мұғалімнің тұлғасы ең алдымен мамандықты дұрыс таңдау. Екіншіден, мұғалімдік мамандыққа өзі таңдаған саласының теориялық негізімен қатар аса қажетті педагогика, психология, әдістеме ғылымдарымен терең қарулану. Үшіншіден, әр сабаққа жан –жақты мұқият дайындалу. Төртіншіден, мектептегі тәжірибелі мұғалімдердің сабақтарына қатысып, өзіне қажетті әдіс – тәсілдерді меңгеру. Бесіншіден, үнемі ізденісте болу. Алтыншыдан, білім беру технологиялардың теориялық мәселелерін меңгеріп, практикада қолдану. Жетіншіден, заманауи ақпараттық технологиялармен жұмыс жасауға машықтану. Осы талаптарды бұлжытпай орындағанда ғана мұғалімнің тұлғасы толық қалыптасады.

Кез келген мұғалім өз мамандығын шынайы сүйіп таңдайтын болса, жоғарыдағы талаптарды орындау қиынға соқпайды. Мұғалімдік мамандықты таңдап, теориялық біліммен шынайы қаруланған маман қалған талаптарды тәжірибе арқылы толықтырады. Сондықтан да ең алдымен, ата – ана баласының бойында қандай қасиет бар, болашақта қай мамандыққа икемді, сол мамандыққа орай алған білімі тиянақты ма,таңдап отырған мамандығының ерекшелігін, қиындығын сезіне ме деген мәселелерге ерекше көңіл бөліп, баласының болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ықпал етуі қажет. Оқытушы шәкірттерінің психологиялық ерекшеліктерін, қабілетін, ой топшылауын, жеке тұлға ретіндегі бейнесін көре, тани алуы керек.

Оқытушылар шәкірттерінің білімін сынағанда, я емтихан алғанда бұрынғы нәрселерін қайта айтып бергенін ұнатамыз: сөзбен көрінбеген қабілетті төмен деп санаймыз. «Біліп тұрмын, бірақ айта алмаймын» деген бала мен түк жауап бере алмаған баланы жек көреміз. Бұл – зор қате. Өмірде басымыздан нені кешірмейміз? Соның бәрі жадымызда түгел сақтала бермейді. Жады жіті болу – игі қасиеті, оған талас жоқ. Бірақ ол қабілет жұрттың көбінде бола бермейді. Сондықтан емтиханда сынақ алған кезде қысылып тұрған оқушыларға жанымыз ашуы керек, шыдамды қарауымыз керек. Оқудағы сыннан нашар өткен бала өмірдегі талай сыннан жақсы өтуі мүмкін. Өз жадымызда не шәкірттеріміздің жадында бір нәрсені берік орнату үшін, саналы күшімізді із қалдыруға, жаңаны бұрынғы таныс нәрселермен байланыстыруға жұмсауымыз керек» деп ұстаздың қашанда баланы адам ретінде бағалап жақсы көруі, оның жеке басының сыйлауы керектігін айтуымыз керек.

Өкінішке орай, кей кездерде әріптестеріміздің арасында мұғалімнің этикетіне жат қылық көрсететіндер де кездесіп жатады. Баланы тек сабаққа дайындығына қарай ғана бағалау, жақсы дайындалып келсе жылы қабақ танытып, өзгелердің алдында мақтап, ал дайындығы нашар немесе мүлдем сабақ оқымай келген баланы жолдастарының алдында кемсіту – мұғалімнің үлкен қателігі. Мұндай жағдай баланың жүйкесіне, өмірге деген көзқарасына, адамдарға деген сеніміне келеңсіз кірбің түсіріп, сол пәнге деген қызығуын жояды. Мұғалімге деген сенімі жоғалып, жек көрушілік сезімі пайда болады. Бұл – өсіп келе жатқан жас бұтақтың тамырын қолмен жаралау деген сөз. Жараланған тамырдан жақсы ағаш өсіп шықпайтындығы сияқты мұндай шәкірттен бүгінгі қоғам талап етіп отырған жеке тұлға қалыптаса алмайды.

Бала қандай нәрсеге ынталы болмақ. Бұрын таныс емес, тың нәрсеге ынтасы болмайды. Бұрын білетін ескі нәрсеге де ынтасы болмайды. Ынтаны қоздыратын жаңа мен ескісі аралас нәрсе. Баланың ынтасын тарту үшін оқылатын нәрселерде бір жаңалық болуы керек. Ол жаңалық бұрынғы ойда бар нәрсені не толықтырғандай, не дәлелмен бекіткендей, не бұрынғыны бекерге шығарғандай, болмаса күшейткендей бір өзгеріс кіргізетін болуы керек. Оқыту нағыз берік болсын. Баланың нақты білгені қойылған бірнеше сұрауларға жауап қайыра алғанынан көрінеді. Шәкіртке бір нәрсе ұқтырғанда мұғалім анық айқын айтуы керек. Мұғалімнің сөзін бала ынтамен тыңдаса, айқындық сонда табылады. Өз мамандығын сүйген ұстаз – қашанда әдіскер.

Баламен жұмыс істеу – оның ойымен ойлау, оның сезінгенін сезу. Сонда ғана мұғалім баламен тіл табысып, оның жүрегінен жол табады. Ынтасыздың ынтасын оятып, жалқауды жұмыс жасауға жұмылдыра алады. Ақылды күшейтуге білімнің санынан сапасы, яғни сымбатты жүйелі болып миға қонуы артығырақ әсер береді, маңызды болады. Шәкірттің алған білімдерінің арасында байланыс жүйе болса, жаңа мағлұматтарды соған жалғастырып, миға тоқу да жеңіл тиеді. Ескіге сүйеніп, жаңа мағлұматты сіңіріп алу – ақыл күшейткендіктің белгісі. Мектептің беретін білімінің мағынасы баланың зауқын тарқандай, ой жұмысына құлшындырғандай, ғылымға қызықтырғандай болуы керек. Сонда ғана бала мектептен шыққан соң алған білімінен айырылып қалмай, тыңнан білім жамауға, ақыл шарасын кеңейтуге әрекет етпек. Мектеп бала алған білімін өмірде пайдалана білуге үйрету керек.

Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесінде шешендік, өнерпаздық тәрбиеге баса назар аударды. Қытайда ата-ана мен мектеп баланы төзімділікке, іскерлікке, ептілікке тәрбиелейді екен. Ал қазақтарда балаларын төзімді, епті, сезімталдыққа баулыған. Сөз өнері мен саз өнерін ерекше құрал ретінде пайдаланған. Музыканың адам тәрбиесіндегі орнына ежелден мән беріп келген. Ғұлама Әл – Фараби «Музыкалық әуендер жақсы мінез – құлық машықтарын, адамның қоғамдық мұраттарын қалыптастыруда елеулі рөл атқарады... Музыка мен ән адамды эстетикалық сезімдер туғызу арқылы кісінің өзін – өзі тәрбиеленуіне, бойдағы нашар қасиеттерден арылуына ықпал етеді деген мәлім». Ата – бабалардан қалған жақсы өнегенің барлығы өнермен байланысты болған. Бір адам бірнеше өнерді меңгеру арқылы оның күш-қуатымен ақыл-ойының күші артты. Әр өнердің бөлек-бөлек энергиясы адамға құятын нұр секілді. Сол себепті кез келген қазақ музыкалық аспаптарда орындауға, меңгеруге тырысты. Өнерлі ұрпақ тәрбиеге икемді келеді, өнерсіз ұрпақты тәрбиелеу асау ат секілді.

Музыкамен айналысу баланың өзінің ішкі дүниесіне үңілуге көмектеседі. Адам жаны дұрыс қалыптаспай қоғам жөнделмейді. Адамның ішкі әлеміне әсер ететін нәрселер, бірінші тамақтануы, екінші естіген сөзі мен әукені, үшінші көргені, төртінші үйренгенін жасауы, бесінші оқу, жазу т.б.сияқты әрекеттері жатады. Ал қоғамның ішкі әлеміне жататындар:бірінші оның жері, екінші тілі, үшінші тарихы, тұрмыс – тіршілігі, төртінші өнер адамдары, бесінші дана ақылды ойшылдар жатады. Осындай бабалардың біліммен айтқан өсиеті бүгінгі жастарымызды, оқушыларымызды тәрбиелеуге әбден мүмкін.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама