Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 29 сәу. 2026 12:01
- 24
«Қайран 37 жыл»: Белсенді ұстаздарға қылмыстық іс қозғау ұсынылды
Қоғам белсендісі Нұржан Жолдыбекұлы, білім саласы мамандарының мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған ашық хатына қатысты алаңдаушылық білдірді. Ол мұғалімдердің әкімдіктердің аудандық білім бөлімдерін беру туралы заң нормасына қарсы шыққан әрекетін сынға алып, оларға ескерту жасауды, ал ескертуге құлақ аспаса, қылмыстық іс қозғауды ұсынды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұғалімдердің үндеуіне алаңдаушылық
Білім саласының мамандары өткен аптада депутаттардың «Аудандық білім бөлімдерін әкімдіктерге беру» туралы заң нормасына қатысты қарсылықтарын білдіріп, мәселеге Президенттің араласуын сұраған болатын. Алайда, Нұржан Жолдыбекұлы бұл үндеуді қоғамның біртұтастығына қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді.
«Қоғамнан бөлініп бара жатқан жоқ па?»
«Мұғалімдер қауымы – діни секталар секілді, қоғамнан бөлініп бара жатқан жоқ па? Өздерін мұғалім санайтын алқалы топ Президент атына күллі мұғалімдер атынан бек үндеу жариялап, мәжіліс депутаттарының «аудандық білім саласы бюджетін аудан әкімшілігіне қайтару» шешіміне қарсы – «мұғалім қолжаулық емес» деген негізсіз ұран айтып – шырғалаң туғызуда», – дейді ол.
Қоғам белсендісі бұл мәселеге ҚР Бас прокуратурасы баға беруі тиіс екенін айтып, әрекеттері тоқтамаса, қылмыстық іс қозғау қажеттігін алға тартты. Оның пікірінше, әр саланы «одеялоны өзіне тартуы» мемлекеттің ыдырауына апаратын жол.
Қоғамдағы пікірталас
Нұржан Жолдыбекұлының бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, әртүрлі пікірлер тудырды. «Зияткер ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы «Қайрат 37 жыл» деп жазса, желі қолданушысы Есболат Өмірзақ: «Мұғалімдерді қоғамнан бөлініп, діни секталар сияқты болып кетті дейсіз бе?! Бұдан артық сорақылықты көрмедім! 37-жыл құсатып, «халық жауларын» іздеп кеткен сияқтысыз ғой!» деп пікір білдірген.