Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
«Қыз Жібек» — экранда

«Қазақфильм» киностудиясы «Қыз Жібекке» келгенше талай тарихи тақырыптың басын шалды. Кинотарихын зерттеушілердің тұжырымы бойынша «Аманкелді» мен «Шоқан Уалихановтан» сәтті шыққаны жоқ дегенге бәрі қол қойып та жүр. Бұл арадағы «Абай әні», «Қозы Көрпеш», «Алдар көсе», тағы басқа тамыры тарихқа байланысты шығармалардың абырой алғаны шамалы. Осы айтылғандардың өнердің басқа жағынан белгілі дәрежеде орын алды. Кейбіреуі одақтық, дүниежүзілік абыройға ие болды. Демек киноөнерінің өз ерекшелігі бір болса, бұл саланың әлі де бізде буыны бекімей келе жатқанының салдарынан сәтсіздікке ұшырап жүрміз дегенді мойындап та қойдық. Әсіресе «Қозы Көрпештің» сүреңсіз шығуы көрермен қауымның көңілін суытты.

Ал «Қыз Жібек» экранға шығады дегенде елеңдемегендер шамалы, халық арасындағы қисса түрі өз алдына Күләш, Құрманбек, Қаныбек, Ғарифолла тобының Қыз Жібегі де алғаны бөлек қазына, жыр түрімен әні түрімен, құлақ сіңді, көңілге жаттанды Жібекті көп жағдайда кино тілінде жұрттың кейбірі жатырқай қарсы алуы да түсінікті.

Сондықтан біз экрандағы «Қыз Жібекті» сөз етерде алдымен әр нәрсенің өзіне тән өзгешелігі, әдісі, жұртқа жету жолы бар дегенді ескерте кеткіміз келеді.

Майдан даласы...

Әр жерде шейіт болған арыс — азаматтар..

Майырылған қылыш, сынған найза... Құлындағы үні құраққа шыққан мертіккен бедеу, бәріне құлақ аспас меңіреу дүние...

Қанды көл, азалы алаң... үріккен ел, үрейлі бала...

Қаралы қатын, қажыған қарт... Қайырымсыз тай қазан, қамалған халық... Жаңа ғана өткен қанды шайқас зіл-зәленің куәсі. Осыған ілесе «Жеңдік»—деген бip ауыз сөзді естіген Қыз Жібек қуанышында шек жоқ. Алқа білезік, белбеу, ілгек, бойындағы бар асылын сүйіншіге шашып, жан ұшырып шауып келеді... Қанша қаза болғанмен жеңістің аты жеңіс. Жеңіс әрдайым қуаныш, тек ұзағынан сүйсіндірсін!..

Ғабит Мүсрепов сценарийін жазған Сұлтан Қожықов экранға шығарған «Қыз Жібек» кинодастаны осылай басталады.

Әлбетте, халық мұрасына барған қайсыбір суреткер болмасын, ол алдымен өз қоғамының бүгінгі мүддесі мен ертеңгі мұратының жаршысы бола тұра, өзі өмір кешіп отырған ортаның ой-санасының өкілі, тарихқа бүгінгі парасат биігінен, рухани өміріміздің игі талабынан қарайтын зерделі зерттеушісі, байсалды барлаушысы сақ сарапшысы. Сондықтан да авторлар баршамызға белгілі хиссаның жалаң қабат желісін қуаламай, ондағы азаматтық әуен, эстетикалық идеал, бірлік, берекеге құштарлық, ар-әділетті ту тұтқан халықтық қасиеттердің философиялық астарын аша, бізге Қыз Жібек туған топырақтың тегін, заманадағы тыныс-тірліктің әлеуметтік әрін, тарихи тұрпатын, мұң-мұқтаж, сор сыңайын негізгі кейіпкерлердің тағдырымен байланыстыра баяндайды. Шығарманың бар болмыс-бітімімен «Адам тағдыры халық тағдыры» — деген Пушкиннің ұлы қағидасын ұстанғандықтарын дәлелдейді. Біз көрген «Қыз Жібектің» құндылығы да, қуаныш әкелгендігі де осында жатса керек.

Осы күнгі қабырғалы халықтардың әдеби мұрасы, азаматтық тарихына зер салсақ бірлік ынтымақ үшін небір батыр бағланы, аяулы аруы құрбан болған. Тарихтан талай өгейлік көрген қазақ халқы да бұл кер кезеңді басынан өткізген.

Miнe, «сыймай емес, сиыстырмай жүрген» кеселдің бірі ру тартысы. Ағайын арасындағы алтыбақан алауыздық. Бауырдан бақастың, жақыннан жәбір шеккен қор тірлік. «Бақытсыз елге басшы табылмай» батыр дегені қарақшыға, ақсақал дегені аяңшыға айналған сең соққандай сергелдең кезеңнің кейпі. Шерменде өмірдің шерлі шежіресі. Сырттан торыған жау өз алдына, іштегі лаңның түрі осы. Бұл бір ел басына беймезгіл түскен нәубет. Осыған мойынұсына жүрген халықтың бойында құдіретті сес бар. Аруағын таптатпас айдын бар. Сол заманның өзінде қыршынын жыр ете білді, арманын ту ете білді. Олардың үзілмеген үміті — бүгінгі ұрпақтың жеткен биігі. Оқиғаның түлейтін төсегі, өрбитін өзегі осы.

Режиссер Сұлтан Қожықовтың бұдан бұрынғы еңбектерімен де қалың қауым экран арқылы таныс. Кейбірінде «әттеген-ай» араласқанмен көз қуантып көңілге ұялағаны да аз емес. Ал «Қыз Жібек» болса бұл Сұлтанның бұрынғы шығармаларындағы ізденіс, толғаныс жолдарының тоғыса келіп бір арнаға түскен шағы сияқты. Сұлтан «Қыз Жібекте» арғы-бергі замандағы қазақ халқының тарихына байланысты шежіре деректерді, ғылыми еңбектерді, этнографиялық салт-саналық, әдет-ғұрыптың әлеуметтік қарым-қатынасқа байланысты жазбаларды терең зерттеген білімдарлығын танытты.

Табиғат көрінісіне кейіпкердің көңіл күйінің көзімен қарау, адам тағдырын ортамен өлшеу, Сұлтанның берік ұстанған әдісі. Табиғат, адам, орта осы үшеуінен кіндіктес бірлік таба отырып, замана жәйлі ой толғау бар.

Анау көкжиекті көмкере тартқан сән-салиқалы көш — дәуір көші. Беріректе қызылды-жасылды самсаған сан-қилы гүлдермен безелген жомарт жердің шексіз түкті кілемі. Жеңіс қуанышы, ата мекенге беттеген қуанышына сай тұтана бастаған ғашық ұшқыны, Жібек шат-шадыман құрбыларының ортасынан өрттен үзіле қашқан жалындай анда-санда жалт-жұлт етіп бір көрінеді. Көк желекті төбе, үкілі шатқал, жарасымды әзіл, жарқын күлкіге айна көлдің аққу қазы үн қосады. Бүкіл табиғат бүгінгі адам қуанышының қошеметшісіне айналғандай.

Енді бірде, күн аптабы жалаған таз төбелер, мылқау қия қызғылт жартастар, аза күйін шалған жаяу жел, жаулығы желмен алысқан қаралы әйелдер, қара жабулы тұл аттар. Тағы да табиғат, адам, тағдыр... осындай бірін-бірі өсіре, толыстыра отыратын қат-қабат көріністер шығарманың өн бойына тән.

Осы тұста режиссер ойымен астарласып жатқан оператор еңбегін атап кеткен жөн. Республикалық сыйлықтың лауреаты Асхад Ашрапов, табиғат әсерінің құпиясын, көркемсурет құдіретін жіті аңғаратын сезімтал жүрек, сергек ойдың суреткері. Ол актер жанының эмоциялық құбылысындағы ең тиімді сәттерді тауып қандай кадр қай қимылда ұтымды болатынын тамыршыдай таниды. Оның еңбегінде табиғаттағы бояу үйлесімдерін, оқиғаға кейіпкер халіне үндестіруде шынайы шеберлік жатады.

Фильмнің үлкенді-кішілі рольдерін атқаруға қазақ өнерінің талантты тобы тізелескен. Автор ойын, режиссер мақсатын орындауда актерлердің көп ізденгендіктері байқалады. Оқиғадағы орнына сай мінез, құлық, пиғылдың өз кейіпкерлерінің бойына лайық бояуларын тауып, әрқайсысы дара тұлға жасаған.

Аңғарғаны мол, айтары көп, қауымдасары жоқ, Кененбай Қожабековтың пұшайман — Сырлыбайы, арманы көп те дәрмені жоқ, қобызбен бірге бебеу қаққан Ыдырыс Ноғайбаевтың Қаршығасы, жылқының тұяғын санап, құлағынан арғыны көрмейтін Қаукен Кенжетаевтың безбүйрек — Базарбайы — үшеуі үш ұдай жатқан образдар.

Шалт ақын, шапберме әзілдің шебері Шегені Әнуар Молдабеков отты көз, ойнақы мінез, қаршыға қимылымен сүйсіндірді.

Сол ортаның бүлігі Бекежан образын жасауда Асанәлі Әшімов өнерінің жаңа бетін ашты. Бұған дейінгі ойнаған рольдерімен салыстырғанда Бекежан қай жағынан болса да Асанәлінің ампуласына жат, жамбасына келмес шалғай тәрізді еді. Ал, актер, таланты, қызғанышынан қомағайлығы, сезімінен секемшілдігі, батырлығынан бақастығы басым, жалған намыс, жадағай серттің айлалы арамзасын халық ұғымындағы қанды қарақшылық қалпына апарды.

Ал, авторлар әсіресе Қыз Жібек пен Төлеген образына қиссадағы желісті сақтай отырып үлкен азаматтық жүк, әлеуметтік астар берген. Қыз Жібек «бетіме тозаң тимесін» деп оң жақта жігіт таңдап отырған байдың ерке аруы емес, Жасынан дау-дамайды, жала-жанжалды көpiп өскен көзі ашық, көңілі сара халық қызы. Сондықтан да ол тек қана ғашықтықтың оңаша қызығын ойлаған жоқ. Татулықтың ұйытқысын сақтау үшін өз басын бәйгеге тікті. Төлегенге қосылудан гөрі ел ынтымағына дәнекер болуды жоғары санайды. Егесті тоқтатып, жебе таңдаудың сыры осында жатыр. Жібек болмысын жан-тәнімен ұғынған жас актриса М. Өтекешованың тұңғыш қадамы сәтті болғанында дау жоқ. Сол заман қызына тән иба-ілтифат, биязы мінез, жайдары қылық табу, көп ізденудің жемісі. Әне, көз байлаулы, қолда жебе, қиын асу, қыл көпір, аттай тулаған жүрек, діріл қаққан шоқ ерін Жібектің өзі таңдаған жол, тұсау кесетін тек тағдыр ғана... Шүкір, бұлт торлаған үміт күні қайта шықты. Қыз Жібектің сыртқы сымбатына сүйсіне отырып, пәк жүректің алаулаған қуанышына, аңсай күткен мұратына қан-қазадағы қасірет зарына бірге күйінесің.

Төлеген де (Құман Тастанбеков) Сырлыбай аулына қыз іздеп емес, бітім іздеп келіпті. Үлкенге ізет көрсете отырып, мақсатын баяндайды. Ақылды азамат халықтың ойынан шығып отыр. Ұзамай жолда тапқан белбеу сыры да мәлім болды. Құманның Төлегені арзан сезімнің желөкпе жігіті емес. Қыз абыройын сақтай отырып, өз бағасын да біледі. Ата-баба дәстүрін де берік ұстайды, әдептен аспайды. Бірақ Жібек үшін бәріне даяр. Жігері де, ерлігі де жетеді. Оны біз жырынды айлакер Бекежан мен жекпе-жекте көреміз. Ол сертке берік, оған келгенде әке сөзі де тосқауыл бола алмайды, ол сертке сенгіш, сол сенгіштігінен қапыда қаза табады. Ақ жол, ақ ниеттегі азаматтың образын жасаудағы талантты табысы үшін жас актерге ризалығымызды айтамыз.

Баршамызға жастан қанық «Қыз Жібек» операсындағы күйлерден өзгеше, өзінше тың жол тартқан композитор Нұрғиса Тілендиев еңбегі бұл шығарманың жүрек лүпілі тәріздес, Нұрғиса оқиға дәуіріне сай сырлы саздар тапқан. Кейіпкер көңіл күйлері былай тұрып домбырадан бастап әрқилы оркестр, хорға дейін қосылған Нұрғиса музыкаларынан табиғатқа жан бітіп, кей сәтте көл күрсініп, тау теңселгендей әсерлер пайда болады.

Фильмнің әсемдік ажарын нұрландырып тұрған талантты суретші Г. Исмаилованың қолынан шыққан үлгілер, киім-кешектің небір тамаша пішімдері, сауыт-сайман, ер-тұрманның әр түрлі әшекей-бедері, үй жабдықтарының ою-өрнектері, ең аржағы руға тән киім өзгешеліктері, кәнігі шебердің халық өнерін терең білетіндігіне кепіл. Айтпақшы, біздің әңгіме етіп отырғанымыз фильмнің қазақшасы ғой. «Күнде де мең бар» дегендей орысша нұсқасын жасарда екі жәйді ескерсе екен дейміз.

Б і р і н ш і: ерсілі-қарсылы шабыстың шамадан тыс молдығы, табиғат көріністеріндегі ұтымды-ау дегенін әр ракурстан көрсете беру шығарманың драмалық буынын босатып, дамуын әлсіретеді.

Е к і н ш і: о бастан эпикалық арнамен келе жатқан фильмнің финалы тым қораш, жеңіл. Осы жағын авторлар әлі де ойлана түссе екен деген тілек еді.

Сонымен «Қазақфильм» киностудиясының талантты тобының эпикалық құлашы «Қыз Жібек» арқылы көрінді. Фильм халық тағдыры, бүкіл адамзат тағдыры бірлік ынтымақта десе, бұл адам баласының аузынан түспес ұраны. Оның үстіне бұл фильм идеология майданындағы жауларымыздың «Совет халықтарының өткен тарихын баяндауға хақы жоқ» дейтін сәуегейлігіне тағы бір жауап.

1971


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама