Үстіртке шабуыл немесе мазасыз түндердің ертеңі жайлы
Үстірт пен Қансу құз кеуде,
Қаһармандардан жалтарма, ал!
Көкірегіңде сенің қатталған
мұнайлы мұхит-шалқар бар.
Барлаушы басқан төсіңнен
атқылайды ертең фонтандар!..
Үстірт... Барлаушылар мен бұрғышылардың өршіл қиялына қарлығаш қанат беріп, құба жон түздің төсіне шақырған Үстірт аймағы. Маңқыстау даласына бас игізіп, мұнай дариясын селдеткен бұрғышылар енді тың алаң — Үстіртке жорық жасауға бел байлады. Тағы да жапан түз, сусыз дала. Тіпті мұнда машинамен де жете алмайды. Жалғыз-ақ қатынас — әуе жолы, «шегіртке» қанат самолетпен бидондап әкелінген су бұрғышыларға нәр болған еді.
Үстіртке алғаш бұрғы қадалынды дегенде, «400 шақырым жердегі шөл дала, үй-күйсіз қалай күнелтіс болады» деушілер де болып еді. Талай саңлаққа бірінші болып Үстіртке аттану үлесі тиді. Сонау «Ақсексеуілдегі» комсомол-жастар бригадасының мастері Виктор Борщ, Шапағат Нұрғуатов, Қансудағы Сүйеген Салманов, Жолдас Тоғжанов, «Саройдағы» Михаил Тарабрин мен Мұса Дұлғаев — ылғи «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттер, біріншілер болып Үстіртке бет алған. Үстірт дегенің бас-аяғы жеткізбейтін құла дүз болып шықты. Бригадалар бөлініп-бөлініп, біреулері «Саройға», екіншілері «Беренжік», «Мұзбел», «Ақсексеуілге» кетті. Жолдас Тоғжанов басқаратын барлаушылар Қансуда қалды.
Шаңырағын көтермеген киіз үй секілді Қансудың кереге шыңдары жалпақ дала жонында шоқтығын көтеріп, асқақтай көрінеді. Жар кабақты жалаңаш тастары да қызғылт тартып, әсіресе, батуға таянған күн шапағына малынғанда, сұлуланып кететін тәрізді. Тау басынан өнімсіз аққан бұлақ суының түсі де қызыл. Ол анау етектегі жұтпа сорға құйылып жатыр. Сордың дәл ортасында әдейілеп салғандай, қаз-қатар тізіліп үш тас шоңқал тұр. Бір-біріне өте ұқсас, әрі биіктіктері де қарайлас. Бұл жердің «Қансу» аталуының да тарихы бар деседі. Жер - қоныс дауында осы таудың баурайында сойылға жығылған ер-азаматтарын азалаған халық бір кезде таудан құлап сарқырап жатқан осы бұлақты «Қандысу», ал анау сор ортасындағы үш шоңқалды «Үш батырдың моласы» атаған екен деседі. Ауыздан-ауызға тарап, нешетүрлі ою-өрнектерімен бізге жеткен қилы-қилы аңыздардың бір варианты осы.
Қоныс болудан қалып, құлан жортпас құба жонға айналған Қансу аймағы шыңдарымен жарысып, шаншыла қалған мұнараның асқақ келбетіне таңырқай қалғандай еді. Алғашқы барлаушы-бұрғышылардың вагон қалашығы мен қасындағы дәу мұнараға таңданғандай, ілкі кезде таудың ұшар басынан бірліжарым ақ бөкен көрініп кететін. Қазір ол да қоныс аударып, осынау жапан даланы сендерге-ақ бердім дегендей барлаушылардың әбден орнығып алғанын сезгесін, біржола көзден таса болды.
Бұл жерге қоныс тепкелі де үш жылдан асып барады. Әзірге тіршілік тынысын сездіріп тұрған барлаушылар қалашығы мен түн болса электр шамы жалтылдап көз жауын алатын мұнаралар ғана. Мотор үні тынымсыз дүрсілдеп күндіз-түні бір толастамайды.
Алпамсадай қараторы жігіт дәу мұнараның жанындағы кішкене құмды төбешік басында жүзін дала самалына тосып, айналаға көз жіберіп отыр. Кенеп тужуркасын жанына қоя салып, үстіндегі шатыраш көйлегінің жеңін түріп алған. Бұл бұрғылау мастері — Базарбай Қосмағамбетов. Батыс жақтан емескі жылтылдап от көрінеді. «Саройдағы» Мұсаның мұнарасы-ау шамасы деп ойлады ол. Оның көз алдына ақсары өңді, қоңқақ мұрын жігіт елестеді. Осы Базарбайлар шамалас отыздың ол жақ бұл жағындағы Мұса сонау Чечено-Ингушетиядан Маңқыстауға жолдамамен келген. Оған да 7-8 жыл болып қалыпты. Қазір ол да — Базарбай секілді бір бригаданың бұрғышы мастері. Бұлар Оңтүстік Үстірттің Қансу алаңына бұрғы қадағанда, Мұсаның бригадасы «Саройға» орналасқан. «Саройдың» жобаланған тереңдігі үш мың метр екен.
Ал, анау көрінетін мұнарада Сүйеген Салмановтың бригадасы жұмыс істеп жатыр. Сүйеген — осы Маңқыстаудың баласы. Қаршадайынан бұрғышылар мен барлаушыларға қосылып, түбектің түкпір-түкпірін шарлағандардың бірі. Сырт қарағанда қағілездеу, елеусіз болғанмен, таңдаулы мастерлердің бірі, ерінбейтін жігіт. Осында келген күні Сүйегеннің бригадасындағы машинист, литвалық Петр Мацкевичус:
— Мынау бір қорқынышты жер екен: үстімізден тау төніп тұр, батысқа қарасаң, бұйра-бұйра шағыл, — деп еді.
— Өзің алпамсадай болып, қорқақ емеспісің, ай? Мына бізге қарап, ұялсаң етті! -Сүйеген қарқылдай күліп алған. Петрдің айтуы орынды да: бұлар тұрған жердің өзі қызық. Шығыс жақ іргеде Қансу тауы төніп тұр. Бергі жағы тіптік жар, Қарақалпақ жақтан соққан жел болса, әдейілеп салған қорғандай Қансуға бөгеліп қалады. Ал солтүстік батыс бет — түгелдей бұйрат құм. Оның аты да қызық, «Қарны жарық Сақсорқаның құмы» деп аталады. Құм ішінде бұлақтар кездеседі. Бірақ суы ащы. Құмның түсі қызғылт болғандықтан, бұлақ та қызыл болып көрінеді. Жер бедері қилы-қилы болғанмен, қойнауында не бары белгісіз. Геофизиктердің жобалауы бойынша, мұнда да Өзеннен кем түспейтін мұнай газы бар.
Өткенде Сүйегеннің бригадасы қазып жатқан скважина газ фонтанын берді. Таңғы сағат 7-нің кезі еді. № 3 мұнара жақтан машина құйындатып келеді. Жолдағы сай-шоқалаққа да қарайтын емес.
— Фонтан, фонтан! Газ! — деп айқайлады шофер. Жолдас та шала-пұла киінген беті тұра жүгірді. Базарбай да барды. Қатты дауылдың екпініндей, ысылдаған ертіндіні шыдатпай атқылап жатыр. Жалма-жан ашық фонтанды тоқтату штабы құрылды. Бұл бір жақсы нышан болды. Жігіттердің көңіл-күйін де көтеріп тастап еді.
Базарбай бригадасы былтыр бастаған № 11 скважинаны тереңдікте бітірді. № 16 скважинаны наурыз айында қаза бастаған. Бригада мүшелерінің көбі дерлік Базарбаймен бірге істесіп келе жатқандар.
Бұл өзі 17 жасынан бастап бұрғышының көмекшісі болып Ембіні шарлаған, Доссор, Каратон, Даңғар... Жас жігіт бұрғылау жұмысының ыссы-суығын сезініп, енді-енді өз бетінше қадам жасай бергенде, Маңқыстау дабылы шықты. Содан ат басын Жетібайға бір-ақ тіреген. Шығыс Жетібай, Тасболат алаңдарын бұрғылап кен көзін тапты. Онда да осы жігіттермен бірге болған. Оңғар Қабжанов, Рафаэль Хамидуллин, Александр Абрамов, Білән Калиев, Көбесін Абақаев. Әрқайсысының өзі бір-бір кітапқа кейіпкер боларлық жандар.
...Аспан тыныштығын қақ жарып, самолет үні естіледі. Жетібайдан күніне бір рет келіп тұратын самолет бүгін келмей қойған. Барлаушылар бастығы Жолдас Тоғжанов бұрнағы күні сонда кетіп еді. Әлі оралмай жатыр. Самолет құбыла беттегі алаңға қонғанда, Базарбай да барлаушылар қалашығына қарай аяңдады. «Аэродром» алыс болмаса да, борпылдақ құмнан қараңғыда аяқ алып жүру қиын, тұрған машиналардың біреуін жібермек. Бірақ бейсеуат дыбысқа елеңдеп отыратын жігіттер самолет қонғанын біліп қалған екен. Көгілдір «УАЗ» жолдың шаңын бұрқырата шауып кетті.
Атжақты, ұзын бойлы, қапсағай қара жігіт машинадан түскенде барлаушылар жиналып қалып еді. Ленин орденді бұрғышы Жолдас Тоғжанов деген — осы жігіт.
Қансудың қабағына асылып толық ай көрінді. Желсіз тымық кеш еді. Бағанадан қарауытып, іңір қараңғылығына оранған «Сақсорқа құмы» да сүт сәулеге көміліп, ағараңдап тұр. Мылқау даланың бейкунә тыныштығын алып мұнара жанындағы тоқтаусыз бір сарынды дүрсілдеген мотор үні ғана бұзып тұрғандай.
...Дәл осы сәтте Үстірттің орталығы Мұзбелде Оңтүстік Үстірт бұрғылау тобының бастығы Тұрсынғали да бұрғылау алаңдарын аралап, үйіне жаңа ғана оралып еді.
Есік алдында дүр еткен машина дауысы естілгенде аққұбаша, қыр мұрынды әдемі келіншек сурет көріп отырған кішкене Бақтыгүлге қарады да, күлімсіреген күйі:
— Ал, папа келген болар! — деп еді. Дөңгелек жүзі қызылшырайланып албыраған кішкене қыз анасының алдын орап, ішкөйлекшең томпаңдай жүгірді. Қаншайым кешкі тамақты бағана пісірсе де Тұрсынғалидың келуін күтіп, бұқтырып қойған. Енді газға от жіберді де, жалаңаш-жалпы жүгіріп кеткен балдырғанның соңынан өзі де есікке беттей беріп еді. Мойнынан тас қылып құшақтап алған Бақтыгүлді иіскелеп, күндегі әдетінше қытықтай күлдіріп есіктен енген Тұрсынғалидың онсыз да жұқалтаң, ақсары өңі тым жүдеу көрініп кетті. Үстіндегі қоңыр жұқа плащы да шаңға көміліп, бозаң тартқан. Тек ойнақы, отты көздері ғана қайрат-күш тасқынын сездіргендей. Қаншайым сүйікті жолдасының күні-түні тыным көрмей «ат үстінде» жүретін мазасыз жұмысын еске алып, іштей жаны ашып елжіреп кетті. Осы Үстіртке келгелі биыл үшінші жыл — әлі бір дұрыс дем алған да жоқ. Қысы-жазы дамылсыз. Оқта-текте жұмыс бабымен экспедиция орталығы Жетібайға бірер күнге барып келетіні болмаса, басқа уақыттың бәрінде тыным кермей шарлайтыны — осы Оңтүстік Үстірт. Бір жағы Қарақалпақ, екінші жағы Түркменстанмен астасып жатқан елсіз иен даланың ой-шұқыры таусылсын ба... Кейде:
— Біз де адамбыз ғой, жаным. Демалыс алып елге — ағайын-тумаға көрініп, болмаса бір қалаларға барып, бой жазып келейік, — те деген Қаншайымға:
— Ойбой, қарағым-ай! Балалы болсаң да, балаша қиялдап кететінің-ай, — деп қулана күліп, әзілге шаптырады. — Мына Үстіртті кімге тапсырып кетеміз? Жұрттың бәрі осында еріккеннен жүрген жоқ. Әуелі мұнай мен газ көзін тауып, Үстірттің дабылын бір дүрілдетіп алайық. Сосын да дем алатын уақыт жетеді әлі...
Тұрсынғали газет-журналдарды қарап біраз отырса да, ұйқысы келе қоймады. Соңғы кезде шаршаңқырап келсе, ұйықтай алмай қалатынды шығарып жүр. Отыздың белесінен аттар-аттамаста, әлден-ақ күйгелек кәріліктің қол сала бастағаны ма деп іштей ойлап өзі-өзіне мысқылдай күліп кояды. Ол терезеге сырт-сырт тама бастаған жаңбыр үніне құлағын тосып, тың тыңдады. Үстірттің жолбарыс терісін жамылғандай теңбіл-теңбіл даласына жауын керек-ақ. Мұнда сәл жел көтерілсе болғаны, айналаның бәрі тозаң тұманымен мұнарланып қоя береді. Бірақ көп жауып кетіп, бағанағы Жетібайға кеткен труба таситын машиналар жете алмай қалмаса жарар еді. «Қожантайда» монтаждалғалы жатқан жаңа мұнараға қажетті трубалар. Кім білсін «Қожантай» алаңының астында не бұғып жатқанын... Әр мұнараны монтаждап, алмас бұрғыны қадаған сайын үміт теңізіне сүңгігендей боласың-ау. Әзір сыр беріп жатқан Үстірт жоқ бірақ. Осында келгелі бұрғыланып біткені бар, бітпегені бар — оннан аса жерге бұрғы қадады. Әлі дыбыс жоқ. Рас, Үстірттің оңтүстік-батыс бетіндегі Жолдас Тоғжанов басқаратын Қансу учаскесінде газ фонтаны атты. Ал енді Үстірт алқабынан мұнай мен газдың мол — көзін табамыз деп, Тұрсынғали іштей берік сенеді. 1959 жылы Бакудың мұнай институтын бітірген ол туған өлке Маңқыстауға оралғанда, «Қазыналы түбекке» жаппай шабуыл басталған кез еді. Бұл келген соң екінші жылға аяқ басқанда, Жетібайдан мұнай фонтаны атты. Жетібай мен Өзен «қара алтыны» беріле бастағанда осы Үстіртке құрық салынды. Үстірт деген — көлемі 100 мың шаршы метрдей жерді алып жатқан дөңес. Мыңдаған жылдар бұрын Торғай ойпаты арқылы Солтүстік Мұзды мұхитқа құйған ұлы Сармат теңізінің табаны болған Үстірт қазір Каспий теңізінен биікте жатқан шөл дала. Үстіртке жорық басталар шақта Жетібай мұнай барлау экспедициясының басшылары Тұрсынғали Көшеновты барлау бастығы етіп, ең таңдаулы деген бұрғышыларды аттандырған. Үстірт Жетібай мен Өзен қалаларынан 400 шақырым қашықтықта жатыр. Алғаш осында келген кез оның әлі есінде. Жазылмаған тарихтың кіріспесіндей көкірегінде жаттаулы. Виктор Борщтың комсомол-жастар бригадасы, барлау бастығы Тұрсынғали, тракторшы Төлеген Бисембаев пен оның жұбайы Айша — міне, Үстірттің қазіргі орталығы Мұзбелдің (немесе оны «Белсексеуіл», «Поселке» деп те атайды) алғашқы тұрғындары осылар. Баспана дегенде бас-аяғы 5-6 үй ғана. Қазіргі бой көтерген бұрғышылар қалашығы осылар келгесін ұлғайған. Ауыз су Жетібайдан машинамен тасылады. Бұрғылауға қажетті техникалық су да жоқ. Әйтеуір, бір жым-жырт дала. Бұлармен қатар келген гидрологтар үш скважина қазып, ащы су фонтанына қол жеткізді. Алгаш «Ақсексеуіл-1-ге» бұрғы қадағанда, 200 метрге жетер-жетпесте жұтпа шұңқырға тап болды. Енді скважинаны бітеу керек. Ертінді, машиналап құйылған саз балшық- бәрі де нәтиже берер емес: жер астына сіңіп, жоғалып жатыр. Айналадағы сексеуіл, жусан, сораң біткенді шауып, ұнтақтап, қоймадағы ескі-құсқы киімдерге дейін жер астына салынды. Үш «колхида» ағаш ұнтағы 100 тонна цементпен қоса жіберіліп, онан соң қою ертінді құйылып, не керек, әбігермен бітелді-ау. Ә дегеннен көлденеңге ұшыраған соң жігіттер де жасып қалғандай еді. Не дегенмен жігіттер төзе білді... Дала шіркінге де өкпе жоқ. Қаталдыққа өкпелеуіміз де бекер-ау. Дала қатал болмаса, бізді қиындыққа кім үйретер еді... Бұл — Үстірттің осы ғасырда бастан кешіріп отырған екінші жорығы. Бірі — сонау совет өкіметінің екі дүние арбасқан қатерлі жылдары деседі. Ақтөбе майданындағы Әліби Жанкелдин отрядына қару-жарақ жеткізуге аттанған Маңқыстаудағы тұңғыш әскери полкының комиссары Сыдиық Жұбаевтың отряды осы Үстірттің үстімен Шалқар өткен. Осы сапарда ақтардың отрядтарымен кездесіп қалып, қантөгіс шайқастар да болған. Кәмелдин Қосқұлақов секілді талай абзал ағалар қыршынынан қиылып, не үшін құрбан болды? Жаңа өмір салтанаты үшін де! Енді міне, содан бері жарты ғасыр өткенде Үстірт куә боп жатқан екінші «шайқас» иелері — біздің бұрғышылар. Енді, бір ширек ғасырда бұл маңда, бәлкім, асқақ қалалар тұрар...
Тұрсынғали құлақ тосып еді, жаңбыр басылған екен. Терезеден жылтырап ай сәулесі көрінеді... Тегі, бағанағы түйдек бұлт өткінші жауынымен бір жағына ауа көшкен болуы керек.
Барлау бастығы сонан соң ертең тағы да «Қожантай», «Өтежан» жақтарға ертемен жүретінін есіне алды. Бұл екеуі де тың алаң. Осыдан 100-120 шақырым қашықтықта. Тұрсынғалидың ылғи «ат үстінде» жүретіні де учаске аралықтарының шалғайлығынан. Мысалы, «Беренжік» Мұзбелден 35-40 шақырым болса, «Дашқала» — 60-70; «міне көрініп тұр ғой», — дейтін «Ақсексеуілдегі» мұнараның өзі 20 шақырым жерде. Оқта-текте бір соғып, үйде жатып алуға да болар еді. Оған Тұрсынғалидың ары бармайды. Қайтсе де сол қара тер боп жүрген бұрғышылар маңында болғысы келеді. Бұрғышылар әзілдеп, күлдіре жүретін, ақыл-кеңесін әсте аямайтын осы бір жарқылдаған жұқалтаң жігітті қашан да қуана қарсы алады. Олар бастық жігіттің көңілсіз самарқау жүргенін көрген емес. Өздері де ылғи бір нар жігіттер ғой...
Олар қазір вахтада тұр. «Ақсексеуілдегі» Шапағаттың бригадасы бұрғы долотосын ауыстырып жатқан болар. Тереңдігі 3 мың метрге кеткен трубаларды көтеріп жатқан жігіттерді елестетті Тұрсынғали. Мазасыз түндердің рахаты қашан келер екен... ертеңі қандай болар екен... «Ол мезгіл де қашық болмас, сірә, — деп күбірлейді жігіт. — Үстірт тек барлаушылар мен бұрғышылар ғана қадам басар жер болып қалмақ емес, Күні ертең мынау жоталарды ақ мұнаралар қаптайды. Зәулім үйлер бой түзейді”...
Иә, Үстірттің ертеңіне біз де сенеміз.