- 25 қаң. 2017 00:00
- 280
Назарбаев: Универсиада өткізу кез келген елдің қолынан келмейді
Нұрсұлтан Назарбаев Астанада 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік Универсиада ойындарының алғашқы алауын жақты деп хабарлайды nur.kz порталы.
Универсиада алауының алғашқы эстафетасы Астанадағы Назарбаев Университетінен басталды.
"Біздің еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жеңісі айтарлықтай болды. Қазақстанда мұндай ауқымды әлемдік сайыстар бұрын-соңды өткізілмеген. Кез келген мемлекеттің бұған шамасы келе бермейтіні белгілі. Алайда, таңдау Қазақстанға түсті. Сондықтан біздің дайындығымыз бар екеніне және бұл шараны абыроймен алып шығатынымызға сенемін", - дейді Назарбаев алау жағу салтанатында.
Назарбаев сонымен бірге Универсиаданың Қазақстанда өткізілуінің пайдасын айтты.
"Біз өткізіп жатқан жарыс біріншіден жастарды спортқа баулитын болады. Екіншіден осы жарыс үшін салынған барлық нысандар болашақта біздің спортшыларға қызмет етеді. Үшіншіден біз елімізді әлемге тағы бір мәрте танытамыз", - деп атап өтті елбасы.
Алау жағылғаннан кейін шырақ 3,5 сағат бойы Астананы "жарықтандырып" тұрады. Шырақты ұстап жүрушілер онымен қаланың орталық көшелерін аралауда.
Алдымен алау Назарбаев Университетінен «Бәйтерек» монументіне жеткізіледі. Кейін "Бәйтеректен" оң жағалаудағы қалалық әкімдікке жол тартады. Эстафетаның ұзындығы 12 шақырым болмақ.
Алауды барлығы 60 адам алып жүреді. Олардың арасында боксшы Данияр Елеусінов пен Василий Левит, гір көтеру спортының шебері Әлібек Наурызбайұлы, джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева мен шахматшы қыз Динара Сәдуақасова бар.
Ертең, 26 қаңтардан бастап алау біртіндеп Қазақстанның өзге де қалаларын "жарықтандырады". Әр қалада шырақ жағылып, эстафета жалғасатын болады.
Шырақты Алматыға арнайы жолаушылар ұшағы жеткізіп, 29 қаңтар күні ол Универсиаданың ашылу салтанатында ортақ алау ыдысына біріктіріледі.
Универсиада алауы 22 500 шары метр жермен өтетін болады. Оның ішінде 200 шақырым жерді шырақ ұстаушылар бағындырмақ.