Жойылған халықтар аллеясы
Отаның сені жоғалтып алуы мүмкін, бірақ сен ешқашан Отаныңды жүрегіңнен жоғалтпа.
Б. Шинкуба атты абхаздық жазушының «Ұбықтан қалған бір жалғыз» атты кітабынан түгел бір халықтың қалай жер бетінен жойылып кеткенін үнсіз оқыдым. Автор Кавказды мекендейтін мыңдаған жылдарға созылған тарихы бар ұбық деген халықтың соңғы өкілінен сұхбат алып отыр.
Ресейдің қанды қылышына ілініп, аяусыз күрескен ұбықтар түгел дерлік қырылады. Кемпір-шалдар мен азғантай тобы Осман сұлтанының жарылқауына сеніп Анадолының құмында азапталып, үйсіз-күйсіз тентірейді. Өз отандары, қайсар Кавказды тастап Түркияға келген ұбықтарды ешкім басынан сипамады. Аштыққа шыдамағандары сол жерде жан тәсілім етеді. Заурхан Золак сондай қырғыннан, өз халқының қалай жойылғанын көзімен көрген, жер бетіндегі соңғы ұбық.
Аман қалған азғантай бөлігі түрік пен орыстың арасына сіңіп жоғалды. Енді жер бетінде «ұбық» деген халық жоқ. Сіз ол халықты енді көрмейсіз. Тек кітаптан ғана оқисыз. Әбден қартайып қалжыраған қарттың, журналистке берген сұхбатынан үзінді келтірейін. Қалай десек те жойылған ұлттың соңғы тұяқ серпуі ғой:
«... тілдің жәйдан-жай жойылып кетуі мүмкін емес, себебі ол адамның ішкі жан дүниесінде емес-ау, судың, жердің, тастың ішкі дүниесінде де өмір сүреді. Қазір де сол ұбықтар елінде бұтақ пен бұтақ, тас пен тас, бұлақ пен бұлақ әлі де сол тілде, яғни менің тілімде сөйлесіп жатқанына кәміл сенемін.
... мен абхаз тілін естігім келеді. Отаныңнан алыста жүргенде ана тіліңнен басқа ештеңе ем бола алмайды екен.
Өзен — теңізге, темір — магнитке, адам — туған жеріне ұмтылады.
Мен — Заурхан Золак — осы кемеліне жетпеген дүниедегі соңғы ұбықпын!
Кітап жаныңды ауыртатын осындай сөздермен аяқталады.
Қазір әлемде 6500-ден астам тіл бар. Ғалымдардың зерттеуі бойынша әр 15 күн сайын бір тіл жойылады екен. 15 күн сайын бір тіл жоғалады. Себебі сол тілде сөйлейтін халық жойылып немесе өзге халықтың құрамына сіңіп, «өз тілінен тірідей айырылып» жатыр. Біздің солтүстігімізде орыс тілінің ықпалынан 47 тілдің тек 6-ы ғана аман қалған екен.
Араларыңызда 1995 жылы 5 қараша күні дүниеге келгендер бар ма?
Дәл осы күні касаба атты тіл ресми түрде жойылды деп жарияланды. Себебі 4-ші қараша күні Камерун елінде осы тілде сөйлейтін Богон есімді соңғы адам қайтыс болды.
Ойлап қараңызшы, бір халық жер бетінен жоғалады. Енді оның салт-дәстүрі, мыңдаған жылдар бойы сөйлеп келген ана тілі, сол ұлтқа ғана тән мінез бен ерекшелікті енді сіз ешқашан көрмейсіз. Қазір біз жойылып кеткен аң-құстар туралы қалай әңгімелесек, біздің ұрпақтарымыз кезінде жер планетасында осындай халық өмір сүрген, олардың ерекше салт-дәстүрлері болған екен деп әңгімелейтін болады. Ол халық қуанған кезінде осылай секіріп қимылдаған, ал мұңайып, көңіл-күйі түскенде осындай судың жағасында тұрып көздеріне жас алған. Ол халықтың ер жігіттері ұнатқан қызына осындай зат сыйлап, ұсыныс жасаған. Енді ол халық ешқашан қуанбайды. Бақытсыз болса да мұңаймайды. Төменде баяу өзен-анасы ағып жатыр. Бірақ оның жағасында тұрып мұңын ақтаратын перзенті енді жоқ. Жас жігіттердің сүйгендеріне сыйлайтын дүниесі енді музейде экспонат болып тұр. Себебі оны тағар арулар енді жоқ. Енді оны тек ғалымдар мен туристер қызықтайды. Енді оның ұрпақтары біздің ата-бабамыз кезінде осындай болған, осындай жер үшін, ел үшін соғысқан деп ешқашан мақтана алмайды. Олардың тарихы енді тек айналдырған бірнеше ғалымға ғана қызық. Егер ол ғалым сол халықтың тарихын бұрмалап, қаралап жазса, ешкім оны қорғап шырылдамайды. Себебі ол халықтың өткенін қорғайтын ешқандай төл перзенті жоқ!
Қазақстан — әлемге бейбітшілігімен, толеранттылығымен, ядросыз ел ретінде белгілі болды дедік. Астана — әлемдік қалаға айналуы тиіс. Міне, осындай әлемдік бейбітшілік пен бауырластықты уағыздайтын елімізде, басқа қалада емес міндетті түрде елордамыз Астанада осындай жер бетінен жойылып, мүлде құрып кеткен жүздеген халықтардың, біз айтқан жоқтаушысы жоғалған тілдердің үлкен аллеясы немесе ашық аспан астындағы үлкен мұражайын ашса деген ұсыныс бар. Әрбір қазақ өзі секілді екі аяқты пенденің қалай жер бетінен жоғалғанын көзімен көріп, жүрегімен сезінер еді. Себебі психологияның өзінде көзбен көру құлақпен естігеннен он есе әсер береді.
Бәз біреулер бір нәрсе айтып қалғысы келіп «Бөкейханов немесе өзге арыстардың ескерткішін тұрғызбай жатқанда мұның не керегі бар» — деп балаққа жармасқан күшіктей шабалаңдайтын болар. Әлекеңдердің арманы өзіне ескерткіш тұрғызу емес, қазақ тілінің, қазақ халқының мәңгі жасауы. «Ойбай, қазақ тілі құрып жатыр» — деп газет-журналдарда кеңірдегімізді жыртып айғайлай бергенше көзбен көріп, жүректі қозғайтын дүние жасасақ тауда ойнап жүрген кейбір «шала қазақтарымыздың» өзі ойланары сөзсіз!