Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Наурыз мерекесі құтты болсын!
Наурыз мерекесі құтты болсын!
Мақсаты: Оқушыларға халқымыздың мейрамдарының бірі – Наурыз туралы түсінік беру. Оқушыларды ұлтжандылыққа, ана тілін құрметтеуге,
халқымыздың ұлттық мерекелерін құрметтеуге тәрбиелеу.
Түрі: тәрбие сағаты.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер, ұлттық киімдер.

Мұғалім: Ежелгі заманнан бері шығыс халықтары Наурыз мерекесін тойлап келеді. Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болып саналатын Наурыз күн мен түн теңелетін 22 наурызға, жер бетін тіршілік біліне бастайтын мезгілмен тұтас келетін мереке.21 наурыз даланы халқымыздың діни түсінігі бойынша Қыдыр ата аралайды. Сондықтан әр отбасына дәулет дарып, бақ қонсын деген түсінікпен есіктерін ашып қойған. Наурыз негізінен адамдардың көрісуімен басталады.
Жақындатып өткенге, кеткенге енді,
Көктем келді, балбырап, көктем келді.
Суық сорған жаныма шуақ қонған,
Осы еді ғой күткенім көптен бергі,
дей келе, бүгінгі Наурыз мерекесіне арналған тәрбие сағатымызды бастаймыз.

І. Ән «Наурыз айы» Дильназ:
Осынау игі кең жерге,
Наурыз айы келгенде.
Арманда оны көрген де,
Көрмегендер де арманда,
Наурыз айы келгенде.
Қайырмасы:
Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда.
Монтаж:
Мағжан:
Ежелгі шығыс еліміз,
Аңсаған арман, ойы бар.
Тарқайтын шары жерінің
Дәстүрлі Наурыз тойы бар.
Ақниет:
Кеңінен елге таралған,
Негізі ерте қаланған.
Еңбек, шаттық, жыл басы,
Наурыздан басталған.
Ернұр:
Шырқап салған әнімен,
Мерекелік сәнімен.
Топталып ойнап, қыдырып,
Бөлісіп ішкен дәмімен.
Баян:
Су сылдырлап, жер көктеп,
Наурыз келсе жыл басы.
Бау-бақша ішін өрнектеп,
Өзгерер өңір тұлғасы.
Рамиз:
Наурыз келсе, құт келгені,
Халайық!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел болып қарсы алайық.
Би «Құстар» Қыздар тобы.

ІІ. Мадина:
Жаңғырған дәстүр салтымыз,
Төгілген бұлақ жылғасы.
Қастерлі менің халқымның,
Мереке, Наурыз – жыл басы.
Сатжан:
Бақта құстар сайрайды,
Жайнап көктем нұрымен.
Жаңа дәстүр жырымен,
Ел наурызды тойлайды.
Айша:
Наурыз келді салтымыз,
Көгерсін деп халқымыз.
Көшеге тал егеміз,
Жарқырады күніміз.
Ералы:
Малдар төлдеп, қой қоздап,
Сүттен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты,
Молшылыққа аңыз болып,
Басталыпты наурыздан.
Мейрамгүл:
Наурыз саған жол болсын,
Тілегім анық сол болсын.
Деген ырым білгенге,
Халықта ақ мол болсын.

Мұғалім: Наурызда наурыз көже жасайды. Наурыз көже – наурыз тойына ғана тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр адам 7 түрлі тағамнан пісіреді. Наурыз көжені сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс тағы да басқа тағамдар қосып пісіріліп, келгендерге ұсынылады.
Бесік – қасиетті, киелі, құтты мүлік. Сәбидің алтын ұясы. Бесікті отпен аластан, тыштыма жасап алады да, баланы бесікке салады. Балаға деген ана махаббаты бесік жыры арқылы айтылады. Баланы бесікке салу кезінде үлкен әже, келін, қыздар отырады. Енді сіздерге қазақтың «Бесікке салу» салтын көрсетеміз.
Үлкен әже – Ақнұр:
Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Алас, алас, бәледен алас,
Көзі жаманның, көзінен алас!
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас!
Баланы бесікке бөлейді.
Келін – Диана:
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Әлди, әлди, бөпешім,
Қозы жүні – көрпешім.
Жұрт сүймесе сүймесін,
Өзім сүйген бөпешім.
ІІІ. Жамила:
Наурыз тойың, наурыз тойың,
Құтты болсын, халайық!
Күй төгілсін, күй төгілсін,
Шырқап әнге салайық.
Ерсұлтан:
Ұлу жылы, кел төрлет,
Ел достығын өркендет.
Мол болсын ырыс, құт,
Болсын елде тыныштық.
Ұлдана:
Ұлыс бақыт әкелсін,
Әр күніміз жақсы болсын.
Достығымыз берік болсын,
Білім-өнер серік болсын.
Ислам:
Шаттанып бүгін жаңа жыл,
Халқына шашып жаңа нұр.
Келді Қыдыр атамыз,
Жүректен төгіп жаңа жыр.
Енді, балалар, сендерге Қыдыр атамыз бата береді.
Қыдыр ата – Алан:
Бата
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын.
Ұлыс береке берсін.
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тең болсын,
Қайғы-уайым жоқ болсын,
Қуанышың көп болсын!
Әумин!
Ән «Қазақ елі» Жантөренің орындауында:
Көңілі көлдей шалқыған,
Қазақтай ел қайда.
Даласы жусан аңқыған,
Өзіңдей жер қайда,
Киелім!
Таусылмас саған айтарым,
Ардақтан өтейін,
Бабадан қалған байтағым,
Садағаң кетейін,
Киелім!
Қайырмасы:
Күлімдеп жатқан көлден,
Көк орай шалғын белден.
Құбыла соққан желден,
Айналайын!
Тілегін тәңір берген,
Қасиет қонған елден,
Елі үшін туған ерден,
Айналайын!
Мұғалім:
Дастарханы халқымның тола берсін,
Бақыт құсы қолыңа қона берсін.
Ұлы тойдың төресі – наурыз тойы,
Жылдан-жылға құт тойы бола берсін!
Деп, бүгінгі Наурыз мерекесіне арналған тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама