Сыйынғанынан сүйгені күшті
Қай тексеруді алсаңыз да Адықтовтың сопаң-сопаң етіп шыға келген заңсыз істерін көресіз. Павлодар облыстық финанс бөлімінің Баянауыл аудандық бюджетін тексерген ақтысын қарасаңыз соңғы төрт жылда Адықовтың финанс, смета тәртібін бұзбаған кезін көре алмайсыз. Бірақ тексеру қорытындыларында ұзынды-қысқалы ақтыларда батыл-батыл сындар айтылып, түрлі-түрлі тәртіп бұзушылық көрсетілгенмен қорытынды жылбырап, бірақ түрлі болып шығады да тұрады. Рас, алдымен ақырын сөгіс, екіншіде қатты сөгіс болып о баста бір аталғанымен, кейін сөгіс дегеніңіз Адықов жанына майдай жағатын, ашуы жұмсақ, үйреншікті әдет болып алды. Тоқсан тексеру келіп, тоқсан түрлі үкім айтқанмен баяғы Адықов аман сау, жылмиып шыға берді. Әрине, ол сөгістер Адықов жүрегін шамадан тыс соққыза да алмайды. Ертеңіне жолдастарына:
— Сонау Баян тауының басында қасқайып тұрған қара жартасты көріп пе едің? Ол жүздеген, тіпті әлденеше мыңдаған жыл тұрған шығар. Міне, мына алдыңыздағы пақырың да нақ сондай, қара орнынан тапжылмайтын қара жартас. Облыстық финанс бөлімі қанша бұйрық жазып, қанша сөгіс беріп, қақыратып тастаса да алдындағы Адықов ағаң яғни мына мен әлі ондаған жылдар жылжымай отыра беремін, — деп есіп отырғанын кездестіреміз.
Өткен жылдың маусымында Адықовқа бір тықыр таялды. Республика финанс министрі Ө. Атамбаев жолдас Павлодарға келді. Ол өткізілген кеңесте Адықовтың былығын білді. Ауданда ауылшаруашылық өнімдеріне есептелген жоспардың атымен орындалмай отырғанын көрді. Министр алды-артын байқап келе оны орнынан алу керек деген қорытындыға келді. Бірақ министр ауданға келгенде жағдай түлкішіктей құлпырып, мүлдем басқаша болып шықты. Ауданға белгіленген жоспар айтқаны айтқандай, дегені дегендей, цифр атаулыңыз сап түзеп орындалып қалыпты.
Облыстағылар ескі есепті ұстап, министрді адастырып отыр деп Адықов күйіп-пісті. Министр ойланып қалды. Бірақ су жұқпас қу бұл жолы да министрді алдаумен шығарып салып еді. Осының артынан қайта тексеру болып жоспардың. орындалмағандығы қайта жария етілді.
Тамылжыған тамыздың жиырма бесі күні облыстық финанс бөлімінің аудандық ақша бөлімінің жұмысындағы елеулі кемшіліктері, бюджетті мекемелерде финанс тәртібін өрескел бұзғаны, бюджет жобасын жасауда формализмге жол бергендігі, экономикалық және бақылау жұмыстарының атымен жоқтығы, соның салдарынан бюджетті мекемелерде 121 мың сомның артық шығын болғандығы және 98 мың сомның заңсыз жұмсалып кеткендігі, үшін Адықовты орнынан алған бұйрығы жарық көрді. Міне, сөйтіп тапжылмайтын, атамзаманғы қара жартас қожағайдай былқылдап, қозғалатыны белгілі болып еді.
— Осы жолы кеткен-ақ шығарсың! — десті естігендер.
Сөйтіп облыстық финанс бөлімі Баянауылға істі өткізіп алу үшін жана финанс бөлімінің меңгерушісін де жіберді. Бірақ «үйдегі ойды базардағы нарық бұзар» дегендей қара жартас қасқайып қала берді. Аудан ағасы Муринге жаңа меңгеруші бір көргеннен-ақ ұнамай қалды. Қалай ұнасын? Егер бұл да Адықов сияқты айтқаннан шықпайтын, бастықтар алдында «ләппайдан» басқа сөз айтпайтын, маржан томпай болып шықса бір қаныбет. Егер олай болмай, «ойбай бүйтсек заң бұзылады» деп ертең айғайлап, жағадан алып шыға келетін, статья санаған бір көкайыл болса, пәле емес пе! Сондықтан ауданның екі бастығы кеше ғана Адықовты орнынан алуға келісім берсе де, бүгін үлкен басымызға ұят демей-ақ айнып шыға келді. «Адықовты орнынан алғандай себеп жоқ Балташев жолдас бара беріңіз», — деді. Сонымен Мурин Адықов үшін салауатты адам болды да, облыстық финанс бөлімінің меңгерушісі жексұрын болып, өз бұйрығымен тақырға отырып қалды. Ал ауданның екі басшысы неге аяқ астынан өзгеріп сала берді, дейсіз ғой өйткені Адықов барда оларды.ң да өз есептері түгел еді, айтқандары екі болмайды, заңсыз болса да, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Бұдан кейін Адықовты қозғап көріңіз!
Бұрнағы жылы Баянауыл ауаткомы қаулы алды. Онда аудандық коммуналдық-шаруашылық бөлімі жыл сайын тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге бөлінген қаржыны орнымен жұмсамайтындығын, көбінесе тек ұсақ-түйек жөндеу ғана болатынын, соның салдарынан көп үйлер құлап кетейін деп, зорға ілініп тұрғанын, сондықтан бұл үйлерге қысқа қарай тұрғындарды қалдыруға болмайтынын атап көрсетіп еді. Атқару комитет үйлерді күрделі жөндеуге жоспарланған 42,3 мың сом бұған жеткіліксіз, сондықтан жол мен көпірлерді жөндеуге бөлінген қаржыдан тағы да үйлерді жөндеуге 50 мың сом босатылсын делінді.
— Енді бір бүтінделетін шығармыз, — десті баянауылдықтар. Ойбүй! Не деп отырсыз!? Қобырайтқан 92,3 мың сом зым-зия болды. Сөйтсек өтірігі бар, расы бар аупартком секретары отырған сандай бүтін, дүмбірлеп тұрған үйді 41,2 мың сомға жөндепті. Одан аупарткомның екінші секретарь қалсын ба, оған 16,3 мың сом, ал аудан қожасы Муриннің үйі 22,3 мың сомға жөнделіп, қалған 12,5 мың сом аудандық коммуналдық-шаруашылық бөлімінің шаштаразының қоймасын жөндеуге кетіпті. Шіркін, ақша деген немеде кез бар ма! Осындаймен-ақ бітіп қалды.
Аудан ағасы Муринның үйіне әшкейлі әдемі әйнектермен айбан салынды, тоғыз мың сомға өрнекті-көрнекті линолиум еден төселді. Осының бәрін Адықов біліп отырып үндемей қала берді. Әзушайтан Адықов болмасын ше, ондай ақшаны қайдан алар екен?! Амал нешік, ақта осылай ада болған соң 1 май көшесіндегі № 16 төпесі түсіп кеткен, құлайын деп тұрған Құтбеков отырған үй, Октябрь көшесіндегі төбесінен тамшы сылпылдап, шатыры атымен жұлынған № 16 үй, кәп балалы Рахметов тұратын Созет көшесіндегі 42-үй, тағы басқа тесік еденді, түтін шықпас Қожанасыр моласындай қисайған талай үй жайына қалды. Көрдіңіз бе, бұдан кейін Мурин Адықовтан өлсе айырылар ма! Муриндер осы шоқырақтан әлі де қанған жоқ, Адықовты салмақтап отыр. Соңдықтан да ол орнынан тапжылмайды. Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болсын деген осы екен.
1957.