Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 сағат бұрын)
Поэзия, сен менімен, егіз бе едің!

Жыл өткен сайын Мұқағали халық ананың жұрегіне жақындай түсіп барады, лапылдай түсіп барады. Атағы жерді жарады. Алыстап бара жатқан жылдар ішінде ақ боз ат мініп астына, ірі ақын кетіп барады. Өксігін байғұс баса алмай, тағдыр тартқан кезеңнен асамын деп - ақ аса алмай бір ақын кетіп барады. 
Т. Молдағалиев
Поэзия, сен менімен, егіз бе едің!
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: ғасырлар тоғысында ғасыр ақыны атанған Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату, сол арқылы олардың бойында поэзия әлеміне, жалпы сөз өнеріне деген сүйіспеншілікті берік қалыптастыру.
Дамытушылық: Оқушының сөз мәдениеті дұрыс меңгеріп, жырларды мәнерлеп оқуға, өленді өміріне серік еткен ақынға еліктеп ақынжанды болып өсуіне кең жол ашу, рухани танымын кеңейту.
Тәрбиелік: Туған халқының талантты ақынына, әдебиетіне, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін оятып, адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, ақынның суреттері, өмірбаяны,
естеліктері бейнеленген слайдтар, буклет.
Жоспары
1. Мұқағали өміріне шолу
2. Жырлары
3. Әндерін тыңдау
4. Сұрақ - жауап
1 - Жүргізуші: Ассалаумағалейкум, құрметті халайық!
Қадірменді жыр сүйер қауым!
Бүгін сіздермен «Поэзия әлемі» әдеби кафесінде бас қосып, қазақтың ақиық ақыны М. Мақатаевтың шығармашылығымен жете таныспақпыз.
Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған «Поэзия, менімен, егіз бе едің!» атты поэзия кешімізге қош келдіңіздер!
Бүгінгі кештің ерекшелігі - алдарыңызға ұсынылған мәзірден қалаған өлеңдеріңізге тапсырыс бере аласыздар.
2 - жүргізуші
Батар күн, келер күн, атар таң, шығар күн
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын.
Осы мен осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен сірә де өлмейтін шығармын.

Өмірім, сірә да, әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап қайтадан тұрармын.

1 - жүргізуші
Бүгін Мұқағали жұлдызы қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып, жанып, жарқырап көрініп тұр. Сұлтанмахмұт, Ілияс, Қасым жұлдыздарындай көзге оттай басылып, ыстық көрінетін ол жұлдызды басқаларының жұлдыздарымен шатастыру мүмкін емес.
Атырауға барсаң да, Арқа мен Алтайға барсаң да алдыңнан Мұқағали шығады, Мұқағали жұлдызы жарқырайды.
 Мұнайшы да Мұқағали әнін салады, балықшы да, малшы да Мұқағали жырымен айта алмай жүрген ойларын жұртқа естіртеді, Катонқарағайда қалған қарындасының сағынышы ма, дауылы Махамбет боп дауыстаған құм Нарындағы ақын жанды бауыры ма, Асан қайғы аруанасының ізінен өнген Шардараның шарқ ұрған шағаласы ма, бұлттары өлең боп құшқан Оқжетпестің көк тасты қиясындағы қарағайы, әйтеуір бәрі Мұқағали болып сөйлейді, Мұқағали болып ән салады.
Бұл – қапас қуыста демің тарылғанда төбедегі нүктедей тынысыңды кеңейтер таза ауа секілді құдірет. Нағыз өнер құдіреті деген осы. Бұл – поэзия құдіреті.

2 - жүргізуші 
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден - деп жырлап өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев тірі болса биыл 86 жасқа толар еді. Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздардың қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтыла түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – шынымен бақытты халық.
(Ақын өмірі туралы слайд көрсетіліп жатады) 

1 - жүргізуші
 М. Мақатаев Алматы облысы, Райымбек ауданында, Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген. Мұқағалидің азан шақырып қойған толық аты – Мұқаметқали. «Пайғамбардың атын түгел айту балаға ауыр болады», - деп еркелетіп, қысқартып Мұқағали деп атап кеткен. Ақын 10 жасынан бастап өлең жаза бастайды. Мұқағали ағамыз орта мектепті бітірген соң, ауылдың хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол комитетінде болып, 1949 жылы Лашын апамызбен өз отбасын құрды. Одан соң дүниеге Алмагүл, Шолпан атты екі қызы, Айбар, Жұлдыз атты ұлдары келді. Ал, Майгүл есімді қызы 10 жасында қайғылы қазаға ұшырап, Мұқағали ағамыздың қабырғасын қайыстырды.
 Ақынның шығармалары негізінен елге, туған халқына деген сүйіспеншілігін, махаббатын, өмірге деген құштарлығын жырлауға арналған. Көптеген өлеңдеріне ән де шығарылды. Көптеген жинақтарын оқырман қауымға ұсынды: «Армысыңдар достар», «Шуағым менің», «Аққулар ұйықтағанда», «Дариға жүрек», «Өмір дастан», «Өмір - өзен». Бүгінде ақынның өлеңдері поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды. Хан тәңірдің биік шоқтығындай болған ақын өлеңдеріне кезек берейік.
  Дантенің, Шекспирдің шығармаларын қазақ тілінде аударған ақиық ақынымыз 1976 жылы 27 наурызда өмірден өтті
(«Менің анкетам» өлеңі оқылады).
2 - жүргізуші
 Поэзия, менімен егіз бе едің – деп ақын өзі жырлағандай, М. Мақатаев өлең жазып қана қоймай, өз өлеңдерін шебер оқи алған ақын. Ол біраз уақыт Қазақ радиосында диктор болып та қызмет етеді. Оның дауыс ерекшклігін, оқу мәнерін қазақтың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаев жоғары бағалап, өз қол астына алады. Ендеше ақынның өз дауысын естіп көрейік. (Мұқағалидың өзінің орындауындағы жырларын тыңдау - видеоролик)
2 - жүргізуші: 
Күй ойнайды қазағымның қанында,
Күй ойнайды қазағымның жанында,
Жүрегімнің, жүрегімнің дүрсілі
Күмбірлеген домбырасы барында

1 - жүргізуші:
Домбыра, жүрегіммен үндес едің,
Өзіңмен сырласымдай тілдесемін,
Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,
өмірдің не екенін білмес едім - дей келе қазағымыздың қара домбырасына кезек берелік. Күй «Салтанат»- Қыдырәлі
Ілиястың орындауында -------------------------
1 - жүргізуші:
Жыр кеңістігі – шексіз, ал сен дарасың,
Ғасырыңды жырлап өткен данасың.
Табындырып,, сағындырып біздерді.
  Хантәңіріндей биіктеп сен барасың, - деп жырлап ақынның өлеңдеріне кезек берейін
Нұртілеу «Шын ғашықпын»
Расул «Хантәңірі»
Зарина «Өмір»
Жанар «Тілектеске»
2 - жүргізуші:
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
 Әнді сүйсең, менше сүй» деп Абай атамыз айтқандай келесі кезекті Мұқағали атамыздың өлеңдеріне жазылған әсем әндерге берейік. Мұқағалидың өмірдегі ең соңғы өлеңі, елімен, жерімен қоштасуы «Есіңе мені алғайсың». Қазақ теле - радио бейнеқорынан алынған, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, өмірден ерте өткен әнші Мадина Ералиеваның орындауында «Есіңе мені алғайсың»әнін тыңдайық.
Айбике «Мен сені сағынғанда»
Мади «Үш бақытым»
Батыр - Зарина «Махаббат диалогы»
Нұршат «Таудай болғым келеді»
Бақдәулет «Қарасаз»
Сабира «Майгүліме»


 

1 - жүргізуші: Уақыт көші жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың бізге беймәлім құпиясы күрделі де сырлы қалпынан жазбай, асқақтай түспесе, «бәрін білдік, түйдік» деп есептеуге әуес пенделік санаға сыятын түрі жоқ.
Ендігі кезекті қонақтарымызға беріп көрелік.
Олар ақын туралы не біледі, және осы кештен не түйді екен?!
2 - жүргізуші: Дұрыс айтасың. Ендеше сіздерге ақын өмірі туралы «Білгенге маржан» айдарынан сұрақтар қоямыз
1. Мұқағали қай жылы, қай айда дүниеге келді? (1931 жылы, 9 ақпан)
2. Ақынның өлеңіне жазылған бір әнді орындап бере аласыз ба?
3. Мұқағалидың шын есімі кім? (Мұқаметқали)
4. Мұқағалидың ұрпақтары кімдер? (Екі ұлы – Айбар, Жұлдыз. Қыздары – Алмагүл, Шолпан, Майгүл, Ләззат).
5. Ақын қай желерде білім алған? ( Алматы шет тілдер институтының неміс тілі, Қаз МҰУ - дың филолгия факультетінде, Мәскеуде М. Горький ат. Әлем әдебиеті институтында білім алады.)
6. Мұқағали қазақтың қай ақын қызына арнап өлең шығарды? («Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» өлеңі, Ф. Оңғарсынова)
7. М. Мақатаев кімдердің шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті? (Данте, Уитмен, Шекспир)
8. Ақынның үш бақыты? (Халқы, тілі, Отаны)
9.. Мақатаевтың «Саржайлау» өлеңіне ән жазған композитор? (Н. Тілендиев)
10. Мұқағали үшін ең биік шың? (Хантәңірі)
Жауаптарыңызға рахмет, осы кештен Мұқағали туралы білімімізді кеңейтік деп ойлаймын.
2 жүргізуші: Ақын жүрегі сезімтал ғой. Көзі тірісінде «Жазылар естеліктер мен туралы» деп аз ғұмырының мәңгіліктеп жалғасатынын дөп басып айтуы көрегенділік. Иә, уақыт өткен сайын Мұқағали ақынның тұлғасы дараланып, биіктеп бара жатқаны ақиқат. Оның поэзиясы – халық байлығы.
Сөз соңында, әрқашан ақынды еске алып, жырларын оқи жүрейік дей отырып, кешімізді ақиық ақынымыздың әндерін караокеде орындайық...
(«Сәби болғым келеді», «Сенің көзің» бейнероликтен көрсетіледі).
1 - жүргізуші: Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп - көп рақмет! Бүгінгі поэзия кешіне қатысқан барлық оқушыларға алғысымызды білдіреміз. Хош сау, болыңыздар!
Сөз кезегін ------------------------------------------------------------------------- береміз

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама