Неке бұзар
Ә. Москваға бір жылдық курсқа жүрмек болды. Инеш ерінің сонша ұзақ уақытқа кеткенін еске алып, қатты қамықты. Вокзалға келіп, ерін жылап-сықтап шығарып салды...
— Ә, сенсіз қалай күн көрем. Шынымен-ақ сенін әлпешіңнен айрылып, үш баланың ортасында жалғыз қаламын ба?—деп Инеш солқылдап жылап, ақыры өксігін баса алмай, боздап-боздап жіберді. Алматы — Москва поезы жүріп кетті...
Арада апта еткен соң Инештің іші пысты. Инеш үйден шықты. Косметика көмегімен бет-аузына өңдеу, жөндеулер жүргізді. Аздан кейін әрі кең, әрі әдемі Калинин көшесінің, былайша айтқанда Алматының «Нева проспектісімен» кетіп бара жатты. Осы кезде мұнда үйде отырудан іші пысқан бір жігіт те жүр еді. «Жүргенге жөргем ілінеді, жатқанға жан жуымас» дегендей, шашын бір жағына қайыра тараған, қыржық мойнын жерге сала, екі қолын артына ұстап келе жатқан тәпелгек біреу Инешке душар бола кетті.
— Инеш, аманбысыз! Ә-ден хат келіп тұра ма? Апыр-ай, сіздің ішіңіз қалай пыспайды деуші едім, бүгін үйден шыққан екенсіз,— деді ол сөзін әрі таптап, әрі баптап айтып. Содан соң, ол екі алақанын ысқылап, жан-жағына қаранып қойды. Майдалап тұрған жігітке Инеш майлы күйеше жұғыса кетті. Халін сұрағаны үшін оған рахмет айтты. Бұдан әрі жігіт одан да майдалап, жылбыратып сөйледі:
— Ә-мен біз жолдас адамбыз, жүріңіз қорықпай-ақ қойыңыз. Менің ешкімге зияным тимейді...
Алғашқы күнгі әңгіменің түрі осылай болды. Жылпылдақ жігіт Инешті үйіне шығарып салды. Айрылысарда:
— Менің де уақытым өтпейтін бір сорлы жанмын. Ертең де келіп әңгімелесіп қайтайын,— деді әлгі мүләйімсіп. Инеш үндеген жоқ. Үйге келген соң: «Әлі де болса жігіттерді қарата алатын қауқарым бар екен» деп ішінен ол мақтанып қалды. Бұл уақытта жігіт те: «Адамды бір көргеннен-ақ үйіріп әкетемін-ау» деген ойда бара жатыр еді.
Ертеңіне жылпылдақ жігіт Инешті қызмет істейтін мекемесінің алдынан күтіп алды.
— Түйе қарап жүріп тойға жолықтым дегендей, осы жақта бір шаруам болып келіп едім, сен осында істеуші ме едің?— деп тағы да ол бір лыпың ете қалды. Бұл күні олар кешегіден гөрі үйренісіп қалған екен. Инеш сампылдаңкырап кетіп еді, анау жылбыраған дауысын өзгертпей, ақырындап сөйлей бастады:
— Апыр-ай, сенің ішің пыспайды, Инеш. Киноға барып қайтсақ қайтер еді,— деді. Енді Инеш те қысыла қойған жоқ және киноға да барғысы келіп тұр екен, келісімін берді. Сонымен апамызға жездеміз, жездемізге апамыз сай болып шықты.
— Қай кинотеатрға барамыз?
— «Ударникке» де.
— Ойбай, құрсын, алыс қой, «Алатау» мен «Алматының» біріне ше?
— Олар театр ма, тәйірі! Адам көп болады, сен пысынап кетесің. Мен сені ондай жерге қимаймын.
Жылпос жігіттің «қимаймын» дегені Инештің жанын дір еткізгендей болды. Олар сол күні «Ударникке» барып, киноны да көріп шықты, өмір мен экранды шатастырып алды ма, әйтеуір екеуі қолтықтасьгп қайтты. Бұл кеште Инеш ерін, бала-шағасын ұмытып та кетіп еді.
— Мен бір жалғыздық жапасын шегіп жүрген жанмын, ертең де келейін, Инеш,— деді жылпылдақ жігіт айрылысарда.
Бұл күні де ол сағат алтыда кешегі мекеменің алдын қарауылдап тұр еді, аздан кейін Инеш оны өзі қолтықтап бара жатты. Жылпылдақ жігіт аз жүрген соң тағы әңгіме шертті:
— Апырай, Инеш, сенің қарның ашпайды. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген ғой, мына менің жайым болмай тұр. Тамақ ішсек қайтеді.
— Қайдан ішеміз?
— Рестораннан.
— Қай ресторан?
— II Алматы станциясының ресторанынан.
— Ойбай-ау, қашық қой. Мына біздің үйге жақын «Алатау» мен «Қазақстанның» біріне барсақ қайтеді.
— Олар ресторан ба, шіркін. Анау нағыз бірінші класс. Мен саған дәмсіз тамақ ішкізгім келмейді жаным.
Жылпос жігіттің «жаным» деген сөзі Ипештің жүрегін жарын кеткендей болды. Олар рестораннан тамағын да тойғызып, екі жарты — бір бүтін болып қабағымен де ұғысып қайтты...
Сонымен бұл жылпылдақ жігітіңіз әдебиет факультетінің оқытушысы Шартық Инешке сол кеште бір уәдесін беріп те салды. «Үш балаң түгіл, он балаң болса да, саран үйленемін, міне жаным, міне иманым» деп тырнағын жалап-жалап алған кездері де, «осыны орындамасам о дүние, бұ дүниеде жақсылық көрмейін» деген сөздері де болды. «Менің атам, арғы атам екі-үш әйелден алған, баласы бар жесір жеңгелеріне де үйленген, сен олардың жанында бүлдіршін емессің бе» деп аталарын да бір шолып өтті. Тіпті кейбір жоғары қызметтегі жолдастардың атын атап, солардың алдында уәде берейін деп те жіберді.
Арада екі-үш ай өткеннен кейін жағдай басқаша болды. Шартық құйрығын бұлаң еткізіп, сыртқа салып шыға берді. Әңгіменің түрі де өзгерді: «Прокуратурадағы Парымбекті, соттағы Сағымбекті, министр Маралбайды білесің ғой, солардың бәрі де менің асық атысып, доп ойнасқан достарым. Қазір Кәкеңнің үйінен келдім, ой, ол ауыз жаласқан ағай ғой». Міне ол сөйтіп, жоқты жаратып, ойдан шығарған өтірігін тізе берді. Ақыры Инеш әйелдер босанатын үйге аттанды...
Болған оқиғаның бәрі болғанындай Москвадағы Ә-ге жетті де жатты. Алдады дегенге кім бірден сене қойсын. Тіпті айналасы бір жылда Ә-нің көзіне Инештің шөп салғаны ма? Ол үш баланын, анасы емес пе? Осыны ойлап ішкені ірің, жегені желім болып келген Ә. әйелінің түрін көргенде шошып кетті.
— Инеш, саған не болған?
— Қайтем, үш баламен...— деп Инеш жылап жіберген болды. Сәлден кейін Инештің бар азғындығын біліп, бетіне айтқан үй қызметшісі Захариянын үйден қуылғаны да анықталды. Инеш айыбын мойындап отырғанда үйге күндегі әдеті бойынша үйдің иесінше баса көктеп Шартықтың кіріп келмесі бар ма, әңгіме енді басталды. Байсалды жігіт Ә. оған жайымен сөйледі:
— Менің баламның алды мектепке барады. Менің семьямда нең бар,— дегенде, ол шымыр етпей:
— Мен сенімен емес, әйеліңмен... қолыңнан келгенін істе,— деп Шартық шәнтиді. Мұны бір емес, Ә-ні көрген сайын айтатын болды.
Ә. ләм демеді. Ал, әдебиет факультетінің кейбір оқытушылары мұны естігенде, өмірден тәжірибесі жоқ, университет бітіргенше жиырма жолдық хабар жазбаған адамды оқытушы етіп алып, еркелетіп жібергендеріне бармақтарын тістесті. Ал Шартықтың ешнәрсе ойында жоқ, жағасы жайлау, етегі қыстау, екі езуі екі құлағында.
1955