- 20 қаз. 2017 00:00
- 224
Қазақстанда нақты ғылымдар саласы тек ағылшын тілінде сөйлейді
Қазақстанда біртіндеп қолданбалы ғылым саласының барлығы ағылшын тіліне аударылмақ.
«Бізді келешекте не күтіп тұр? Алдағы кезеңде саты-саты бойынша қолданбалы ғылым түрлерінің барлығы ағылшын тіліне аударылады. Бұл Білім және ғылым министрлігінің емес, уақыттың талабы. Барлық мемлекеттік гранттар, барлық сараптама жұмыстары ағылшын тілінде болады», - деп мәлімдеді ҚР БҒМ вице-министрі Асланбек Амрин «Ғылым мен бизнесті біріктіру құралы ретінде технологияларды коммерцияландыру» форумында.
Вице-министр ғалымдардың ағылшын тілін білуі керектігін атап өтті.
«Біз тек қана қолданбалы ғылым саласы туралы айтып отырмыз. Мәліметтерге сәйкес, қолданбалы ғылым саласындағы ғалымдардың көбі ағылшын тілін меңгерген. Өйткені бұл жаратылыстану ғылымы. Әлемдегі ғалымдар халықаралық форумдарда ағылшын тілінде сөйлейді. Сондықтан, ерте ме, кеш пе біз де осыған келеміз. Дайын болыңыздар. Түркия, Малайзия, Германия елдерінде техникалық мамандық бойынша оқытулар мен зерттеулер ағылшынша өтеді. Біз де осы тәжірибені енгіземіз», - дейді ол.
Сонымен қатар, 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі халықаралық дәрежеде жұмыс барысын кеңейтіп, қазақстандық ғалымдарды шетелге жібермек.
«Бұл не үшін жасалып отыр? Біз ғалымдарымыздың еркіндік қағидаты болғанын қалаймыз. Егер біздің ғалымдарға экспериминтальды ғылыммен айналысуы керек болса, оның сол сала зерттелетін елге баруына құқығы болып, сол тәжірибені Қазақстанға әкелуі керек. Біз бұл жұмысты келесі жылы бастаймыз. Алдын ала келіссөздерді жүргіздік. Шетелдік серіктестер тарапынан ортақ дайындық бар», - дейді вице-министр.
ҚазАқпарат