Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қама десе қамай салады

Ортасында үшқаттан ғана жасалған болар болмас шіркеуі бар есіктес екі бөлменің аядай бірінде жиырма екі жыл бойы тапжылмай бір мекемеде адал қызмет атқарған, от басы жанды-жақты кісі, Айнабеков тұратын. Оның үй жағдайын, бала-шағасының жағдайын көріп көршілері аяп, тіпті қалалық Совет атқару комитетіне, тұрғын үйлер басқармасынан келгендерге талай жүгірген болатын.

Сөйтіп, үй иесі бес-алты баласымен кішкентай қуыста тығылып отырғанда есіктес бөлме босап қалды. Бірақ Алматы қалалық Советіне шағым айтып талай рет барған бұл үйдің адамдары кеңірек пәтер ала алмай әбден жүрегі шайлыққандықтан бұл бір қуыстан да дәметпеді, иектері. қышымады. Бұл бөлме сонымен бос тұра берді.

Бір күні мұнда үй басқарушы Кальницкий келді.

— Осы үйді саған берсем... — дейді ол.

— Берсеңіз жақсы-ақ болар еді!

— Берсем берермін.

Берілетін жалғыз бөлменің құрметіне бір көк мойын ашылып, құйылып, бокалдар сыңғырлап соғысып та қалды. «Өлсең керің кең болсын», — дегендей, Айнабеков аз да болса кеңитініне қуанды. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмей, ол екі жүз грамм арақтан басқа ештеңе ләззат ете алмады. Ал Кальницкий болса шытырлақ қағаздарды сатырлатып санын алуға ыңғайланып дайын-ақ тұр еді. Мұнда оңдай ырым-сырым бола қоймаған соң біраз есек дәмеленіп тұрып, үйдің ол жер, бұл жерін қараған болып әрі-бері жүріп, ақыры есіктен түнеріп шығып кете барды.

Осы бөлме қаңырап бос тұра берді. Арада екі ай етіп, үшінші айдың жүзі болды. Ақша беріп кіретін кісі табылмай Кальницкий сенделді. Содан соң Айнабековтың жолдасы Дүрия «бала-шағасының барлығын, үйінің тарлығын айтып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумынан осы үйге орналасуға рұқсат алды. Ақыры өткен жылдың 16-сәуірі күні осы үйге Айнабековтар орналасты. Көршілері «қайырлы қоныс» айтысты. Жаман да болса, бұрынғыдан кеңейіп, бүгілген тізе жазылып, аяқ кесілуге келді.

Ертеңіне осында қалалық тұрған үйлер басқармасының инспекторы келді. Әрине, жай келген жоқ. Аузы көпіріп, шашы үрпиіп, көзі шадырайып ашулана келді.

— Айтқаным айтқан, дегенім деген. Саған үйді бермен, — деді Мерин.

— Біз де совет семьясымыз, шиеттей бала-шаға мынау, жағдайды көріп тұрсыз... — дейді Айнабекова.

— Міне, саған бала-шаға!

Мерин Айнабековаға бірден жұдырық жұмсады. Танба да түсірді. Көре тұрып Кальницкий араша түспеді. Қайтып ара түссін, бұл бөлмеге ақша беріп кірер біреуді өліп-талып жаңа тауып келгенде үйге кіріп алыпты. Аузы арақтан, қалтасы ақшадан қағылайын деп тұр. Сөйтіп, қара жүрек Мерин Айнабекованы таяққа жығып шыға берді.

Сағат күндізгі онның көзі, қаладағы Ленин аудандық. прокурорының орынбасары Литус ашуланып отыр, көпіріп, көтеріліп сөйлеп отыр: «Тоқсанымыз жиналып тоқты жыққан батырмыз» деп, бәріңнің шамаң бір адамға келмейді. Неге қорқасыңдар. Барыңдар да қамап тастаңдар. Үйді босатыңдар. Өңшең қоян жүрек қорқақтар! Заң деген міне Біздің қолда. Күш керек пе, милиция да біздің қолда. Нұсқау берер мен болам!

Өздері таппай жүрген парақорлар бұл іліп ала жөнелді. Олар тура тартып қаладағы милицияның 2бөліміне келді. Милиция бастығы Қалмақов екі қызметкерін қосып берді. Айнабеков таңертең-ақ қызметке кеткен. Балалары оқуда. Үйде науқас баласымен ана отыр. Кенет қағылған соң ол сескенгендей есікті ашып жіберсе, үйге бір топ адам cay ете түсті. Түстері сұсты. Маңғазданып Мерин тұр. Күшімді көрдің бе дегендей, Кальницкий көрінеді.

— Сізге басқа үй беретін болдық. Соны көрсеңіз!

— Көрейік, үйде адам жоқ. Олар келген соң барайын.

— Қазір жүр деген соң, жүріңіз.

Осы жерде сөзге милиционер араласып әй-шайға қарамай, «сөзсіз жүресінін» айтып салды. Милициядан келген Мақажанов сездің жөнін ұқпайтынын аңғартты. Олар Айнабекованы үйден сүйреп шықты. Ол қалай қатал келмесін, анау-мынау емес, жарлықты прокурордың орынбасары Литус берді, қала берсе Қалмақов бар. Тіпті сол екі бастығы сияқты мұның өзі кейде дұрыс нәрсені бұрысқа шығара салуға да құмар. Дұрыс сөз айтсақ теріс қарайды. Жалынсаң жындана түседі, аспанға қарап паңдана түседі. Ақыры Айнабекованы дедектетіп алып жөнелді. Ауру жас бала төсекте жылап қала берді.

Қылмыссыз адам милицияның 2-бөліміне әкелінді. Айнабекованың арызы тыңдалмады. Қамай сал деп бұйырды Литус. Мақажанов қамай салды. Онымен қойған жоқ.

— Саған үй осы, — деп есікті тарс жапты... Жуаннан жуан шықса екі кезің сонда шығар деген осы болды.

Айнабекова жазықсыз «жазасын» өтеп отырғанда, оның үйіне жалғыз басты бір әйелді көшіріп, Кальницкий келді. Көршілер оны жібермей көп қарысты. Ары тарт, бері тартпен есіктің босағасы соққыланып, маңдайшасы босай бастады. Үйдегі ауру жас сәбидің жаны мұрнының ұшына келіп, төсек астына тығылды. Есіктің кілті бұзылып ашылды, Үйдегі дүние тасылып, әлдеқайда әкетіліп жатты... Есік алдына тасталған, үйілген мүлік қараусыз, ұстағанның қолында кетті. Түн ортасы болғанша үй ашық-тесік тұрды. Үйде жас бала жылап, далада оқудан келген балалар шулап азан-қазан болды. Үй ішінің астан-кестеңі шықты. Әділетсіздікті айтып көршілер тағы да жан-жаққа жүгірісті. Ақыры көптің сөзін тыңдаған адам болмады... Ордерсіз әйел тайтаңдай басып жүріп жатты. Оның жөні де бар екен, ол Литустың ілік-шатысты адамы болып шықты. Оны білген көршілер қатты даурығысты.

Түн ортасында «жазасын» өтеп жеңгеңіз келді. Үйдегі қалған-құтқанды жинастырды. Түрі кетіп, түсі қашқан балаларын көрді. Көп дүние жоқ болып шықты. Тоғыз ай отырған үйге тоқтам болмай тағы кетті. Іс сотта.

Сот билігі қалай шығады деседі жұрт. Әрине заңда көрсетілгеніндей де! Мерин мен Кальницкийдің қанжығасында кеткен қол шоқпарларға жоғалған дүниенің құнын төле дейді. Совет милициясын жеке адамның қол шоқпарына айналдырған, сөйтіп оны құбыжық етіп көрсеткен кейбір қызметкерлерге қатаң шара көрсетілсін дейді. Совет заңын бұрмалаушылар заң айналасынан кетсін дейді. Солай болмағанда қалай болмақ!?

1954.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама