- 27 там. 2019 00:00
- 216
Қашаған би
Қашаған Әуелұлы 1820-1905 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Ұлы жүз Бәйдібек бабаның Албан, оның ішінде Қызылбөрік аталығынан шыққан атақты шешен би.
Қызылбөрік Мақсұт Қашағаннан:
— Елдің бірлігі неден бұзылады? — деп сұрайды.
— Өсек пен көре алмаушылықтан — деп жауап беріпті би.
***
Орман батыр бірде Қашағаннан:
— Қарадан хан туа ма? — деп сұрайды.
— Ешкім анадан хан болып тумайды.
Хан болу адамның даналығында — деп жауап беріпті Қашаған би.
***
Бірде бір атақты бай:
— Қашекем, армандамайтын адам бола ма? — дегенде:
— Армандамайтын адам жоқ. Қолы жетпейтінді армандағанша, еңбегіңмен жететінді армандап, зейнетін көрген жақсы — депті.
***
Орман шешен Қашаған биден:
— Қашекем кімді пір тұтасыз? — депті.
— Анам мен әкемді, елім мен жерімді пір тұтамын — депті.
***
Бірде Сырлыбай датқа Қашаған биде қонақта отырып:
— Дүниеде не жаман? — деп сұраған екен. Қашаған би:
— Ынтымағы жоқ ел жаман. Бәрінен де халыққа қадірсіз болған сол жаман — дейді Қашаған.
***
Қашағанның қартайған шағында Солтанбек болыс биден:
— Еліңізге болашақта не тілер едіңіз? — дегенде би:
— Абылайдан бірлігі болса, Райымбектей қорғаны болса, Төле бидей ғұламасы болса, бейбіт өмір тірлігі болса, құдайдан осыны тілер едім — депті.