Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 14 минут бұрын)
«Орион» кемесі астронавттармен бірге Айдың гравитациялық аймағына енді

Америкалық «Артемида-2» миссиясының астронавттары Айдың гравитациялық әсері күшті аймаққа енді. Бұл туралы Euronews-ке сілтеме жасап Tengri Life хабарлады.

Бұл маңызды кезең 6 сәуірде, дүйсенбі күні таңғы сағат 05:42-де (ортаеуропалық уақыт бойынша) орын алды. Бұл сәтте «Орион» ғарыш кемесіне Айдың тартылыс күші Жердің тартылыс күшінен басым әсер ете бастады.

Айға жақын ұшу және рекордтық қашықтық

7 сәуірге қараған түні астронавтар Айды айналып ұшу кезінде адамзат тарихындағы ең үлкен қашықтық рекордын орнатуы тиіс. Бұл уақытта олармен байланыс шамамен 40 минутқа үзіледі.

Миссия қатысушылары жаңа, автономды режимде алты күнге дейін тыныс алуды қамтамасыз ете алатын скафандрлерді сынақтан өткізеді.

Жақын сағаттарда кеме Айға ең жақын қашықтыққа – оның арғы бетінен шамамен 7500 шақырымдай жерге жақындайды деп күтілуде.

Ғылыми зерттеулер мен бірегей көріністер

Төрт адамнан тұратын экипаж Жер серігін бақылап, ғылыми зерттеулер жүргізеді. Олар тіпті күн тұтылуын да ерекше нүктеден – орбитадан тыс жерден тамашалайды. Ғылыми бағдарлама 10 негізгі тапсырманы және 35 бақылау нысанын қамтиды.

Астронавтар кезектесіп, жұппен жұмыс істеп, арнайы қосымша арқылы дауыстық жазбалар жасап, кратерлердің, жазықтардың және таулардың мыңдаған суреттерін түсіреді.

«Біз Айды көріп, оның картасын жасаймыз, содан кейін оралуға кірісеміз», - деді ұшу жетекшісі Джадд Фрилинг.

NASA геологы Келси Янгтың айтуынша, экипаж «бұрын адамдар көрмеген алыс жағының белгілі бір бөліктерін» көре алады, соның ішінде Ориентале бассейнінің елеулі бөлігін де көруге болады.

«Орион» кемесінің тарихы

«Орион» Айдың гравитациялық әсер аймағына енген кезде, ол оның бетінен шамамен 63 000 шақырым, ал Жерден шамамен 232 000 шақырым қашықтықта болған, деп хабарлады NASA.

«Орион» кемесі 1 сәуірде АҚШ-тың шығыс жағалауынан ұшырылған. Бортта NASA астронавттары Рид Уайсмен, Виктор Гловер және Кристина Кук, сондай-ақ Канада ғарыш агенттігінің астронавты Джереми Хансен бар. Экипаж 10 тәулік ішінде планетамыздың табиғи серігін айналып ұшып, Жерге оралуы керек.

«Артемида-2» миссиясы аясында адамдар 50 жылдан астам уақыттан бері алғаш рет Айға аттанды. Бұл миссия – АҚШ-тың жаңа ай бағдарламасының негізгі бөлігі. Ұшу кезінде астронавтар терең ғарыстағы өмірді қамтамасыз ету жүйесін сынақтан өткізуі тиіс.

Жаңалықтар

Жарнама