Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мұнай мұхиты

Маңқыстау... Сенің ғасырлар бойы құлазып калған көне көкірегің бұл күнде мынау өмірге ғашық жандардың жүрегіндей лүпілдейді. Сенің осы бір арай жүз келбетіңе қарап менің де кішкентай жүрегім лүпілдейді. Қуана тұрып, тәтті бір ойларға еніп кетем. Менің ұлан-ғайыр қасиетті мекенімнің трубалары ақшаңқан алып зауыттарыңның тынымсыз жүрек дүрсілінде сендегі мұнай дариясының да шуда толқындары бұйраланып жатыр ма екен... Тарихтай қатталған қара жер қабатының астындағы мұнай тасқыны зауыттар мен фабрикалардың жүрегіне қызу қан берер ғажап күш емес пе!?

Байкоңыр атты даладан старт алып анау көгілдір әлемге тік тартатын космостық корабльдердің от қанаттарының алау ұшқынында шуда толқын Маңқыстау дариясының үлесі бар деп сенемін мен.

Маңқыстау... Сенің даңқыңды, біздің дәуірдің ғажайып адамдары дүбірлеткен даңқыңды, бұл күнде Жер шарының біраз түкпірі біледі. Бүгін қазына аралына айналған сенің атағың қазақ даласының шекарасынан әлдеқашан жырақ кеткен.

...Иә, сенің ғажайып болашағың әлі де талайларды таңырқатады; өз ұрпағыңа, өсіп-өркендеген ғаламат заманның кереметтерін құрыш қолдарымен өзі жасап жүрген ұрпағыңа әлем алдында «Міне, қараңдар менің ғажайып өлкеме!» — дейтіндей мақтан бола бересің сен, дариялы мекен!

* * *

Мен бала кезімде анаммен ілесіп Маңқыстау деген жердегі ұзатылған апайыма келгенім бар. Балықшылардың желкенді қайығымен он бес күн теңіз бетін шарлап, әрең дегенде Форт-Шевченко қаласына жетіп, одан аткөлікпен “Қызылөзен” совхозына асқанбыз. Ойлап отырсам, балалық шақтағы осы сапардың өзі өз алдына бір хикая екен-ау. Міне, сол сәттен бастап, Жайық бойының жасыл желекті тоғайында бүлдірген теріп, келіншек көз көлдеріне сүңгіп өскен менің көңілімде Маңқыстау деген мыж-мыж мүжік таулар мен сортаң дала боп ұялап қалған. Біреулердің көзіне жаратылыс дамуының екпініне ілесе алмай көне дәуірдің мимырт аяқ алысынан арыла алмаған мекен боп керінген Маңқыстау еді бұл.

Маңқыстау деген бұл аймак.
Даласы сор мен кұм ойнақ.
Шулы өзендерге зар болып,
Кешпедік суын ылайлап.
Адыра қалғыр аспаннан
тіледік жақбыр «құдайлап»... —

деп көне жырдың кәрі бұлбұлы Қашаған осылай жырлаған, күңірене, күйзеле жырлаған Маңқыстау еді бұл. Онсыз да кезеріп жатқан құба даланы шабуыл шаңына бөктіріп, жер үшін, жесір үшін сойыл-шоқпар сілтескен жортуылдардың мекені еді бұл.

Адам баласы қай дәуір, қай заманда өмір сүрсе де, оның бойында бір ортақ сезім болады емес пе?! Осы аяулы мөлдір сезімді махаббат дейді. Ол өлкенің Баяны мен Қозысы атанған Ақбөбек пен Қайыптың да мекені болған Маңқыстау бұл.

Осынау аймақты аршынды қадамыңмен екпінді дүбірге толтырып, құдіретті қолдарыңның жасампаздығымен әлемге мәшһүр еткен саған қалай бас имессің, Адам! Жапан даланы жаңғыртып, шілденің аптап ыссылығымен қоса соғатын құмды дауылға, қаңтардағы ақтүтек қарлы боранға бетіңді тосып жүріп ертеңге деген сенімді серік қылғаның үшін тағзым етем саған, менің замандасым!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама